Жаңалықтар

Кентте биыл да су тапшы

           Балқашқа қарасты Жұмысшылар кенті биыл да су тапшылығын тартып отыр. Қыс түскелі кентте ауыз су табу мұңға айналды. Осындағы елдің кәдесіне жарап келген жеті-сегіз су шүмегі (колонка) қарашадан қажетсіз. Өзегіне мұз тұрған. Қазір шелегін ұстаған бұқара қалған қос «колонканың» асты-үстінде. Күн қабақ шытса, баласындай қымтайды…
Жұмысшылар кентін ел арасында «Рабочий поселок» дейді. Бірыңғай жеке үйлер. Арасында суды үйге кіргізіп алғандар да бар. Әйтсе де, дені – «колонкаға» кіріптар.
Өзегін мұз керген шүмектердің жайын бұрын да мақалаға өзек етіппіз. Жеті жыл бұрынғы жазбамыз бар. «Орталық Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 24 ақпандағы санында «Мұз құрсанған шүмектер» тақырыбымен жарық көрді. Мақалада қыс бойы үш «колонка» елді асырап отырғанын келтіріппіз. Арада тура жеті жыл өтсе де, жұрттың уайымы әлі – сол. Су! Алғашқы аязбен құритын судың «қылығына» жергілікті ағайынның еті өлгендей…
«Рабочийдің» ішін аралап шық­тық. Барлық көшені сүзіп өттік. Көргеніміз, тек, Ержанов пен Әлімжанов көшелеріндегі шүмектерден су ағып тұр. Яғни, Теміржол, Ержанов, Сәрсенбаев (бұрынғы Советская), Металлургтер, Школьный, Әлімжанов, Тоқтамысов (бұрынғы Октябрь), Гоголь, Бөкейханов, Абай, 8 наурыз, Жамбыл көшелерінде тұратын ел суды осы қос «колонкадан» тасиды. Көшелердің теріскейден көлге қарай 2-3 шақырымға созылғанын ескерсек, су тасу – еріккеннің ермегі дей алмайсыз.
Амантай Разақов ағамыз – судың әуресін әуелден көріп келе жатқандардың бірі. Әлімжановтағы шүмектің басында кездестік.
– Қалаға табан тірегелі үшінші қыс. Ауылдың тірлігіне үйренген адаммын, қаланың тас үйіне қамалғанды қаламадым. Гогольден үй алдық. Суы – іргедегі «колонкадан» тасымал болды. Мәзбін. Обалы не, қараша түскенше әлгі шүмектің қызығын көрдік. Бірінші ызғырықтан кейін саудасы бітті. Сөйтсек, жылда солай қатады екен, – дейді ақсақал.
Ержанов көшесіндегі «колонка» күтімнің арқасында тұр. Сыртқы көше – Теміржолдың тұрғыны Қайрат Көзбаев осында жүр екен.
– Жаз сайын құдығын ашып, тазалап, жабынын жаңартып аламыз. Жылылап, топырағын көтереміз. Үс­­кірік аяздар кезінде шамалы сыздықтатып қою қажет. Қатып қалмау үшін. Қазір жарты «рабочий» осы жерден су алып отыр. Мұны бізге өкімет жасап бермейді ғой, – дейді Қайрекең.
«Өкімет» дегеннен шығады… Осы су шүмектері 2010 жылы мемле­кеттік бағдарлама шеңберінде орнатылып еді. 90-шы орам мен Жұмысшылар кентінде 15 млн. теңгеге жуық қаржыға 15 шүмек тұрғызылды. Мердігер «ресейлік өнім» деп мақтауын келістірді. «Ресейлік өнімді» кейбіріміз «советский сапа» деп түсіндік сонда. Әттеген-айы – құрылғылардың басым бөлігі сол қыста-ақ істен шықты. Қираған құбыр қолды болды. Көктем туа еріген мұздың астынан үңірейген құдықтарды көз көрді…
Айтары сол, жұрттың билікке артар өкпесі мол. Бұқараның базынасын арқалап, жергілікті әкімдікке бардық.
Қала әкімінің орынбасары Әбілқасым Төлеубеков жылы қарсы алды. Жылы қабағын танытты. Қайтейік… Жұрттың жанын жылытар жаңалығы жоқ екен. Әкім орынбасарының әңгімесінен ұққанымыз, себеп – сол бая­ғы қаражат тапшылығы.
– Кенттегі мәселені жақсы білемін. Алайда, оны шешіп тастауға қаржы қолбайлау. Алдағы жылдары құны – 4,7 млрд. теңге болатын ұзақмерзімді жобалар жүзеге асырылады. Мұның аясында қалаішілік коммуналдық желілер, су жүйелері кезең-кезеңімен жөнделеді. Тағы бір ауқымды іс – Төменгі Тоқырау су таратқышын жөндеу қажет. 1961 жылы тұрғызылған нысан әбден тозған. Қазір мемлекеттік сараптамаға жобалық-сметалық құжаттамасын жолдадық. Әзірге, құны – 7,8 млрд. теңге шамасында. Бұдан бөлек, бірнеше жоба тұр. Барлығын тиісті органдарға жолдадық. Тек, қаражат қажет, – дейді Әбілқасым Оңалұлы. Айтуынша, «колонколардың» күтіміне «Балқаш су» кәсіпорны жауапты. Бірақ, кейінгі кезде бұл мекеменің тиісті жұмыстарды жүргізуге қаржылық мүмкіндігі жоқ. Яғни, жақын уақытта «рабочийлықтар» су сарсаңынан құтылмасы анық.
P.S: Несін айтайық, қазір қарт пен балаға «ермек» табылып тұр. Күншуақта зерігіп отырған шал-шауқан көрмейсіз. Сырғанақ үйіп, қызық іздеген бала да шамалы. Әке мен шеше жұмысқа кеткенде үйдегі шаруа ата мен немеренің мойнында. Күнде түске таман шана сүйретіп, суға баруы керек…
Биліктің қауқары белгілі. Жұрт көктемді күтіп жүр…

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button