Тарих

“Кінәні жүрекке қой, қойма маған!”

Мағжантанудың кейбір мәселелері

Мағжан ақынның алғашқы өлеңнен құрастырылған жинағы 1912 жылы «Шолпан» деген атпен, көлемі 50 бет болып жарық көрді. Татарстан мемлекеттік архивінің 420-қорында Қазанда қазақ тілінде басылып шыққан кітаптар жөнінде цензура құжаттары жеке сақталған. Олардың ішінде,маңызды-ау деп жинаған кейбір деректер мынадай:

Ғалиолла Ғалымжановтың «Есіл жұртым» (1912), Арыстан Берікқалиұлының «Ағын» (1912), Ғ.Жәнібековтің «Балалар бәдуамы» (1912), Мұхаммет-Сәлім Кәшімовтің «Насихат қазақия» (1908), Абдулла Мұштақтың (Ғұмар Қарашұлының лақап аты. – З.Т.) «Қарлығаш», Ишанғалиұлы Бисен Албаншырақтың «Әдебиет өрнегі» (1910), Бекмұхамед Хұсаиновтың «Құтыбхана чурнағы» (Кітапхана бұрышы) (1910), Әділкәрім Мәзитовтің «Қазақ шәкірттеріне ғадия» (1910) деген Қазандағы «Ағайынды Каримовтар» баспаханасынан шыққан кітаптары, Қорабай Жапановтың «Қарлығаш» (1913) өлеңдер жинағы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шығармаларының мазмұны жөніндегі цензура қағаздары жатыр.

Қазан университетінің профессоры, тегі хакас Николай Катанов бастаған цензорлар тобы қазақ тілінде шыққан әрбір кітапты тексеріп, өкімет билігіне, орыс мемлекетінің отаршылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлер іздеген. Әрине, іздеген соң, тапқан. Кесеккесек үзінділер алып, олардың астарындағы ойларды ашып, тіпті, асқындырып дейікші, орысшаға аударған. Осылайша, өздері тапқан «қылмысты» деректерді Петрборға, Ішкі істер министрлігіне тікелей жолдап отырған. Дәлірек айтсақ, нағыз саяси тыңшылық. Ішкі істер министрлігінің баспасөз басқармасы сол аудармаларды Қазандағы жандарм орындарына жіберіп, тиісті кітаптарды таратпау және авторларын қуғындау туралы нұсқау беретін

Ал, енді Мағжанның «Шолпанына» байланысты не тапты екен? Алдын ала айтып қояйын, цензор, шығыстанушы, профессор Н.Катанов – қазақшаға жүйрік, сөз қадірін білетін, астарлы ойларды да аңғарымпаз маман. Ақындықтан да құралақан емес. Күдіктіау деген жолдар мен шумақтарды ұғынықты етіп, жолма-жол орысшаға аударып бере алған. Жақша ішіне кейбір сөздердің астарлы мағынасын да ашып көрсеткен.

Мысалы, Мағжанның 1912 жинағындағы «Жатыр…» деген өлеңнен:

Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр…,
деген екі жол орысшаға былай аударылған:

Широкая земля (казака) что ни день, гибнет
А черная змея всю кровь его (казака) сосет.
Немесе,
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр.
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр .
Орысшасы:
Вчера был цветок – казак во цвете,
А теперь он без воды пожелтел.
Так, маленький казак погибает:
Все время назад, назад шагает,
Не чувствуя, что он так умирает.

«Сорлы қазақ» деп аталатын екінші өлеңнен үкімет саясатына қарсы үгіт салқыны барау деп цензордың үзіп алынған шумақтары:

Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,
Қара күн кеп, тіккен туы жығылып,
Алға баспай, барлық ісі кері кетіп,
Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп,
Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,
Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай,
Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ тек жатыр,
Қанды көзбен екі көзін шылатпай…

Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді!…
Қылыш алып, «надандық» саған кез келді…
Байғұс қазақ бас көтеріп тұрар ма?
Көңілі түсіп, білімге мойын бұрар ма?
Күні туып, оңынан – Күн, солдан – Ай,
Оқуменен жайнатып дүкен құрар ма?

Осы шумақтар да орысшаға жолма-жол аударылып тіркеліпті. (Орысшасы қазіргі қазаққа таңсық емес қой, келтірмей-ақ қояйық.-З.Т.) Ал енді, бір ғажабы, осынау өлең жолдарында азуын айға білеген Ресей империясына қауіп төндірер қандай қатер бар? Ақынның бар жазығы – туған елінің жаңа экономикалық, қоғамдық қатынастарға бейімделуін тілегені, оқу-білімге үндегені.

Бірақ, «тырнақ астынан кір» іздегендер, әйтеуір сақтық жасап: «қазақтың жаны алқымға тығылды», «қара күн келді», «тіккен туы жығылды», «барлық ісі кері кетті», «басын көтере алар ма?» деген сөздерден қайдағы бір қаскөйлік ниет таныған. Қазақ халқын әкімшілік билеуші патшалық жүйеге қарсы қарулы көтеріліске шақыру деп түсінген. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды», дегенге сайып, кімнің де аузын ашырмасқа бет алған.

Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің,
Құл болдың қара табан енді малсыз…
Қарағым, арыстаным, қайратты ерім,
Тұрдың ба қару қылмай, құр амалсыз?

деп шырқыраған жас ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарихтан өзіне лайық орын іздеуге бастағандық еді. Мұны тыңшылар, обалы қанша, жақсы байқаған. Ақынның саяси көзқарасы теріс деген тұжырымға келген. Оның құдіретті жырларынан сескенген.

Міржақыптың «Оян, қазағын!» бесігінде тұншықтырмақ болып, сан түрлі қиянат жолын іздеген отаршыл билік мына өлеңдері үшін Дулатовтың шәкірті Мағжанды да нысанаға алған. «Шолпанның» таралуына тыйым салынып, автордың соңына жансыз әкімшілік бақылау қойылған.

Сәбит Мұқанов: «…Мағжанның ақындығын қозғауға екінші себеп – Міржақып болуы керек», дегенді не пиғылмен айтса да, негізсіз емес. Және осы пікірдің дәлелі ретінде Мағжан Міржақып ағасының түрмеге қамалуына, түрмеден босанып шығуына байланысты бірнеше өлеңдер жазды. Әлихан Бөкейхан бастаған Алашшыл зиялы қауымның азаттық күресіне саналы түрде қосылып, Алашорда үкіметінің шаңырағын көтерісіп, уығын қадасты. Кейін, Кеңес дәуірінде де «Оян қазақтың» авторына жағылған күйе, оның шәкіртіне де кінә болып тағылған.

Міне, Мағжанның күрескер ретінде танылуы осыдан басталды. Ол орыс самодержавиесі құлап, орнына жаңа үкімет келуін қолдады, қазаққа жақсылық келетініне сенді. Алайда, мемлекет билігін заңсыз басып алған большевиктердің де орыс емес халықтарға жайлы бола қоймайтынын, қайран ақын, түсінген жоқ еді.

1919 жылы Казревком құрылып, 1920 жылғы 20 тамызда автономия дәрежесі беріліп, қазақтың ұлттық мемлекетінің нышаны байқалғанына Мағжандар қатты қуанды. Омбыдағы Сибревком жанындағы мұсылман секциясынан қазақ тобын бөліп алып, өз алдына қазақша «Кедей сөзі» деген атпен газет шығара бастады. Жаңа тұрпатты қазақ баспасөзін қалыптастыруға кірісті. 1921 жылғы 12 қаңтарда газет бетінде «Автономия кімдікі?» деген ашық сұрақты бас тақырыпқа шығарып, мақала жазды. Жаңа заманның заңды сұрағына өзі жауап беріп, әлеуметтік-саяси бетін ашып көрсетті:

«Оқыған азамат жұмыла автономия ісі не кіріскен жоқ. Оқығандар арасында ұғыныспағандықтан түскен көңілсіз, орынсыз жік әлі жойыла қойған жоқ. Ұғыспау әлі бар. «Бұл автономия сенікі емес, менікі» деген ұнамсыз сөздерді әлі естуге болады. Кеше, 17-18-19-жылдары «автономия» деп атқа қонған азаматтардың біразы қазір автономияға үмітсіз, салқын қарайды. Кіріскісі келмейді», – деп қынжылады да Мағжан ақын өзінің туған халқына деген, қазақ бауырына деген адал ниетін оқырмандарына бейнелі сөзбен жеткізе отырып, мақаланың бас тақырыбындағы «Автономия кімдікі?» деген сұраққа мынадай айқын жауап береді:

«Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтыкі. …Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштыкі»… «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!»

Қазақстанның автономиялық республика болып, Ресейдегі басқа да ұлттармен теңелгенін қолдаған Мағжанның сол кездегі қалам тербеуі елім деп соққан пәк жүректің дүрсіліндей адал, әр сөзі кіршіксіз таза еді. Мұны айтқанда біз жоба-жосығы осы-ау, деп төтелеп отырған жоқпыз, нақты дәлелдер келтіріп, 1921 жылғы ақпанда Қызылжар, Көкшетау төңірегінде бұрқ ете түскен советке қарсы қанды қырғын көтерілісті айыптаған Мағжанның өзін сөйлетеміз:

«Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет Үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы!

Ондай қулардың Совет Үкіметі туралы неше түрлі болса да, құтыртып, ертіп таратқан хабарларына нанбаңдар. Ешнәрсеге алаң болмай, істеп келе жатқан шаруаларыңызды жүргізе беріңіздер! Ел арасына бұзақыларды ұстауға шыққан қызыл армияға жәрдемдеріңізді аямаңыздар. Жасасын, Совет Үкіметі! Жасасын, Қазақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ еңбекшілері!»

«Бостандық туының» 1922 жылғы 19 наурыздағы бірінші санында осылай деп ұран тастаған ақын, газеттің 3 сәуірдегі екінші санындағы «Екіден – бір» деген мақаласын былай аяқтайды: «Сондықтан, біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азаттық, не құлдық. Не совет бостандығы. Не Николай-Колчактың құлдық қамыты. Міне, қазаққа осыны ұғатын мезгіл жетті. Арасында мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов сықылды қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді, қатарға кір, ел бол деп, құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин жолы».

Омбыдан Қызылжарға келердің алдында, «Бостандық туы» газеті бетінде (12 сәуір, 1922) Мағжан қазақ оқығандарына хат жариялады. Онда: «Жас қазақ республикасының барлық шаруашылығын қолына алып, елге қамқор оқығандар билік төріне шығуы керек… Көксегені – бақ, күйттегені – дәреже, сән-салтанат, мақтану, өзінің өзгеден үстем екендігін көрсететін» оқығандар емес. «Оқыған адамдарда ең бірінші қасиетті сипат сол – оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді».

Күрескер, қайраткер ақын сол кезеңнің қазақ үшін ақиқат шындығын боямасыз көрсетіп, түсіндірді. «Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қолы жетпеген… Отаршылдықтың жарасы әлі жазылмаған» жағдай еді. Мұндай жағдайда «Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды» деп дұрыс тұжырым жасады.

Қош… Орыс патшасы тағынан құлады, аумал-төкпелі замандар өтті. Кеңес өкіметі орнады, большевиктер билік басына келді. Бұрынғы ескі тәртіптің бәрі теріске шығарылып, жаңа заман келген. Сөйтсек… әлі келген жоқ екен. Отаршылдар қашан да кекшіл болады. Аталарының кегін кейінгі ұрпақтары алады. Оны көп жыл архив ақтарғанда талай көріп, көзіміз жеткен. Сонау Екатеринаның империялық заманында басталған тыңшылық, қудалау, жазықсыз жазалау тәртібі сол күйінде, Кеңес заманында одан әрі жалғасқанын көрдік. Патша жандармериясының құпия қағаздарын коммунист-чекистер түгел басып қалды да, социалистік қоғам жағдайында өз қажетіне пайдаланды. Бұрын бақылауда болғандарға Кеңес заманында да күзет қойылды. «Не шықса –солардан шығады», деген белгілі пиғыл…

Мағжан өлеңдерінің екінші жинағын 1922 жылы Бернияз Күлеев құрастырып, алғысөз жазып, Қазанда басып шығарды. Үшінші рет «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері» деген атпен, 1923 жылы Ташкентте басылып шықты. Сұлтанбек Қожановтың жазған алғысөзінен:

«Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп отырмыз. Мағжан өлеңдерімен оқушылар бұрыннан таныс. Әдебиет жаңа айқындалып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық.

Осы күнге дейін Түркістанда «қойшылар тілі» саналып келген, ресми қағаздар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске аспауы былай тұрсын, өнерге асатын, бай, көркем, жатық, таза, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады. Сондықтан, біз Мағжан өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көздеуді [міндет] тұттық. Сол жақтарын ескеріп, Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін Марксизм дүниетануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып, үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салуы керек. Тарихын, мәнісін жете түсінуі керек.

Бұл кітапқа Мағжан Жұмабайұлының баспасөз майданына шыққаннан бергі жазған өлеңдерінің көбісі кірді. Басу жағынан түзей алмай отырған кемшілігіміз – қай өлеңнің қай жылы һәм қай шарттарда жазылғандығын көрсете алмауымыз. Сөйтсе де Мағжан өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылғы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз.

Бұл кітап қазағына арнап «Абайдан» кейінгі екінші басылып отырған әдебиет кітабымыз – осы «М.Жұмабайұлының өлеңдері». Мағжан өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз.

Сұлтан-бек Қожанұлы. Жинаққа ақынның 156 өлеңі енгізілген. Біріншісі – «Көкшетау». ең соңғысы «Ұлан» деген өлең. Бұл жинақты құрстыруда белгілі бір ұстаным болмаған сияқты және кітап асығыс шығарылған деуге болады. Әріп қателері көп. Мазмұнына, тақырыбына, шыққан жылына тағы да басқа қарап ешқандай жіктелмеген. Бұл кемшіліктер «Алғысөзде» де айтылған. Соған қарамастан, белгілі бір оймен ең алдына қойылған-ау деп, «Көкшетау» өлеңінің бас жағын оқып көрейік:

Аспанменен тірескен,
Тәңірменен тілдескен
Көкшетауым біп-биік.
Қою қара көк бұлт
Жайнап, ойнап, құлпырып
Көкшетауды тұр сүйіп…

1965 жылы белгілі көсемсөзші, ұлт қайраткері Хасан Оралтайдың Түрік мемлекетінің Салихлы қаласындағы Әзірбайжан мәдениеті мен өзара көмек қоғамы арқылы дайындап, Ізмір қаласындағы баспаханадан шығарған «Buyuk turksu Magjan Jumabayoglu» (Ұлы түрікшіл Мағжан Жұмабайұлы) деген 40 беттік кітабына Мағжан ақынның қысқаша өмірбаяны беріліп, түрік әлемінде алатын орны көрсетілген, «От», «Жер жүзіне», «Жер жүзін топан басса екен», «Мен кім?», «Сағындым», «Түс», «Қараңғылық қоюланып келеді», «Ал дамшы өмір», «Есіне кім алады?», «Тілегім», «Жауға түскен жанға», «Түркістан», «Алыстағы бауырыма» деген 13 өлеңі басылған. Және бұл өлеңдер түрік тіліне аударылмай, қазақша түпнұсқасы латын әлібінің түрікше нұсқасымен берілген. Яғни, басылым тікелей қазақ оқырманына арналған.

Кітапқа алғысөз жазған Салихлы қаласындағы Әзірбайжан мәдениеті мен өзара көмек қоғамының президенті Хамза Ушар Мағжан ақынды «Түркістан түріктерінің ұлы ақыны» деп таныстыра келіп, «…өлеңдерін толық шығаруға мүмкіндік болмады, осының өзі ұлы адамды көпке таныстыруға жоралғы болады» деп сендіреді. (Х. Оралтай. Елім-айлап өткен өмір. «Білім» баспасы, 2005. Алматы.- 630 бет).

2018 жылы, Анкарада, халықаралық «Түріксой» ұйымының қолдауымен, Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің Takdim – Алғы сөзімен «Мagjan Jumabay. Uzaktaki kardesime (Мағжан Жұмабай, Алыстағы бауырыма) деген жинақ басылып шықты. Бұл кітаптың ерекшелігі – Мағжан өлеңдері латын әлібінің түрікше нұсқасымен қазақ тілінде берілген де, қатарына түрікшеге ақын әрі зерттеуші Ali Akbas (Әли Ақбас) аударған нұсқасы басылған. Жинақтың беташарына «Қазақ тілі» және «Алыстағы бауырыма» деген өлеңдер ұсынылған.

Анкарадағы Ғазы университеті тіл және әдебиет бөлімінің профессоры, мағжантанушы ғалым, доктор Fernat Tamir (Фернат Тамыр) жинаққа ғылыми алғысөз жазып, Мағжан Жұмабайдың өмірі мен шығармашылығынан бірқатар мағлұмат берген.

***

 1921 жылы мамыр айында Мағжан Жұмабайұлы жаңа құрылған Ақмола губерниясының басшысы Әбдірахман Әйтиевтің шақыруымен Қызылжарға «Бостандық туының» редакциясын ала келіп, газет шығарды. Аштан қырылып жатқан жерлестеріне көмектесті.

Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін баспасөз дерегіне жүгінейік. Петропавл қаласында орыс тілінде шығып тұрған, губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың 11 маусымында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақала бастырды. Автор қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім болмысы төзімді екендігі, аштан қырылып жатса да тұяқ серіппейтін момындығын айтты. «Қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес, сүрленген жылқы еті тау болып үйіліп, сары қымыз дария болып ағып жатқан жоқ … Сарыарқаның күйзелген күйін көрейік, күңіренген үнін тыңдайық…» деп келеді де Мағжан орыс тілді оқырманға, билік басындағы лауазым иелеріне өз халқының қайғылы жағдайын түсіндіріп береді.

«Аштық қабырғаға батқанда адамның есі кетеді, шырқырап жан даусы шығады, осындай кезде басқалар Сарыарқа ұлының ыңырсып қана жан тәсілім бергенін байқамайды. Мәдениетті қала адамы айқай-шу көтеруге бейім, ол өзінің осы шуымен Сарыарқаның әлсіз ғана ыңқылын басып кетеді, естіртпейді. Міне, қазақ даласындағы аштық сұмдығын орыс жұртшылығы білмеуі сондықтан. Әйтеуір, қандай себеп болса да, нақты жағдай осындай, басқаша емес. Аштықтың ауыртпалығынан қазақ ауылы құрып барады, ал қазақ халқы адамдық бейнесінен ада болуда».

Атап айту керек, Мағжан мұны өзінің Қызылжарда жазған соңғы мақаласы болатынын білген жоқ еді. Ертеңінде жанына Қызылжар мешітінің мұхтасибі Бегишевті алып, Көкшетау уезіне мал жинауға аттанып кетті. Аш-арықтарға көмектесіп, іссапарда жүргенде төбесінен жай түскендей суық хабар алды.

Осы «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. Кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, негізгі мазмұны – «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деген байбалам еді. Атап айтқанда, газеттің кімдерді меңзеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9 тамыздағы газетте жарияланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаладан көрінді.

Шәріповтің мақаласын сөзбе-сөз қазақшалағанда былай: «Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигенттердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызметтер берді. Бірақ, олар жұмысқа бөгет жасап келеді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петропавлда бірнеше большевикті атып өлтірді. … алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін!»

Осындай жаладан кейін, Мағжан бас сауғалап, Қызылжардан, Қазақстаннан кетіп, Ташкентке барып табан тіреуге мәжбүр болды. Жазушы С.Мұқанов, қазақ зиялыларының амалсыз Ташкентті паналағаны жөнінде 1960 жылы былай деп жазды:

«Қазақ автономиялы республикасында таяқ жеген, алашордашылардың бір тобы (көпшілігі), сол кезде «Түркістан» аталатын республикаға барды да, ондағы басқару ісінде жүрген бояма коммунистердің жәрдемімен оқу, баспасөз орындарына қызметке кірді. Мәселен: Халел Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар. Бұлар – Алашорданың ірі қайраткерлері. Алашордашы жастардың да біразы Түркістан орталығы – Ташкентте болып, бір жағынан оқу оқыды, екінші жағынан идеологиялық майданда алашордашылдық қызметтерін жүргізіп жатты. Мәселен, Қошке Кемеңгеров, Даниал Исхақов, Ғабдолла Байтасов тағы басқалары. Алашордашылардың «ескілерінің» де, жастарының да, ұлтшылдық бағытта жазылған шығармаларына, сол кезде Ташкентте шығатын «Ақ жол» газеті, «Шолпан», «Сана» журналдары кең орын берді. Осы баспасөздердің бетінде советке қарсы шығармалары үздіксіз жарияланған Мағжан Жұмабаев біраздан кейін тіпті еркінсіп алды да: «Кене мен Абылайдың жолын қумай, Жапанда жайылудың мәні қалай?»- деп қазақты Россияға қарсы құралды көтеріліске шақырды. (Мұқанов С. Таңдамалы шығармалары. 10-том, «Өмір мектебі», А, 1976, 511-бет).

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде мынадай құжат сақталған. Орыс тіліндегі түпнұсқасын қазақшалағанда: «Өте-мөте құпия. Ақмола губерниялық Литосына (кеңестік баспасөз цензурасының бүркеме атауы.-З.Т.). «…Мағжан Жұмабаевтың қазақ тіліндегі өлеңдер жинағы. Түркістан мемлекеттік баспасы 1923 ж». Осы кітапты айналымнан алып, арнайы нұсқау берілгенше сақтап қойыңыздар…

Міне, «Аллаға ауыз жол емес!» деп Абай айтпақшы, Мағжанның өмірбаяны, шығармашылық жолы туралы «олай да, былай» деп айта салуға болмайды. Тереңірек, кеңірек қарау керек. Өле-өлгенінше «Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір Пайғамбармен мәңгілікпен тілдескен заңғар шынындай болып, таза ақындықты сақтады. Бір тақырыптың, бір кезеңнің, бір халықтың, тіпті, бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген, ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала берді», деген сөздер академик Рымғали Нұрғалидікі.

Ақын мұрасын ақтарып, теңкеріп отырған күнде Мағжан ақындығының қалай қалыптасқанына көз жүгіртіп, ой топшылауға болады. Ол – ақын болып туған еді, ақын болып өлді.

Мағжанның бақыты ма, соры ма, әрбір өлеңі оқырман назарынан тыс қалмағаны байқалады. Оқырман дегенде мен оның өлеңдерінен сән іздеген, ән іздеген, рухани нәр алған, осындай отандасы бар екеніне қуанған ақ жүрек адал оқырманды да; ақынның табиғи дарынын көре алмаған, күншілді, әр өлеңнің астарынан қылмыс іздеген тыңшы, тіміскіні де айтып тұрмын.

Мағжантанудың ұзақ көшінің басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту парыз. Ол «жер бетінде қазақ деген халық барын, бұл халықтың тәуелсіз болып, өз тағдырына өзі иелік жасауға құқы бар» екендігін көрсете келіп, соның дәлелі ретінде Абай, Шәхкерім, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғалардың қатарында Мағжанды да атайды.

Оның:
Таң, күн деген жер жаны,
Бұл екеуісіз жоқ сәні,
Оқу-білім ер жаны,
Жараспас ерге құр жаны…

деген сөздерін келтіріп, «Осындай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады», деп тебіренеді. Бұл сөздерді Әлекең 1913 жылы жазған.

Қазақ тарихында, әдебиеті мен мәдениетінің тарихында «Қазақ» газетінің орны ерекше. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңының салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Міне, осы газетке Мағжан қазақ өлеңі қандай болуы керек екендігін көрсетті. Қазақ ұлтын азаттыққа, өз жеріне өзі ие болып, өркениет көшінен өз орныны табуға шақырды. Туған халқына жастай-ақ қызмет етті.

Мағжанның шығармашылық өмірбаянының да толық, шын ғылыми тұрғыда жасалатын күні де алыс емес шығар. Мысалы, сонда қазір «Мен жастарға сенемін!» деген тақырыппен көпке тараған өсиет-өлеңнің осы Қызылжарда шыққан, Алашшыл қазақы жастар баспасөзінің тұңғышы «Жас азамат» газетінің үшінші санында 1918 жылы 12 тамызда басылғанын да айтамыз. «Мағжан қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген сөздерді Смағұл Сәдуақасов осы өлеңге байланысты айтқан. Сібір аймағында Кеңес үкіметі құлаған 1918 жылғы оншақты ай ішінде Ақмола облыстық земствосы арқылы қазақ ауылдарында қазақ мектептерін ашу, қазақ мұғалімдерін даярлау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбектенген Мағжан туралы да көпке мәлім емес.

Өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеушілерге тапсырып кеткен аманатын орындау үстінде, «жаман-жақсы» деп «екі жар қылып санасақ» та оның соңындағы үзілмеген қуғынды, өмірін қиған өлім жазасына негіз болған қандай да бір қылмысын таба қою қиын.

«Жау» деген – жаудың жаласы,
Әділ болсаң, өмірімді
Ақтарып әділ қарашы.
Отыз жыл өмір бойында,
Жазғанымды жайып сап,
Екі жар ғып санашы (1927 жылы жазылған.-З.Т.)

Ол ұлтшыл еді. Мағжан да, алаштың басқа да көсемдері өздерінің ұлтшыл екендігін жасырған жоқ. Тіпті, Ахмет Байтұрсыновтың айтуынша: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Бірақ, ұлтшылдық – қылмыс емес.

Мағжантанудың шешілмеген мәселелері әлі де көп. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Ал, біздің арымыз таза болу үшін, көзіміз тіріде жастарға ақиқатын айтатын кез келді деп есептеймін.

«Жұмабаев Мағжан шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер». Мағжан есімі туған халқына толық қайтарылған шақта, 1989 жылы жарық көрген, біршама толық жинақ, осы сүйінші кітап төңірегінде қазақ зиялылары арасында қалыптасқан кейбір ұшқары пікірлер туралы айтарымыз да бар.

Тағдырдың тәлкегін тағы бір қайталап, осы жинақтың Алғы сөзін Әбділдә Тәжібаевқа жаз дырған ақын жазған білімпаздардың көздегені не? Сонау 1925 жылы Мағжанды жазықсыз жазалап, қорлық пен кекесінге толы өлең жазып, қарғап-сілеген осы Тәжібаев болатын. Заман желі қалай соқса, солай жығылғаны туралы қарт ақын 64 «Бұл менің де, мені тәрбиелей сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді» деп жазыпты. Яғни, құлағын қалай бұраса, солай сөйлеген патефон деген аспап болғанын мойындағанына да шүкір. Бірақ, қазақ халқын өлшеусіз ауыр қасіретке ұшыратқан саяси қуғын-сүргін заманында бұл «патефондардың» жай ғана сайрап қоймағанын, өз әріптестері мен қандастарының өліміне тікелей қатысты екенін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Реті келіп тұрғанда, айтпаса, сөздің атасы өледі, деген шындық осы.

Мына, Тәуелсіздік заманында, рухани тіріліп, ортамызға қайта оралған Мағжанның осы жинағына жазылған алғысөздің мазмұны да жас ұрпақты мейлінше адастырып, онсыз да қорлық көріп, жадымыздан өше бастаған ұлы қайраткер азаматтың бейнесін көлеңкелеп, тіпті, тұмандатып жібергенін көре тұра айтпасақ, аруақ алдында біз жазықтымыз. Әлбетте, Ә.Тәжібаевтың бұл «Алғы сөзі» мағжантанудағы ақырғы сөз емес. Бірақ, халыққа тарап кеткен кітаптағы теріс қағидаларды көрсету парыз. Әйтпесе, жастар осы мақаладағы сыпаттамаларды көшіріп, жаттап алып, Мағжанның шын бейнесін басқаша түсінеді, басқаларға да солай түсіндіреді.

Демек, «…Мұндай ғажайып дәуірге жеткізген партия басшылығына біз мың-мың алғысымызды ғана арнамау керек» деген Әбділдә Тәжібаевтың «нұсқауы» Мағжан және Мағжан сияқты мерт болған жүздеген ұлт қайраткерлерінің аруағын қорлау. «Мың алғысын» компартияның май шелпегіне тойған насихат бұлбұлдары әлі айтып келеді. Бірақ, жазықсыз жапа шеккендердің, атылып-асылғандардың ұрпақтары алдында ақ сөйлеп, туған халқының тәуелсіздігі, бақыты жолына барын арнаған Алаш қайраткерлерінің кешкен қорлығына, өліміне кім жауапты екенін бүкпесіз айта алатын ауыз да керек.

Біріншіден, Мағжанның мағжандығын «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй» деген ынтық сезімдермен бағалау да – шындықтан мүлде алыс. «Сүйдім, күйдім…» деп әндеткен ақындарда сан жоқ. Махаббат тақырыбын Мағжаннан да артық жырлаған ақындар болуы мүмкін. Демек,«Бұл жаңалық поэзиямыздың оқырман достарын бұрынғыдан әлдеқайда қанаттандырады», деу жеткіліксіз. Мағжанның жаңалығы бұл емес. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып сол тәуелсіздік үшін күресті. Міне, осыны айту керек.

Бұдан әрі: «Мағжанның ұлттық санасы сол халықтың (қазақ халқының.-З.Т.) Россиядағы қазан революциясы толқынымен ояна бастаған кезінде туып, қалыптаса бастады», деген көпірме сөздер түбірімен қате. Мағжанның санасы, саяси көзқарасы Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың ұлтшылдық күресінің әсерімен Қазан революциясынан көп бұрын қалыптасты.

Алғысөз осындай болса, соңғы сөз ретінде берілген Мағжанның қысқаша өмірбаяны да сол баяғы ескі көзқарас, таптық ұстаным тұрғысында жазылған және соны дерек ретінде қабылдау өкінішті-ақ.

Бәз біреулердің «1920 жылы жазған «Жан сөзі» Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қаражат бермей қойған соң туған» дегені де білместік. Бұл – ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхаметке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді. Жиырма жеті жастағы атағы жер жарған ақын, жоғары білімді азамат әкесінен қаражат сұрап қайғыра ма?

«Мұғалімдер семинариясын алтын, медальмен бітірді» деп ойдан шығармаса да, Мағжанның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осындай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер ақын атына ұпай қоспайды.

«Өмірбаянды» жазушылар «Алашорда» атты партия құрылып», деп «Алаш» партиясының, тәуелсіз «Алашорда» үкіметінің тарихи орнын көргісі келмейді. «Алашорда» – біздің ардағымыз. Мағжандар – біздің рухани көсеміміз. Бүгінгі Тәуелсіздік сол Мағжандар қолымен құрған Алашорда идеясының жемісі.

Және де Алашорда сияқты қасиетті ұғымға жарыстырып, Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуіне» сілтеме жасаған авторлар қатты қателеседі. «Алашордаға» сайланғандар: «…Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жігіт, Бөкейханұлдарының ертегісіне нанып жүрген кедей баласы» деген үзіндіні Мағжан өмірбаянын жазушылар қандай мақсатпен алса да, Алаш көсемдерінің аруағы алдында кешірілмес күнә жасаған. 1919 жылы коммунистік кеңес үкіметі кешірім беріп, ақтаған Алашордашыларға қайта жазылған айыптау қорытынды екені даусыз, бірақ тағы да «анау-мынау» деп жақауратып жүрген «Тар жол, тайғақ кешудің» беттерінде Алаш көсемдеріне жабылған жала және оның зардаптары қандай қырғынға себеп болғаны тарих бетінде қара таңба болып қалды. Дәл сол сипатты анықтаманы Кеңес әкімшілігінің қолына тапсырып, ұлтымыздың бетіндегі қаймағын сылып бергендердің әрекетін кейінгі ұрпақ өзі тауып, бағалайды. Уақыт соты біздей екіжүзді емес, әділ тексеріп, бағасын береді.

