Кітап

Редакция жыл басында қағаз алады. Ксерокс қағазы. Компьютерге қажет. Түскі үзіліске шықсам, сатып алған сол қағаздарды «Орталықтың» жас жігіттері кіргізіп жатыр екен. Іштеріндегі талдырмашы Рауанның екі қолында екі пачка қағаз.

– Ауыр ма? – деп сұрақ қойдым.

– Иә, аға, ауыр-ақ, – деді Рауан.

– Бұл ақ қағаз. Кітапқа айналса одан да ауыр болады, – деп жүріп кеттім. …

СССР кезінде кітап, оның ішінде қолға түсе бермейтіндерін жинап, полкаларға қалап қою сән болатын. Көбі оқитын, оқымайтындары да бар болатын. Қарағандыда үйдегі кітапханасы бай екі адам болды. Бірі – Жайық Бектұров, екіншісі – Рамазан Сағымбеков ағамыз. Редакторлардың редакторлары атанған Рахаң ұстазымыз керемет кітапқұмар еді. Н.Әбдіров көшесіндегі үйіне бара қалғанда кең бөлмедегі кабинетінің үш қабырғасы еденнен төбеге шейін кітапқа иін тіресіп тұратын. Тамсана қараймыз. Сол ағамыз зейнет жасына шығып, денсаулығына орай Қарқаралыға көшті. Редакцияның жастары – осы Айқын Несіпбай бастаған жастар жабылып кеттік. Қабырғадағы кітаптарды тиегенше діңкелеуге айналдық. Үшінші қабырғадағы кітап күтіп тұр

– Ә, ұлдар қалай екен? Дүниеде кітаптан ауыр дүние жоқ, – деген Рамазан ағамыздың осы сөзі ойыма оралды кейін.

Біздің балалық, жастық шағымыз теледидарсыз, компьютерсіз өтті. Ауылға айына бір рет автоклуб келсе, үлкен-кіші кино көріп, бір жасап қалады. Әйтеуір радио тыңдаймыз. Хат таныған бетте ауыл кітапханасына бас қойдық. Оқымайтынымыз жоқ. Балалар арасында кітап оқудан жарысамыз. Оқығанымызды кім бұрын қайыра әңгімелеп берсе, бәйгеден келгендей біразға шейін лепіріп жүретінбіз. Қазақ жазушыларын тауысқан соң шетел классиктерін кеміре бастадық. Көбін онша түсіне бермейміз. Онда шаруамыз қанша?! Кітап оқу жарысынан алдыңа жан салмау керек. Ұмытпасам, 5-6 класта болу керек Сервантестің қалыңдығы кірпіштей «Дон Кихотын» оқып шығып, жел диірменмен соғысқан серіні, Санчо Пансосын оншақты күн әңгімелеп, өзім құралпы қарадомалақтардан айдыным бір асқан. Сол кезде қазақшаға аударылған екен. Кейін ҚазМУ-дің журналистика факультетінде шетел әдебиеті сабағында осы бала күнгі кітапқұмарлығым кәдеге жарады. Шетел классиктерінің шығармаларын талдай алмасам да, мазмұнына жетік болдым.

Кітаптың аты – кітап. Салмағынан жер қайысатын Ұлы Абайдың ғұмырнамасын таңбалаған «Абай жолы» эпопеясын, Ұлы Хакімнің қорғасындай даналықтарын да кітап көтеріп тұр. Әлемде кітапқа айналған жазушының шығармасы арқылы аты жер жарған ғимараттар бар. Соның ішіндегі атақтысы – күні кеше ғана өртенген Париждегі «Париж Құдай анасының соборы» шығармасы. Еуропада мұндай ғимараттар көп. Бірақ, атын шығарып жіберген Виктор Гюгоның осы аттас романы. Бас кейіпкері Квазимоданы бүгінгі кибертехниканың құлағында ойнайтын ұрпақ пайдаланып отыр. В.Гюго суреттеген Квазимода не адамға, не хайуанға келмейді. Сол сияқты қазір қолданып жүрген «квазимемлекеттік» термин осы шығармадан алынған. Яғни, не мемлекеттік емес, не жекеменшік емес.

Зады, қағаздың, кітаптың Рамазан ағамыз айтқандай ауыр болатыны – онда қасиетті Құран, адамзат абыздары мен даналарының сөздері, адамға қара танытатын әліппе таңбаланды. Көк түріктер ең ауыр тасты кітапқа пайдаланған. Тәңірі қолдап, оны да оқып отырмыз.

Кітап оқыған кем болмайды!!!

Мағауия СЕМБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері