«Кітап ұрлайтын» ұрпақ керек…

Ежелгі Қытайда кітап ұрлаған адамды соттамайтын, жазаға тартпайтын болыпты. Бір қызығы, «күні бүгінге дейін не ұрласа да қатаң жазалап, бармағын шауып тастайтын ол елде қалайша кітап ұрлығына жаза қолданбады екен» деген ой туады. Сөйтсек, оның себе­бі Қытай халқының «кітап ұрлығы – білімге деген құштарлық» деген сенімінде жатса керек. Осындай құштарлық, кітап оқудан жарысқа түсу кезеңін біз кеңестік кезде бастан өткеріппіз. Ол кезде жас-кәрі оқыған кітабының санын айтып сайысып, мазмұнын айтып тартысқан. Сөйткен елдің қазіргі ұрпағы кітапты сонша құмарланып, тіпті ұрлап оқитындай халде ме? Таяуда сәті түсіп «Алматыкітап» баспасының вице-президенті Бүбіхан Шәкиевамен әңгімелесіп қалдық. Сон­да­ғы өрбіген әңгімеден түйген түйін мынадай болды. 

Қазақта «bestseller» қалыптасты ма?

Көкейге келген алғашқы сауал осы болды. Себебі Джоанна Роулинг секілді авторлар бір ғана «Гарри Поттермен» әлемді өзіне қаратып, миллионерді былай қойып, миллиардерге айналған мына заманда кітап нарығындағы басты әңгіме осы «bestseller» болды. Бүбіхан апаймен әңгімеден ұққанымыз, қазақ кітап базарында ең сұранысқа ие кітаптар күні кеше ғана арамыздан кеткен, этнограф қарт Сейіт Кенжеахметтің еңбектері екен. Тіпті халықтың әл-ауқаты қазіргіден әлдеқайда төмен сонау бір кездердің өзінде ол кісінің кітаптары әрқайсысы 15 мың тиражбен шығып, ешбірі дүкен сөрелерінде жатып қалмаған. Сондай-ақ қазір сұмдық сұранысқа ие кітап – Қ.Исабаевтың саятшылық жайлы жазылған еңбегі. Алматы облысына даңқы шыққан, әлі де өз тұғырындағы Жалайыр Шоралардың тегінен болып келетін жас ғалым еңбегі бүгінде тек өз елімізде ғана емес, халықаралық кітап көрмесінде ең жоғары бағаға ие болған. Қысқасын айтқанда, қазақ оқырмандары бүгінде өз ұлттық салт-дәстүрімізді тануға кіріскенге ұқсайды.

«Шинель киген қазақ кітабы, шапан киіп өзіне қайтып жатыр»…

Бүгінде баспа ісі – кешегіден көшілгері. Себебі, біріншіден, бұл салада ең негізгі құндылық – еркіндік бар. Баспаның бәрі жекеменшік және олар нарықты те­рең меңгерген. Бұрын тек жоспарлы түрде баса бер­се, бүгінде ешбір баспа дүкен сөресінде жататын кітап шы­ғарып, ұтылғысы келмейді.
Сондай-ақ қазір баспа ісінде дизайнер­лер жұмысы жақсарып, қазақ кітабы ұлттық нақышта безендірілуге мол мүмкін­дік алған. Кезінде мұқабаны қазақша безендірудің өзі арман болғанын ескерсек, бұл – үлкен жетістік, Тәуелсіздіктің жемісі екенін ұғынар едік. Сондай-ақ қазір баспа ісінің техникалық, технологиялық базасы­ның нығайғаны сондай, бұрын жылдап жататын туынды, қазір ай толмай шығуы әбден мүмкін. Сапаның артқаны, айтпай-ақ түсінікті. Соның ішінде фотосурет сапа­сы: баяғыдай әуесқой фотографтың су­ретін бүгінгі кітап менсінбейді де.

Қазақ баспа ісінде бәсеке бар ма?

