Кесел қайдан демеңіз…

Қырда мал баққан, малмен жан баққан елге, әлбетте, алдындағы малына қандай кесел келсе де, оңайы жоқ. Амал не, бүгінде жанын – арының, малын – жанының садағасына байлайтын ауылдағы ағайынның түлігіне келер дерт кемитін емес. Түлікке бүйедей тиетін індеттердің ізін тағы біреуі басты. Шет және Абай аудандарындағы ауылдардың ірі қарасынан шыққан ауру жұртшылықты әжептәуір, алаңдатып тастағаны анық. «Нодулярлы дерматит» аталған індеттің ірі қараны шарпығаны туралы дерек интернетті шарлап кеткен. Шынын айтайық, қазір жұрт ауыл шаруашылығы өніміне үрке қарап жүр. «Қазаннан қақпақ, иттен ұят» кеткен қоғамда ол үрей де бекер емес. «Таза табиғи өнім» деп, «Ауру сатып аламын ба?» деген күмәннің көптің көкейінің түкпірінде кеу-кеулеп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.

 

Қарағанды облысының ветеринария басқармасының мәлімдеуінше, Шет және Абай аудандарындағы елді мекендерде ірі қараға жоспарлы түрде нодулярлы дерматитке қарсы сәуір және мамыр айларында иммунизация жасалынған. Яғни, вакцина егілген. Осы вакцина салынған малдардың арасынан маусым, шілде айларында нодулярлы дерматит ауруына тән клинкалық белгілер байқалыпты. Індет жаппай сипат иеленген жоқ.

Басқарманың дерегінше, бұл Шет ауданының Ақой, Өспен, Батық, Көктіңкөлі, Сейфуллин, Қызылтау, Красная поляна ауылдық округтерінде және Абай ауданы Юбилейное ауылдық округіндегі ірі қарада клиникалық белгілер байқалған.

Басқарма басшысы Қайырбек Тұрсынбеков ауырған жануарлар оқшауланып, мал иелерінің арнайы препараттармен симптоматикалық ем жүргізгенін жеткізіп отыр.

«Бүгінгі таңда осы өңірлерде эпизоотиялық ахуал ұдайы бақылауда. Тұрғындар арасында ветеринар мамандар тарапынан ақпараттық-ағарту жұмыстары да жүргізілуде. Жануарлардың денесінде тері түйіндері пайда болып, температурасының көтерілуі, аяқ-қолдарының ісінуі, тәбетінің төмендеп, мал күйінің түсуі, түсік тастау және тағы да басқа белгілері анықталған жағдайда дереу ветеринар мамандарына хабарлау қажеттілігі туралы ағарту жұмыстары жүргізілуде» дейді басқарма басшысы.

Ал, Шет ауданы ветеринария бөлімі басшысы А.Рақымжановтың мәліметінше, нодулярлы дерматит ауруы Шет ауданының Ақой ауылдық округінің шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарының меншігіндегі ірі қара малынан байқалуда.

«Аталған елді мекендегі 22 үйден 95 бас ірі қарадан нодулярлы дерматит ауруының белгілерімен ауырғаны тіркелді. Қазіргі күнге жоғарыдағы 95 бастың 9 басы өлді. Симптоматикалық жолмен емдеу барысында 95 бастың 34 басы аурудан жазылып, табынға қосылды.

Сонымен қатар, ауданның Батық, Өспен, Көктіңкөлі ауылдық округтерінде де аталған ауру түрлерімен ауырған ірі қара малы тіркелген. Бұл елді мекендерде емдеу нәтижесінде мал өліміне жол берілген жоқ» делінген бөлім басшысы ұсынған ақпаратта.

Бұл – вакцинациядан кейін. Қарағанды облысы нодулярлы дерматиттен қорғау аймағына кірген. Осыған байланысты 2018 жылдан бастап, ірі қараға вакцина салу қолға алынған. Ал, Ақойда биыл бұл вакцинамен 1200 ірі қара егіліпті. Абай ауданының Юбилейное ауылдық округінде 1500 ірі қараға вакцина салынды деген дерек бар.

Сонымен, бұл нодулярлы дерматит деген не? Нодулярлы дерматит – (Dermatitis nodularis bovum, бұлдыр мақ ісік) – мүйізді ірі қара малының өте жұқпалы вирустық ауруы. Дене қызбасымен, теріде көптеген түйіншектер пайда болуымен, лимфадениттің жайылуымен, сүттің суалуымен, тері асты шелінің домбығуымен, көздің және тыныс алу мен ас қорыту жүйелері кілегейлі қабықтарының зақымдануымен сипатталады. Едәуір экономикалық шығын әкеледі.

«Сонымен, бұл нодулярлы дерматит деген не? Нодулярлы дерматит – (Dermatitis nodularis bovum, бұлдырмақ ісік) – мүйізді ірі қара малының өте жұқпалы вирустық ауруы».

Нодулярлы дерматитпен күресу шараларына келсек, ол да ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы ережесімен бекітілген. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ауылшару- ашылығы министрінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы №759 бұйрығымен бекітілген «Мүйізді ірі қара малы- ның нодулярлы дерматитін алдын-алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың Ветеринариялық ережесі» бойынша «Нодулярлы дерматит шыққан шаруашылық субъектісіне карантин қойылады, ауру және ауру жұғуға күдікті жануарлар дер кезінде, мұқият оқшауланып, лабораториялық тәсілдермен диагнозы анықталады. Ауру малдар оқшауландырғыш ішінде болған кезеңде оларға қансорғыш жәндіктердің кіруіне жол бермейді». Карантиннің шарты бойынша «шаруа шылық субъектісіне барлық жануарлар түрлерін құстармен қоса әкелуге, әке- туге; шаруашылық субъектісі ішінде қызмет көрсететін ветеринариялық инспектордың рұқсатынсыз малдардың орнын ауыстыруға; мал сауу, сою және етін пайдалану, ауру малдың және ауруға күдікті жануарлардың сүтін пайдалануға рұқсат етілмейді…»

Сонымен бірге, нодулярлы дерматиттен өлген жануарлардың өлекселері терісімен бірге жойылады. Өлекселерді диагностикалық мақсатпен сойып көру арнаулы жабдықталған орында рұқсат етіледі.

Әрине, түлік болған соң, оған ит-құс та, тиетін кесел де көп. Оған бірден-бір тосқауыл білікті ветеринар мамандар мен тұрғындардың сауаттылығы екені және даусыз. Ал, өңірлерде ветеринар мамандардың жетіспейтіндігі рас. Бұған қоса, ветеринарияны халықаралық стандартқа, ветеринария жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестендірілуі маңызды екені мәлім.

Тірлігін төрт түліксіз елесете алмайтын қазақ үшін бүгінде ветеринарияның дамуы – елдің дамуымен пара-пар ұққанға.

Қызғалдақ АЙТЖАН.