Бас тақырыпРухани жаңғыруРуханият

Киелі мұраға – жүйелі жауапкершілік

  1. Ботақара, Қарқаралы – асқақтаған рухтың мәрт алаңы

 

«Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық жобасы аясында «Ұлы Дала Елі» тарихимәдени экспедициясы 18 маусым күні жолға шықты. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасында жүзеге асып отырған экспедиция негізгі үш бағытта бастау алды. Бірінші бағыт толықтай тәмам.

Жолға шықпас бұрын, «Достық үйінде» «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясы төңірегінде дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын бағдарламамен толық таныстырып, салмақты сапардың мақсатын сөз етті. Негізгі мақсаты – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұраларын келешек жастарға кеңінен насихаттау.

Үлкен аманат арқалап, сақадай сайланып жолға шықтық. Экпедиция мүшелері – «Жаңғыру жолы» қозғалысының жастары, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, БАҚ өкілдері. Керуеніміздің басшысы – Ерлан Құсайын. Үлкендеріміз – «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Нұрсахан Бейсенбекова, тарих ғылымдарының магистрі Темірғали Аршабеков.

Жол үсті. Нұрсахан Бейсенбекова жастарға тарих төңірегінен сұрақ қойып, сұхбат өрбітуде.

Алғашқы аялдамамыз – Ботақара кенті. Автокеруенімізді Бұқар жырау ескерткішінің алаңынан Баба атындағы басшылық құшақ жая қарсы алды. Кеудемізді тіктеп, байрағымызды желбіретіп Баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Айғаным Ақпанованың басшылығымен ұйымдастырылған салтанатты шараның куәсі болдық. Ұлттық киіммен сап түзеген халықтың ықыласында шек жоқ. Бұқар бабаның жырлары оқылып, әннен шашу шашылды. Керуен мүшелері аудан басшыларына, ақсақалдарына, тұрғындарына алғыс білдірді. Аузы дуалы ауыл ақсақалы Болат Балпановтың батасын алып, рухани деммен қасиетті Қарқаралы еліне жол тарттық.

Түс ауа Қарқаралы құшағына ендік. Аудан әкімі Халел Мақсұтов, әкім орынбасары Сайлау Әлиұлы, Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің директоры Дәулет Жәкенов және аудан тұрғындары қарсы алды. Тарихи тұлға, әнші, ақын Мәди Бәпиұлының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойдық. Тамыры тереңде жатқан қастерлі мекендегі қасиетті Құнанбай мешітіне соғып, бабалар рухына дұға бағыштадық. Экспедиция мүшелеріне Құнанбай мешітінің салыну тарихын аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы баяндады.

Ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлы тоқтаған үйге соғып, үйдің тарихымен, салыну құрылысымен таныстық. Биіктігі 5 метр болатын ғимарат ағаштан қаланып көмкерілген екен. Сайлау Әлиұлы ғимарат жайлы сөз қозғап, әрлі-берлі тарихын баяндап берді.

Саяхатшы, этнограф, географ Григорий Потанин тоқтаған үйдің тарихымен де таныса кеттік.

Келесі кезекте Қарқаралы тарихиөлкетану музейіне аялдадық. Өлкетанушылармен кездесіп, өңірдегі тарихи ескерткіштер мен мұралар жайлы әңгіме өрбіттік. Көптеген көне жәдігерлердің куәсі болдық.

Мұражайдан шығып, аудан әкімдігінде аудан тұрғындары, жергілікті жастармен кездесу өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі жобасы жайлы әңгіме өрбіді. Экспедицияның негізгі мақсаты мен міндеттері де жиынға өзек болды.

Осылайша, сапарымыздың бірінші күнін тәмам еттік. «Кім асар» жеріндегі табиғат аясында от жағып, экспедиция жетекшілерімен тарихи тұлғалар жайлы, тарихи мекендер жайлы еменжарқын сұхбат құрдық

Экспедициямыздың екінші күні. Таң шапағын жая бастаған бетте біз де жолға шықтық. Көріп, білуге асықпыз. Алда – «Қызыл кеніш» сарайы.

Жергілікті қызметкерлердің жол сілтеуімен діттеген жерімізге де келдік. «Қызыл кеніш» сарайының орналасқан жерінің өзі ерекше екен. XVI-XVII ғасырларда Жоңғар хандығы тұсында салынған айқыш тәріздес архитектуралық ескерткішке құрылыс материалы ретінде осы өңірдің қызыл тасы қашап салынған екен. «Қызыл кент» үйіндісінің маңынан қыш құмыралар, будда дінінің заттары басқа да жәдігерлер табылған. Сарай туралы алғашқы деректерді А.Левшин, Ә.Марғұлан, В.Никитин, А.Чулошников, Д.Байжұмыров, Г.Броневскийлер еңбектерінде жазған. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің профессоры, археолог Сағындық Жауымбаев «Қызыл кеніш» жайлы аңыз-әңгімелермен қоса, Орталық Қазақстандағы археологиялық ескерткіштер жайлы баяндап отырды.

Бұдан кейін қола дәуіріне жататын «Алат» қонысына беттедік. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультеті профессорларының жетекшілігімен I, II, III курс студенттерінің археологиялық іс-тәжірибе барысында жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен таныс болдық. Қазба барысында табылған пышақ, жебенің ұшы, сүйектен жасалған басқа да заттарды экспедиция мүшелері көзбен көріп, қолмен ұстап тамашаладық. Профессор Валерий Евдокимов «Алат» қонысы жайлы дерек көздерін келтіріп, кең көлемде тарих парағынан ақпарат берді. Біз де қазба жұмыстарына сәттілік тілеп, Қарқаралы ұлттық табиғат паркіне қарай бет алдық.

Қарқаралы ұлттық табиғат паркіндегі мұражайдың жай-күйімен танысып, «Ұлы Дала Елінің киелі мұралары» республикалық тарихи-экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстарына кірістік.

Кеш бата қасиетті Қарқаралы өңірінен ұзап барамыз. Жол қысқартпақ ниетте, экспедиция мүшелері алған әсерімізбен бөлісіп келеміз. «Жаңғыру жолының» жастары Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесіне алғыстарын білдіріп жатты.

Мінекей, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің мұрындық болуымен жолға шыққан автокеруеніміздің бірінші бағыты – Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарындағы сапарымыз сәтті өтті. Ендігі, екінші бағытымыз – Шет, Ақтоғай аудандары.

Салмақты сапар жалғасуда. Экспедицияның алдағы екі бағытынан жазылған жолжазбаны газетіміздің келесі сандарынан оқитын боласыздар.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

 «Орталық Қазақстан»

Қарағанды – Ботақара – Қарқаралы – Қарағанды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button