Қарқаралы

Кешен келбеті көркейді

    Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, Балқантау ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ елді мекендегі спорт кешені қайта жөндеу жұмыстарынан кейін салтанатты түрде ашылды.

Спорт кешені егемендіктің алғашқы жылдарында салынған-ды. Кешеннің нақ осы ауылда тұрғызылуына ықпал жасаған сол кездегі совхоз директоры Қабыл Құттин еді. Кешеннің күтілуі «Балқантау» шаруа қожалығына міндеттелді. Кейін Қарқаралы аудандық БЖСМ филиалы ретінде жұмыс жүргізді. Биыл осы ғимаратқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 16,744 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Заманауи тұрғыда жаңарған кешеннің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, өзге де ауылдар тұрғындары, аудан орталығынан келген қонақтар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Б.Тоқмурзин құттықтау лебізін жолдады. «Қоғамның ең қымбат жемісі – адам және оның өмірі» деп Ата Заңымызда айрықша көрсетілген. Олай болса, егемен еліміздің болашақ спорт саңлақтары шығатын кешен халықтың игілігіне қызмет жасасын», – деді өз сөзінде аудан әкімі. Сондай-ақ, ауыл әкімі Р.Смағұлов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Нұрбеков, ауыл жастары атынан А.Рашева өз ойларын білдірді.

Спорт кешенінде бұқаралық ойын, күрес, жаттығу залдары бар. Жалпы ауданы – 930,4 шаршы метр. Волейбол, қазақ күресі, дзюдо секциялары жұмыс істейді. Бұл секциялар саламатты өмір салтын насихаттауда ауқымды шаралар атқаруда. Осы жылдар ішінде ауыл жастары қазақ күресі және волейбол жарыстарынан бірнеше рет республикалық, облыстық додаларда жүлделі орындардан көрінді. Спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер, спорттық разрядтарға ие болған спортшылар баршылық. Барлығы тоғыз адам қызмет етеді. Қазіргі шақта мұнда жүзден астам жас жаттығу шараларына қатысып жүр.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button