Жаңалықтар

Кеншілер шаһарында – кемел білім

Қарағанды – Қарағанды болғалы білім мен ғылымнан бір елі ажырап көрген емес. Оған куә – 92 жылдық тарихы бар Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты. Бұл – шаһардағы ең көне білім ошағы болса, ең кейінгі ашылғаны – №102 мектеп-гимназиясы.

Шаһардағы оқу орындары білім сапасы тұрғысынан республика бойынша да үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Осы күні қалада 6 жоғары оқу орны, 20-дан астам колледж, 85 жалпы білім беретін мектеп бар. Бұдан бөлек, 7 мамандандырылған мектепинтернаты, 113 мектепке дейінгі білім беру ұйымы және 10 мектептен тыс ұйым, 57 жеке меншік білім беру ұйымы, 4 жетімдер үйі, 8 арнайы коррекциялық білім беру мекемесі, 28 мектепте 161 инклюзивті сынып орналасқан.

Аталған білім ордалары мен білім ошақтары санын аз, не болмаса көп деп айтуға келмес. Мәселе онда да емес. Айтпағымыз, шаһар іргесі қаланған сонау 1930-1940 жылдар аралығында қалада жалпы білім беретін 29 мектепте небары 22 158 оқушы білім алса, осы күні бұл көрсеткіш күндізгі (67576 оқушы) және кешкі (401 оқушы) мектептерде барлығы 67977 оқушыға дейін жетті. Ондағы 32% оқушы мемлекеттік тілде оқиды. Яғни, өткен ғасырдың алғашқы жылдарымен салыстырғанда оқушылар саны 3 есе артты деген сөз. Әрине, Кеңес Одағы ыдыраған жылдары өзге мемлекеттер мен облыстарға қоныс аударған байырғы қала тұрғындары аз емес. Соған қарамастан, тұрғындар саны да, оған тікелей сабақтас оқушылар мен студенттер саны да артып келеді.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен мектеп педагогтерінің саны 7413 болса, соның 4310-ы мектеп мұғалімдері. Сондайақ, 2018-2019 оқу жылы басында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 19 бірлікке ұлғайып, 113-ке жетті. Оның 52-сі – жекеменшік, 61-і – мемлекеттік. Соның ішінде, балабақшалар саны – 42, шағын орталықтар – 17 (барлығы толық күн ырғағында жұмыс істейді), «мектеп-балабақша» кешендері – 2 (№33, №77).

Сондай-ақ, қаладағы 15 (мемлекеттік – 10, жекеменшік – 5) қосымша білім беру ұйымдарында 11563 бала тәлім алуда. Қамтылуы – 18,9%. Орта білімнің қолжетімділігін қалада түрлі типтегі жалпы білім беретін мектептердің дамыған желісі қамтамасыз етуде. Шаһарда барлығы 85 мектеп бар десек, соның ішінде, жекеменшік мектептер – 6, мемлекеттік – 79 (орта – 60, негізгі – 19), инновациялық – 17, мектеп-интернаттар – 3 (№4, №22 және №68). №41 орта мектеп ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 11 тамыздағы №500 қаулысымен Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепгимназия болып өзгертілді.

Басқа материалдар

Back to top button