Бас тақырыпЖаңалықтар

Әкімдер әлеуметтік желіде белсенді ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, ел тізгінін ұстаған азаматтардың дені әлеуметтік желіде жеке парақша ашты. Алайда, желіге тіркеліп қана қою жеткіліксіз, әкімдер осы арқылы халықпен етене араласуы тиіс. Сол кезде Президент тапсырмасы толық орындалады. Ал, бұл талапқа қарағандылық әкімдер сай келе ме? Өңір басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігі қандай? Саралап көрсек…

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов твиттерге, ал қалалар мен аудандардың әкімдері фейсбук және инстаграм желілеріне тіркелген екен. Үш ай уақыт ішінде олардың көпшілігі желінің белсенді қолданушыларына айналып, өз аудиторияларын қалыптастырып үлгерген. Алайда, әлеуметтік желіге тіркелгенін ұмытып кеткен әкімдер де бар екен. Соңғы айларда мүлдем жазба салынбаған парақшаларды көргенде еріксіз осындай ойға қаласың.

Шолуымызды облыс әкімі Ерлан Қошановтың парақшасынан бастасақ. Аймақ басшысы алғашқы күннен бастап желінің белсенді қолданушысына айналған. Аймақтағы айшықты оқиғалар, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық, рухани шаралар туралы ақпаратты облыс әкімінің парақшасынан көре аласыз. Облыс тұрғындары өздерінің арыз-шағымдарын тікелей аймақ басшысының назарына ұсыну мүмкіндігін иеленген. Әкімнің желіге тіркелуі, халыққа ресми ақпараттың дер кезінде жетуіне жол ашты десек, жаңсақ айтқанымыз емес. Әсіресе, елді алаңдатқан өзекті мәселелерге қатысты аймақ басшысының дер кезінде пікір білдіріп отыруы, қоғамдағы жалған ақпараттардың азаюына айтарлықтай ықпал етті.

Өңірлердің әкімдері де желіде айтарлықтай белсенділік танытуда. Әсіресе, Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов ерекше көзге түседі. Әу баста фейсбук желісінде белсенді жазбаларымен көзге түскен қала басшысы бүгінде инстаграмға көп көңіл бөлетін болған. Әкімге қойылған сұрақтар мен сын-пікірлердің басым бөлігіне дер кезінде жауап берілген. Тағы бір байқағанымыз, Ғалым Әбіханұлы әлеуметтік желіде шенеунікке тән ресмилікке салынбай, халықпен еркін пікір алмасады екен. Тіпті, даудың соңы ұрысқа ұласып кететін кездері болыпты. Әрине, әкімнің ашық болуы халыққа да ұнамды. Әйтсе де, өзін тым еркін ұстаған әкім мемлекеттік қызметші әдебіне «томпақ» келетін пікір жазғаны үшін аймақ басшысынан сөгіс те алған.

Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омардың фейсбуктегі жеке парақшасына кірген жан шенеуніктің емес, кәсіби журналистің, иә болмаса, тіл маманының жазбасын оқып отырғандай әсерге бөленеді. Бір сөзбен айтқанда, желіде өз аудиториясы қалыптасқан әкімдердің бірі – осы азамат.

Әлеуметтік желіні Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Идрисов, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов, Нұра ауданының әкімі Есет Байкен, Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов, Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов, Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалинов, Осакаров ауданының әкімі Нұркен Кобжанов, Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзиндердің белсенді пайдаланып, атқарылып жатқан жұмыстарының барысын баяндап отыратынын байқадық. Бұл азаматтардың парақшасына жазылу арқылы сол ауданның тыныс-тіршілігінен хабар алып тұруға болады. Құптарлық іс. Жұрт әкімдіктің жұмыс істеп жатқанын білу керек. Десек те, әкімдердің әлеуметтік желіге тіркелгендегі негізгі мақсат – халыққа жақын болу, елдің арыз-шағымын тікелей тыңдау емес пе еді? Әкімдер аудан жаңалықтарын бөлісуді баспасөз қызметі мен журналистердің еншісіне қалдырып, халықтың талап-арыздарына көбірек көңіл бөлсе, құба-құп болар еді.

Өзге аудандар мен қалалардың да әкімдері әлеуметтік желіге тіркелген. Алайда, көпшілігінің парақшалары жаңармағанына біршама уақыт болыпты. Жаңарған күннің өзінде, өз жазбалары емес, тек, сол ауданға қатысты дүниелерді бөлісумен ғана шектелген. Әрине, тұтас қаланың немесе ауданның тағдырына жауапты жанға күндіз-түні әлеуметтік желіде отырып, жұртқа жауап жаз дей алмаймыз. Жұмысбасты жандарда интернетке телміретін уақыттың болмайтыны анық. Әйтсе де, дәл сондай қызметте отырған өзге аудандар мен қалалардың басшылары тығырықтан шығар жолды тауып, парақшаларын жүйелі жолға қоя алды ғой. Өзге әкімдер де әріптестерінен үлгі алып, желідегі аккаунттарына «жан бітірсе» артық болмас еді.

Нұрлыхан Қалқаманұлы

Басқа материалдар

Back to top button