Бұрындары сапа түгіл, сан жағынан қуанта алмайтын қазақ баспа нарығының басты құндылығы не дейсіз ғой? Ол – бәсеке! Әсіресе, оқулықтар саласында бәсекенің мықтап дамығаны сонша, мек­тептер қазір өздеріне ұнайтын бас­па­ны шертіп жүріп таңдайдеы. Сон­дық­тан баспалар осы ретте бар күшін са­лып, оқулық сапасын арттыруға көшкен. Бірақ… оқулықты былай қоя тұрып, жал­пы кітапқа келгенде, әлі де Ресей баспа өнімдерін нарықтан ысырып тастай ал­май отырсақ керек. Оған ең бі­рінші се­беп – оқырман­дарымыздың қомақты бө­лігінің әлі де болса орыстілді болып отыр­ған­дығында. Бұған тойтарыс беру үшін алдымен мем­лекеттік тіліміздің мәр­тебесін нығай­тып, күшіне ендіріп, сон­дай-ақ өзіміздің ұлттық дүниеле­рімізді жарыққа шығару керек болса, екін­шіден, орыс тіліндегі танымдық кі­тап­тарды аударып басуды шұғыл түрде қолға алу шарт. Әйтпесе қазақ баспа нарығында балаларға арналған та­ным­дық кітаптар жоқтың қасы екен.
– Баспагер ретінде қаншама ғылыми ин­ституттардың есігін қақтым, – дейді Бүбіхан Шәкиева, – автор табу үшін. Тіпті оларға ағылшын, француз авторларының туындыларын көрсеттім де. Ол қандай туындылар десеңіз, айталық, балалардың танымын арттыруға арналған «Чудеса света» деген орыс тіліндегі кітап қазір нарықта керемет сұранысқа ие. Егер осы кітаптың қазақшасын шығарсақ, қазақтың қара домалақтары соны жаппай алатыны­на өз басым кепілдік бере аламын. Ресейде балаларға арналған әр салаға энцикло­пе­диялар, мысалы биология, химия, ма­те­­­матикалық энциклопедиялар көптеп шы­­ғып жатыр, ал бізде әлі күнге бірде-бір са­ла­лық ұлттық энциклопедия жоқ. Осы­дан қанша жыл бұрынғы «Ол кім, бұл не?» мен «Негеш», екеуінен кейін ештеңе шық­паған. Мысалы, ағылшындарда сандар ту­ралы, сол сияқты «Менің денем неден құралған?», «Ақша жайлы әңгімелейік», «Қызықты химия» т.б. керемет қызық кітаптар бар. Қайсысы болсын, балаға қызық, бала түгіл әлгі кітаптардағы дерек­терді өзіміз де білмейміз. Сол сияқты бала­ларды кішкентайынан таза ислам дінін тануға үйрететін кітаптар да бар­шылық. Осындай тың тақырып мол, бірақ игеруші авторлардың табылмай тұрғаны, өкініш­ті!

Қазақ кітабының қаламақысы қалай?

Сенесіз бе, қазіргі кезде кейбір автор­ларға баспалар таласып, қаламақы­сын жоғары қоюдан жарысады екен. Қалам­герлер де қысылтаяң замандағыдай емес, бүгінде баспаның беретін ақшасынан бұ­рын, ұсынатын жұмысының сапасына, ма­мандардың кәсіби деңгейіне көп мән береді. Себебі авторларымыз кітаптың тек 10 пайыз жұмысы өзінікі, яғни, автор – шикізат жеткізуші, ал негізгі 90 пайыз ең­бек, сол шикізатты өнімге айналдыратын баспада екенін жақсы түсінеді. Сондықтан жо­ғары қаламақыдан бұрын, жоғары са­па­лы өнім жасап шығара алатын баспаны таңдайды.

Кітап маманы жеткілікті ме?

