Жаңалықтар

Үкілі үміт – нық сенім

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды. 2009 жылдан бері ұлттық құраманы Мырзағали АЙТЖАНОВ жаттықтырып келді. Енді құраманың тізгінін қарағандылық Ғалымбек КЕНЖЕБАЕВ алды.

Бас бапкерді Қазақстан бокс федерациясының басшылығы Қарағандының Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында таныстырды. Баспасөз мәслихаты барысында федерацияның вице-президенті Юрий Цхай жаңа бапкерге сенім білдірді.

 – Мырзағали Айтжановқа алғыс айтқым келеді. Ол қолынан келгенше қызмет етті. Оның тәжірибесі бізге әлі де керек болары сөзсіз. Алайда, бокс әлемінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Ғалымбек Кенжебаевты тағайындау арқылы дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын, – деді Юрий Цхай.

Ғалымбек Кенжебаев – 35 жылдан бері бапкерлік қызметте. 1998-2005 жылдар аралығында Геннадий Головкиннің жеке бапкері болды. 2006-2009 жылдары жəне 2013 жылдан бүгінге дейін бокстан жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Оның басшылығымен Қазақстан жастар құрамасы Жасөспірімдер Олимпиадасында екі алтын иеленіп, бес Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын тұғырына көтерілді.

– Олимпиадаға дейін аз уақыт қалды. Биік межелерді көрсететін кез келді. Ғалымбек біздің команданы Токиоға үлкен дайындықпен апаратынына сенім зор. Жарқырап көзге түсетін боксшыларды дайындауымыз керек, – деді Юрий Цхай.

Жаңа тағайындалған бас бапкер өз кезегінде барлық жаттықтырушылар мен ардагерлерден қолдау күтетінін жеткізді.

– Бірнеше жыл бойы тер төккен командадан алыстау маған оңай тимейді. Жастар жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Ересектер боксында орасан жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірнеше жыл бойы бірге жұмыс істеген Мырзағали Айтжановқа құрметімді білдіргім келеді. Қазақ боксының дамуына қосқан үлесі зор. Онымен жұмысымыз жалғасары сөзсіз, – деді Ғалымбек Кенжебаев.

Ұлттық құраманың алғашқы жаттығу жиыны қаңтар айында өтеді. Әзірге, команданың халықаралық жарыстарға қатысу кестесінде өзгеріс жоқ. Десек те, бас бапкер кейбір мәселелердің әлі де қаралатынын жеткізді.

 Сондай-ақ, осы күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов, қытайлық «Чин Хэй» бокс командасының өкілі Жанг Ганг, Ғалым Жарылғапов турнирінің ұйымдастыруышысы Нұрғазы Жарылғапов серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Басқа материалдар

Back to top button