Мағжан бір кезде «Бостандық туы» газетіне редактор болған дейтіндерді де түсіну қиын. Рас, бұл газетті, тіпті, оның алғашқы нұсқасы «Кедей сөзін» де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын бай-кедей деп тапқа бөле-жармау керектігін насихаттап, көптеген мақалалар жазды. Ал, ол заманда коммунистік партия газетінің редакторы коммунист болуы керектігін, бесіктегі бала да біледі. Рас, түрмеде отырғанда «редактор болдым» деп Мағжанның өзінің жазғаны бар. Бірақ, ол «бір шарапаты тиер ме екен?» деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Архивте мұндай дерек жоқ. Редактор болмаса да, Мағжан деген атының өзі қазақ халқына жетіп жатыр ғой.

1922 жылы Мағжан Ташкентке келуі де трагедия. Бас сауғалап, жанынан қорқып, пана іздеп, қашып барды. Алаш қайраткерлерінің арасына барды. «Ташкенттегі кезі – ақын ретіндегі ең өнімді жылдар деген Ш.Елеукеновтің: – 1922-1923 жылдар Мағжан үшін Пүшкиннің Болдино күзіндей болды» деуі мүлде ұшқары айтылған. Қуғын көріп, қан жұтып, қайғырып жүрген Мағжан тағдырын түсінбегендік. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп, қалам тербеген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді.

Бәз біреулер жазып жүргендей, Ташкентке Мағжанды Тұрар Ырысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, Мәскеуге де Луначарский шақырған жоқ, білім іздеп барған жоқ. Қазақтың кең даласына симай, «Сайында саяқ құрлы сая таппай», үкімет атынан қолына түсірген жолдама-стипендия түріндегі мүмкіндікті пайдаланып, уақытша бой тасалады. Мұқтар мен Мағжан екеуі де Ленинградқа жолдама алып, кейін Мағжанның қағазы Мәскеуге ауыстырылды. Бірақ, өз қандастары оған Мәскеуде де тыныштық таптырмады. Қазақстаннан арызды қардай боратып, жапқан жаланың негізінде 1924 жылы 24 қараша күні «әдеби сын» дегенді ұйымдастырып, жазықсыз жанды «итке талатқандай» етті. Соның нәтижесінде 1925 жылы Мағжан кітаптары да тұтқындалды. Қызылжарда, мысалы, Жұмағали Тілеулиннің үйі де тінтілді. Өзі жан асырап жүрген жалақысынан айырылып, оқудан қуылды. Міне, Мағжанның көргендері осы еді.

«Мәскеуде аударма жұмыстарымен көп шұғылданды» дегенде ақынды аудармашылық таланты тасып, немесе саяси шабыты қысып бара жатпаған. Ол жан сақтау үшін, қаламақы табу үшін «Шығыс» баспасының жоспарындағы шығармаларды алып, аударды. Лениннің кітапшалары мен мақалаларын да идеясына немесе көркемдігіне тәнті болып аударғандай етіп көрсету – мүлде теріс. 1989 жылы шыққан жинақта сонымен қатар, ақынның кейбір өлеңдеріне қол тигізіп, көпе-көрнеу мәтіннің саяси «тігісін жаттықтыру» ниетін де байқалады. Жинаққа қосылған «Өмірбаянның» қасақана бұрмаланған жағдайын айттық. Сол қателіктер күні бүгінге дейін түзетілген жоқ, кезекті автор қайталап келеді. Бақылаусыз, жүгенсіз кеткен интернет те сондай.

Мағжантанудың басында Әлихан Бөкейханов, жуан ортасында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоқжанов, әрине, Сәбит Мұқанов тұр. Осы тізімнің өзі-ақ, аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, ұлттық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ Мағжанның бейнесіне, ақындығына деген ықыластың және қарсылықтың қаншалықты күшті болғанын шамалауға болады.

Бұл арада Сәбит Мұқановтың Мағжан ақынның жеке басы, қайраткерлігі, ақындығы туралы айтқандарын, жазғандарын тарихи тұрғыда әділ бағалайтын уақыт жетті. Салыстырып, қарауға, талқылауға жетерлік материал Петропавлда шыққан «Мағжан» журналының 2017 жылғы санында жарияланды. Сәбеңді кезінде «коммунистік идеологияның жаршысы, тапшыл күрескер болды, сол себепті солақай социологиялық сынға ұрынды», деп жзақаураттық, жауырды жаба тоқып, ақтамақпыз. Тіпті, Мағжанға қол ұшын бергені үшін жапа шеккен қамқоршы, немесе «Ақын дығы жағынан Мағжан Абайдан артық» деп айтқан, бағасын берген әділ сыншы ретінде көрсетпек боламыз. Обалы қанша, профессорлар Т.Кәкішев пен Ш.Елеукенов, Сәбит пен Мағжан арасының от пен судай қашық екенін біле тұра, мәңгі қиыспайтынын біле тұра, оларды «татуластырғысы» да келді. Кітапқа жазды. Басқа замандастарымыз сол пікірлерді қайталаудан жалықпай, жастардың басын даң қылады… Бірақ, мұндай әрекеттер шындықтың ауылына жақындай алмай тұр. «Алмас кездік қын түбінде жатпайды».

