Жаңалықтар

Кереку көшіп келгендей

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жұмысын бастағаны мәлім. Қазақ халқының ұлттық санасынының ерекшелігі – туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалаумен құнды. Аталарымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп бекер айтпаса керек.

Аталған жоба аясында Павлодар облысындағы маңызы бар қасиетті жерлер бойынша павлодарлық суретшілер наурыз айынан бастап шілдеге дейін пленэрге шыққан, оған Павлодар облыстық көркемсурет музейі мұрындық болған. Нәтижесінде «Қасиетті жерлерге саяхат» атты көрме ұйымдастырылып, Астана, Алматы сынды қалаларда көрерменге жол тартқан өнер туындалары енді Қарағанды жұртшылығына есігін ашты.

Мұндағы тарихи шығармалар республикалық және облыстық маңызы бар Павлодар облысының аумағындағы маңызды саналатын киелі объектілерді бейнелейді. Жиырмадан астам суретшілердің кескіндемесінен Екібастұз өңірінің Құндыкөл мекенінде бой көтерген Исабек Ишан Хазіреттің кесенесін, жергілікті халық үшін әулие саналатын Қоңыр әулие үңгірінің пейзажын, сақ тайпаларының мұртты қорғандарды және де ғұндар мен түркі заманынан келе жатқан тастағы петроглифтерді де тамашалауға болады. Заманының дүлділі болған Естай Беркімбайұлының кесенесі мен Баянауылдағы Жасыбай батырдың жерленген жері, сонымен қатар, Баянауыл ауданындағы Ескелді жеріндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да кесенесін көзбен көргендей әсер береді.

Әрі сурет үңіле қараған адамға тұнып тұрған тарихтан сыр шертетін өнер туындыларын Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінен тамашалауға болады. Экспозицияда Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері, педагог-суретшілер мен шығармашылық мамандықтарда оқитын студенттің 40 кескіндеме туындылары қойылған.

 Бұл көрме қала тұрғындарына Керекудің қасиетті жерлеріне саяхат жасағандай әсер қалдырары сөзсіз.

Назерке ЖАРТЫНҚЫЗЫ,

облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button