Үкімет басшысы – өндірісті өлкеде

    ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сапар барысында облыс орталығындағы жəне Теміртау қаласындағы бірнеше кəсіпорынға арнайы барды. 

Үкімет басшысы алдымен «Tau-Ken Temir» ЖШС-не ат басын тіреді. Металлургиялық кремний өндірісін жолға қойған кəсіпорын жұмысымен танысқан Премьер-Министр «Қазақстанның өнеркəсіптік кəсіпорындарын технологиялық жаңғырту мəселелері» тақырыбында жиын өткізді.

Жиында Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы — жаһандық бəсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында міндеттелген өндіріс процесін модернизациялау бағытында өңірдегі ірі өнеркəсіп құрылымдарында бастау алған шаралар қарастырылды.

Облыс əкімі Ерлан Қошанов аймақтағы өндіріс орындарының дамуы туралы баяндама жасады. Бұдан бөлек, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жəне тағы басқа бірқатар кəсіпорындардың келешекке жоспарланған жобалары пысықталды.

Сондай-ақ, Бақытжан Əбдірұлы Қарағандыдағы «Нəтиже» сүт фабрикасына барды. Осында аймақтағы агроөнеркəсіп кешенінің даму көрсеткіштері Премьер-Министрдің назарына ұсынылды.

Түс ауа Үкімет басшысының сапары Теміртау шаһарында жалғасты.

Бақытжан Əбдірұлы реконструкциялау жұмыстары жүріп жатқан Қарағанды – Теміртау жол учаскесінің құрылысымен танысты. Бұдан кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2 кəсіпорнын аралап көрді. Сонымен қатар, компания реконструкциялау жобасын сəтті жүзеге асырған №3 дом­на пешінде болды.

Премьер-Министрдің көмірлі өлкедегі жұмыс сапары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ əкімшілік ғимаратындағы алқалы жиынмен тəмамдалды. Мұнда еліміздегі моноқалаларды дамыту мəселелері жан-жақты талқыға түсті.

Бақытжан Əбдірұлының жұмыс сапары жөніндегі кеңейтілген есепті газетіміздің алдағы санында назарларыңызға ұсынамыз.

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.