Өкінішке қарай, баспа саласында қыз­мет етушілердің көбі – кеңестік кезеңнің ма­мандары екен. Осы орайда көпшілік көкейінде «қазір кітап мамандары даяр­лан­бай жатыр ма?» деген сұрақ тууы заң­ды. Әрине, даярлануда, нақты айтсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің журналистика факуль­тетінде білдей бір баспа ісі кафедрасы баспаның шығармашылық мамандарын, ал техни­калық мамандарды Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық универ­си­теті оқытып жатыр. Алайда сол оқу орын­­дарынан жыл сайын түлеп ұшып жат­қан мамандардың дені баспасөзге, теле­ви­зияға кетеді, жоқ дегенде жарнама са­ласына жұмысқа тұрғысы келеді, кө­ке­­йінде кітап ісіне деген құштарлығы бар­ла­ры кемде-кем. Кітап саласына келіп жат­қандарының өзі жайлы «олар сауатты, грам­матикасы озық болғанымен, баспадан хабары жоқ, себебі оқу орнын бітіргенше бірде-бір рет бізге келіп, тәжірибеден өткен емес» дейді баспагерлер.

Өсер ел басты капиталын балаға құйса керек!..

Өркениетті елдер бұған әлдеқашан кірісіп кеткен. Адам ресурсы – экономи­каның ең тегеурінді күші екенін Жапония­ның озық үлгісі бізге көрсетіп берді емес пе? Бір кездері соғыстан кейін қи­ран­дының ортасында қалған Күншығыс елі бар үміті мен бар жиғанын баласына салғанның арқасында мына бүгінгідей әлем елдерінің көшбасшылық деңгейіне жетіп отыр. Балаға капитал құю дегенді біздің қазекем бағасы қымбат, ақылы, былайша айтқанда, элиталы мектепке бе­ру деп түсінетін сияқ­ты. Ол жерде ба­ла­­сының жылтырып киініп, жарқырап жүр­геніне мәз, ал бір нәрсе алып жатыр ма, ол – одан кейінгі мәселе. Ал негізінде ба­­лаға капитал құю деген – баланы бі­лім­ге құштарландыру, білімнің кені са­налатын кітап оқуға үйрету емес пе? Осы орайда тағы бір өкініштісі, еліміз қай та­қырыпта болсын, егілте, төгілте жазатын қаламгерге кенде емес, әйтсе де, соның ішінде «ең кішкентай оқырманға арнап жазатын автор іздеп табу да бір – сабан арасынан ине іздеу де бір» деседі баспа­герлер қауымы. Балалар әдебиетінің жі­лігін шағып, майын ішкен Ермек Өте­ті­леуов, Ескен Елубаев, сынды бала күннен та­ныс жазушы ағаларымыз бар, бірақ бү­гінде солардың ізбасарлары жоқ. Жас жа­зушысы жоқ елде оның оқыр­маны қа­лай қалыптаспақ? Бұлар – бір-бірімен өте тығыз байланысты жайт­тар.

*Түйін

_ Осы ретте бізге Абайдың «Баланы оқытуды жек көрмедім» деген сөзін басты ұран етіп, оқыту дегенді кітапқа құштарландыру деп түсіну керек секілді. Қазір оған құлшыныс танытып отырған ата-аналар жоқ емес. Астана мен Алматы секілді республикалық маңызы бар қалалардың ата-аналарының осы ретте басты талабы – қазақша кітап. «Баламның тілі қазақша шықсын» дейтін орыстілді қазақтардың ісі кісі сүйсінтерліктей. Ендеше, соларға қызмет ететін авторларға оянбасқа лаж жоқ! Сондай бір оянуға тиіс мамандардың бірі – суретшілер. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан түлеп ұшып жатқан суретшілер саны жыл санап көбейгенімен, соның ішінде балалар басылымын безендіруге баратыны өте аз дейді. «Суретші, қайда барасың?» десе, «жарнамаға барамын» дейтінге ұқсайды. Бәріне бірдей жарнамада орын табыла қойсын ба, сондықтан айтарымыз, балалар баспасында жас суретшіге орын да бар, жап-жақсы жалақы да бар. Тек ұлтқа жанашырлықпен қарайтын суретші жас болса… _

Мәриям ӘБСАТТАР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.