Жаңалықтар

Кісі жалдап қазақша үйретіп жүрген кімдер?

Халықаралық деңгейдегі аса беделді ЮНЕСКО ұйымының ұстанымы бойынша – «20 миллионнан артық адам сөйлемейтін тілдің жойылып кетуі ықтимал» екен. Бұл тізімде қазақ тілі де бар. Қарағандының қазақ мектебінде оқитын қазақ оқушысының өзі орыс тілінің мерейін тасытып, мәртебесін асырып жүрген бүгінгі ахуалға қарағанда, ЮНЕСКО болжамының бекер емес екендігіне күмәніңіз кеми түседі.

Қаламыздағы 80-ге жуық мектептің он шақтысы қазақ мектебі, қалғаны – аралас. Сол қазақ мектептерінде оқитын қазақ балалары бір-бірімен орысша сөйлеседі. Ол аз болғандай, орыс мультфильмін көреді, ағылшын әнін тыңдайды, кәрістің музыкасына билейді. Осыдан шамалай беріңіз тіліміздің жағдайын. Жалпы, тілдердің жоғалуына отаршылдық, бірліктің болмауы, өз тіліне менсінбей қарау, ашаршылық, табиғи апаттар себеп көрінеді. Негізіміз – мықты, тамырымыз терең болса, баламызды балабақшада орыс бөліміне, мектепте орыс сыныбына бермес ек. Сонда негізіміз осал ма? Ойланып көрейікші…

Қазақтың ұл-қыздары, қазақ тілін біле тұра, өзара орысша сөйлеседі. Неге? Себебі, қаланың адамы орысша сөйлеуі керек деп ойлайды. Қазақ тілінде қарымқатынас жасаса заманнан артта қалған адам сезінеді өздерін. Немересін ойнатып отырған әжесі орысша сөйлесіп отырады, өйткені. Ата-аналары да баланың көзінше орысша сөйлеседі. Өз тілінде сөйлеуге намыстанатын отбасылар баршылық. Бұл – Кеңестік дәуірден қалған құлдық сананың әсері. Ой-санамыз әбден шырмалған, әлі бодандықтың ықпалынан азаттығын алып үлгермеген. Тілімізді шұбарлаудың соңы қоғамға келер қатер екендігін түсінгеніміз жөн. Бір-бірімізбен саналы һәм мақсатты тұрғыда қазақша сөйлесейік. Ұрпақтың миын улап жатқан ата-аналар осыны ойлауы тиіс.

Баламыздың достары кім, ортасы қандай? Бұған бас қатырмаймыз да. «Баланың толық, кемел өсуіне үш әсер етуші күш бар. Ортасы, ата-анасы, ұстаздары. Егер балада шикілік болса, осы үшеуінің біреуі дұрыс болмағаны». Ал, Абайдың сөзімен келіспей көріңіз. Достарының бәрі орысша шүлдірлеп тұрса, ол бала қайдан қазақша сөйлесін?! Барлығын балабақшадан бастау керек. Таңдау – өз еркімізде. Қазақ бөліміне берейік. Тәуелсіздік – осы. Өз еліңде тұрып, өз балаңды өзінің ата-бабасының тілінде тәрбиелейтін балабақшаға бере алмау – аянышты, өкінішті ғана емес – қасірет… Балаңызға жаныңыз ашыса, барлық әрекетіңізден қазақылықтың исі аңқып тұрсын. Сатушымен, кондуктормен, күзетшімен, кассирмен, дәрігермен, барлық ел көп жиналатын қоғамдық орындарда балаңыздың көзінше қазақша сөйлесcеңіз – нәтиже болады. Үкіметті кінәлап, ананы-мынаны сылтауратып қажеті жоқ. Бәрі өз қолыңызда, барлығын өзіңізден бастаңыз. Өйткені, бала, айтқанды емес, көргенді істейді. Ұмытпаңыз.

Жапондар балаларына 9 жасқа дейін тек өз тілінде ғана білім беріп, ұлттық құндылықтарын бойына жақсылап сіңіреді екен. Баламен жиі сөйлеседі, еңбекке баулиды. Тек 9 жастан кейін ғана басқа тілдерді үйрете бастайды. Өйткені, барлығы негізге келіп тіреледі. Бала тілі шыға бастағаннан санасы қалыптасқанша қай тілде сөйлеп, қай тілде ойлап, қай тілде білім алса – сол тілдің жемісі. Тілін білмеген бала тарихынан, салт-ғұрпынан, дәстүрлі дүниетанымынан, ұлттық болмысынан қол үзеді. Өз тілін сыйламау, тұтастай ұлтын қадірлемеу қалыпты жағдай сияқты болады оларға. Бұл жайды жапондар басқа елдерден ертерек түйсініп, алдын алуға әлдеқашан кіріскен. Сондықтан да ұлтшыл емес жапонды кездестіру қиын. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан да, Қазақстанды жапон үлгісіндегі дамыған елге айналдыруды бекер армандамаған болар…

Абай «орысша хат таны, ғылымын үйрен» десе, өз тіліңді ұмыт дегені емес. Етек-жеңімізді жинайтын уақыт әлдеқашан туған. Қазақтың тілі, қазақтың ертеңі, қазаққа ғана керек. Бесігінен баба тілінің уызына жарымаған бала, ер жеткенде еліне пайдасын тигізіп жарытпайды. Ана тілін менсінбейтін баладан не үміт, не қайыр? Мәңгүрт бала, ұлттың баласы ма? Түрінің қазақтығы түк емес, тілі, жаны, рухы – жат.

