Руханият

Киелі өнер күмбірі

  Адам күй тыңдап, күйбең тірліктен бір сәтке бой суыта алса, сиқырлы әлемнің сағыныш сазы сананы нұрландырады. Жәдігер жаңғырып, өнер өрістеп, Президент айт­қан «Рухани жаңғыруға» жол ашылары сөзсіз.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы толағай саясатты қолдау аясында өткізіліп отырған, Арқадан шыққан аруақты күйші Әбікен Хасенұлының туғанына 125 жыл толуына арналған «Күй керуен» шертпе күй орталығының «Қоңыр» атты кеші ұлы өнерпаздың ата қонысы Мойынты, Киікті, Босағадан бастап, Ақадыр, Жарық, Шет ауданының үстімен салтанат құрып келе жатып, Ақжал кентінде жалғасын тапты. Керуеннің мақсаты – жолшыбай бұрынғының сөзін естіп, бүгінгінің көзін көріп қайту, дарынды, тарихи күйшілердің ізін жаңғыртып, күйге сусап отырған халықты киелі өнермен қауыштыру. Мерекелік кештің шымылдығы халықаралық «Түркі әлемі», республикалық Майра Уәлиқызы, Күләш Байсейітова атындағы облыстық байқау­лардың лауреаты, Шашубай Қошқарбайұлы атындағы әншілер байқауының Бас жүлде игері, жерлесіміз Бота Ноғаеваның шырқауындағы Қасым Аманжоловтың «Туған жер» әнімен ашылды. Облыстық «Күй керуен» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайролла Сәдуақасов Қыздарбектің «Мұң қосбасарын» және Әбдидің «Тәуба қосбасарын» тарту етті.

Күй керуенінің тағы бір қатысушысы – кішкентайынан аккардеон, домбыра аспаптарын ойнап, ән салған ҚР Мәдениет қайраткері және тағы басқа марапаттардың иесі Абылай Кілтайұлы Ілия Жақановтың «Балқантау», «Сырымбет» әндерін орындады. Кештің соңын Ақшатау өңірінің тумасы, 12 жасынан Кәріпбек нағашысы сыйлаған домбыраны жанына серік еткен, Қарағанды қаласындағы алғашқы ұйымдастырылған «Сарыарқа» ұлт аспаптар оркестрінде күйші болған, «Ұлытау үні», Ә.Хасенұлының 100 жылдық мерейтойындағы күйшілер байқауларының лауреаты Қалкен Қасымов Тәттімбеттің «Көкейкесті» және Ә.Хасенұлының «Қоңыр» күйімен тәмамдады.

Осындай есті дүниелер орындалатын күй концертіне жергілікті тұрғындарды тартып, шараның сәтті өтуіне мұрындық болған Ақжал кенті әкімі Медет Молыбаев еңбегін атап өткен жөн. Күйші Қалкен Қасымовқа шапан жауып, астына ат мінгізген Мұхтар, Аманжол ақсақалдар мен басқа да күйші, әншілерге ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Қамбарұлы ерекше алғыс айтты. Сондай-ақ, өнерпаздарды «NOVA-ЦИНК» ЖШС бас директорының орынбасары Бұлхайыр Нығметжанұлы да құттықтады.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button