Басты тақырыпОблыс әкімі

КЕЗДЕСУДЕ – КЕЛЕЛІ КЕЛІСІМ

   Шілденің 27-сі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Румынияның ресми өкілдері мен Қазақстандағы елшілерін қабылдады. Румынияның Сыртқы істер министрі Теодор МЕЛЕШКАНУ және басқа да министрлер орынбасарларымен кездесуде екі ел арасындағы достық қарым-қатынас жайы сөз болды.

Әңгіменің тиегін әріден ағытқан аймақ басшысы Қазақстан мен Румыния қатынасындағы Қарағанды өңірінің маңызына тоқтала келе, бұл облыс көлеміне екі бірдей Румыния сыйып кететінін айтты. Сондай-ақ, Ерлан Жақанұлы Теодор Мелешкануды әкімдік қызметке келгелі алғаш қабылдап тұрған министрі екенін және өзінің студенттік өмірінде тұңғыш шетел асып көргені Румыния болғанын атап өтті.

Сөзін одан әрі сабақтаған Ерлан Қошанов Қарағанды облысы мен Румыния арасындағы білім, өнеркәсіп және бизнес бағытындағы серіктестік беки түсетінін мәлімдеді. Қазақстан бойынша шетел бірлестіктерінің ішінде тұңғыш құрылған Қарағанды облысындағы румындық «Дакия» мәдени қоғамдастығы да назардан тыс қалмады.

«Облысымызда техника мамандарын дайындауда сіздер өздеріңіздің кадрлар әзірлеу тәжірибелеріңіздегі ерекшеліктеріңізбен бөлісіп, білім саласындағы өзара қатынасты қалыпқа түсіруді ұсынамын», – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде Румынияның  Сыртқы істер министрі Теодор Мелешкану өңірге келудегі негізгі мақсаттарымен бөлісті.

– Біз үшін Қарағанды өңіріне қонақ болып түсу үлкен мәртебе. Мақсатымыз Қарағандыда саяси қуғын-сүргін жылдарында құрбан болған боздақтарымыздың рухын қастерлеу ғана емес, кенді аймақпен жан-жақты қарым-қатынас орнату, – деді Теодор мырза.

Жиын соңында облыс басшысы Ерлан Қошанов қазақы дәстүрмен ат терлетіп келген мәртебелі мейманның иығына шапан жауып, құрметке бөледі.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button