Орысшаны қате айтса күлеміз, мазақ қыламыз. Ал, қазақша білмесе, дұрыс сөйлемесе, еш ерсілігі жоқ. Біздің жеткен жетістігіміз, бүгінгі сықпытымыз осы. Өзбек – өзбекше сөйлейді, грузин – грузинше, әзірбайжан – әзірбайжанша. Өйткені, оларда ұлттық намыс басым. Қаршадайынан солай сіңген саналарына. Мәскеуде көкөніс сатып жүрсе де, өзбек өз тілін қоспаса тұра алмайды. Басын кесіп алсаң да орысша таза сөйлемейді олар. Не деген мықтылық?! Біз де өзге тілдің акцентті нұсқасын қалыптастыруымыз керек. Сонда орысша білмейтін қазақтар, орысша үйренеміз деп талпынбай-ақ қазақ тілінде сөйлеп, тілдің қолданыс аясы кеңейер еді. Өзге тілде акцентпен сөйлегенді жақтап, өз тілінде таза сөйлегенді мақтайтын қоғамдық көзқарас ауадай қажет

Қытайлардың айтуынша, өз тілінде сөйлемейтін бір ғана ұлт – қазақ көрінеді. Масқара! Қарағандыдағы қазақтар баласына кісі жалдап қазақша үйретіп жүр. Ұят емес пе? «Тіл жанашыры» деген сөзді қолдануымызға қарағанда, санамыз әбден уланып, рухымыз езіліп қалған-ау шамасы…

Үйде баламен сөйлеспейміз, уақыт бөлмейміз. Сол немқұрайлылықтың кесірінен олар теледидарға немесе телефонға үңіледі. Әке-шешесі бермеген мейірім мен бөлінбеген көңілді сол жақтан іздейді. Ең болмаса баланың талабын солай қанағаттандырайық. Интернетте қазақша дүниелерді көбейтейік, қызығып көретіндей. Әйтеуір, баланың болашағына, ұлттың болашағына бас қатырмайды екенбіз, бала неге үйір – соны қазақшалайық.

Әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Дүниеде 77 тіл бар, соның ішінде араб тілі – асыл тіл. Өйткені, Құран ғараби, араб тілінде түскен. Екінші асыл тіл – қазақтың тілі. Қазіргі жүрген замандастарымыздың бірде-біреуі қазақ тілін білмейді. Шіркін, білсе ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр», – дейді. Мәшекеңнің дәуірі қазақтың қаймағы бұзылмай, сөз арасы қазіргідей бөтен сөзбен былғанбай тұрған ХІХ ғасыр еді. Сол кездің өзінде Мәшһүр Жүсіп осылай дабыл қақса, қазақ тілін білемін деп жүрген қазіргілерге не дейміз? Қазақ тілінде сөйлесек, көп нәрседен құр қаламыз деп ойлайтын сияқты өзге тілде сайрайтындар. Абыздың бұл сөзіне дәлел, ауыз әдебиетімізде, жыраулар поэзиясы мен классикалық әдебиетімізде тұр. Тәрбие де, тура жол да, терең философия да, романтика да – бәрі бар. Ал, біз өзгенің қаңсығын таңсық көреміз…

Ғайыптан-тайып күллі түрік баласы бір тудың астына жиналса ортақ тіл – қазақ тілі болуы тиіс. Өйткені, айбарлы «Алтын орда» империясының бірден-бір мұрагері, киелі қара шаңырақтың иесі – қазақ халқы! Ендеше, соған лайық болайық!

кетіп бара жатқан тілдердің үштігінде 3-орында небары 200 адам ғана сөйлейтін – Латвиядағы ливон тілі. 2-орында 15 адам сөйлейтін Ресейдегі вод тілі. Бұл тілді қолданатын адамдардың жасы 70-тен асып кеткен. 1-орында бар болғаны 1 адам сөйлейтін Бикья тілі. Оның өзі Камерун мен Нигерияның шекарасында тұратын 87 жастағы қария. Демек, бұл тілдердің ғұмырының таусылғаны…

сөйлейтіндердің саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын болса да, жағдай – осы. Араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, ағылшын тілінде 750 мың сөз, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың сөз екен. Ал, қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарында. Бір сөзді бірнеше баламасымен, көп сөзді – бір-ақ сөзбен суреттеп беруге де шамасы жетеді. Демек, тіліміз бүгін-ертең жойыла қоймас. Алайда, қазақтың санын көбейтуді де ұмытпаған жөн.

Жәлел ШАЛҚАР. Сурет интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Back to top button