Біздің айтарымыз, екі қайраткердің арасына ара-ағайын болып, жеңгетайлық жасауымыздың аты – екіжүзділік. Сәбит Мұқановтың шығармашылығы, халықшылдығы… өз абыройы өзіне жетеді. Ендеше, оның бетбейнесін боямай, жазғандарын бұрмаламай, өзін сөйлетейік. Егер, ертеректе 1920-1930 жылдарда жастықпен, байқамай, асыра айтыпты десек, кейінгі 1958-1963 жылдары қайталап, нығарлап жазған «Есею жылдарын» қайта оқиық.

Кеңес соты Мағжанды ақтап, бүкіл қазақ қуанып отырғанда, 1960 жылы «Жұлдыз» журналының 8-санында: «Үміт Балқашевқа хат» деген үлкен мақаласында жар салып: «Мағжан Жұмабаев заң жүзінде ақталғанымен, моральдық тұрғыда ақталған жоқ!» деп бар беделін салып, білек сыбана қарсы күрескен, тіпті, Қазақ ССР-ның бірінші басшысы Д.Қонаевтың, екінші хатшы Н.Титовтың осы мәселе жөнінде қаймыққаны да Сәбең болатын. «Қазақта ондай ақын жоқ!» деп сұқ саусағын профессор А.Жовтистің маңдайына тірген министр Қали Біләлов, Республика КГБ бастығы Арыстанбеков те 1966-1969 жылдары Мағжанды ақтамау туралы шешім қабылдағанда «Жазушылар Одағының пікіріне сүйенген». Қылмысы болмағандықтан, мемлекеттің заңымен ақталғаннан кейін, Мағжанға 30 жыл бойы неге қолымыз жетпеді, деген сұрақтың жалғыз ауыз жауабы осы.

Сол оқиғалардың бел ортасында болған, марқұм академик Рымғали Нұрғали былай деген еді: «Қазақ мемлекеттік университетінде 1966 жылы бір жиналыс өтті. Ұйымдастырған профессор Бейсенбай Кенжебаев пен профессор Хайролла Махмудов. Сөйлегендер профессор Темірғали Нұртазин, доцент Александр Жовтис, жазушы Тахауи Ахтанов. Әңгіме Мағжан, оның поэзиясы, кітабын бастыру туралы болды. Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жиналысқа келген адамдардың бәрін тізімдепті. Сөйлеген сөздердің бәрі магнитофонға жазылыпты. Кейін білдік, сол жиын туралы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы арнайы мәселе қараған. Татар Хайролла Махмудов, еврей Александр Жовтис партияда жоқ екен, ал, коммунист қазақ Бейсенбай Кенжебаевқа партиялық қатаң сөгіс берілген. Мағжан өлеңдерін орыс тіліне аударып, енді басқалы жатқан «Простор» журналының бас редакторы, жазушы Иван Шухов, осы әрекетті қолдаған мәдениет министрі Ілияс Омаров қызметтерінен босатылды. «Жастық шақты бойлап» естелік кітабында башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш Мағжан Жұмабаевты ұлы ақын деп мадақтады. Сол кітап СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда біздің ағайындар (қазақ жазушылары.- З.Т.) башқұрт «ұлтшылын» әшкерелеп, арыз түсірді. Сыйлық берілмей қалды. Тағы да сол Сайфи Құдаш Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы, оны ақтау керектігін дәлелдеп, Қонаевқа 100 беттік хат-зерттеу жіберді. Бірақ одан ештеңе өнген жоқ».

Осы жолдардың авторы Мағжанды толық ақтап алу жөнінде Ілияс Омаровтың белсенді қызметі және сол үшін қызметінен кеткені туралы деректі белгілі мемлекет және партия қайраткері Асанбай Асқаровтың естеліктерінен де тапты.

Жоғарыда есімдері аталған Б.Кенжебаев, Х.Махмутов бастаған азаматтар Мағжанның күнәдан пәк есімін өз халқына қайтару үшін С.Мұқанов пен Ә.Тәжібаев басқарған Қазақстан жазушылар Одағынан түңіліп, басқа республикада тұратын башқұрт ақыны Сәйфи Құдаштың беделінен үміттеніп, қарт ақынның атынан билік орындарына жазды. Д.Қонаевқа жазған «Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры туралы» осы хатқа көз салсақ, шындыққа бір қадам жақындай түсеміз. Мысалы, «Кейбіреулер … өзінің жеке басының бақ-беделін қазақ әдебиетінің мәртебесінен жоғары қойып отыр… әсіресе, өкініштісі (шынымды айтсам, таңқалғаным!) Сәбит Мұқанов осындай позиция ұстанып отыр. Мағжан туралы хат жазып сұрағанымда ол сырғытпалап, тіпті, кекесінге сүйеп, «Қазір М.Жұмабаевтың қамқоршылары жоқ», – деп жауап берді» деген жолдар Сәйфи ақсақалдың ғана пікірі емес еді ғой!.

Мағжанның өмірбаянындағы аласапыран оның 1922 жылдың күзінде аяқ астынан Қызылжардан кетіп қалып, Ташкент баруы. Мағжанның бұл кетуі оның бүкіл шығармашылығының, кейінгі бүкіл өмірі күйреуінің басы еді. Бұған бірден-бір себеп болған сол кезде Петропавлда басшы қызметте болған Сабыр Шәріпов еді ғой. Кейін ол да классиктер қатарында оқулыққа енді. Заман…заман…

Иә, Мағжанның ұлы сүргін, үлкен қуғынға ұласқан, қайғылы өмірі осылай басталған…

 Зарқын Тайшыбай,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button