Кенші әйелдер ерлігі ешқашан ұмытылмайды

Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын қыстау кезеңде жолы жіңішке қауымның ерлер ісін қабырғасы қайысса да, қабақ шытпай жұмыла атқарғаны тарихтан аян. Атпал азаматтар майданға аттанғанда Қарағанды шахталарын қарағандылық қыз-келіншектер қаңыратып, қаратып қойған жоқ. Жігерін жанып, Жер астына түсті. Қолына қайла алды. Тонна-тонна көмір өндірді. Ерліккке пара-пар еңбек етті. Бұл — мәңгі ұмытылмақ емес. Бәрі қалай басталып еді?..

Еліміздің шығысында көмір металлургия ендірісін көтеру мақсатында Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1942 жылғы 13 қыркүйектегі «Қарағанды көмір бассейнінде көмір шығаруды арттыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» БК (б) П ОК-нің 1942 жылғы 24 қыркүйектегі «Көмір өндіруді арттыру міндетіне байланысты Қарағанды көмір бассейнінде партиялық жұмысты жақсарту жөніндегі шаралар туралы» қаулылары қабыл­данды. Осы қаулыларды жүзеге асыруға байланысты басты міндет­тердің бірі кадрлар мәселесі болды. Оны шешуде облыс партия ұйымы Қарағанды әйелдерінің «Еңбекте майдандағыдай күш жұмсайық» деп көтерген патриоттық қозғалысына сүйенді. Ұлы Отан соғысы кезеңінде жұмысшы әйелдердің саны екі еседей артты, өндірістік кәсіпорындардағы барлық жұмысшылар санының 48%-ы, көлікте 40%-ға жуығы әйелдер болды. Көмір бассейнінде кенші әйелдердің саны 5,5 есе артты. Жер асты жұмыстарында 5 мыңдай әйел жұмыс істеді, олардың ішінде 1060-ы көмір құлатушы болды. Еліміздің батыс ауданынан көшіріліп әкелінген байырғы жұмысшылардың, инженерлердің, мамандардың жетекшілігімен бұ­рын ерлердің үлесіне тиіп келген кеншілердің, металлургтердін, темір жолшылардың, құрылысшылардың мамандықтарын меңгерді, жаңа техниканы игерді.

Қарағанды әйелдерінің жо­ғарғы патриоттық саналылығы шығармашылық бастамаларда, Со­циа­листік жарыстарда көрін­­ді. Ж.Мұқанова 3-бис шахтас­ында бірінші болып көмір құлату­шы мамандығын игерді. Б.Омарова №1 шахтада тасылмалшы тәжірибесін жинақтады. Кенші әйелдер А.Жданова, М.Кәрі­мова, К.Құлжанова, 3.Раева, М.Смағұлова, Б.Тәшкеева, М.Тұрлы­баева, т.б. еңбектегі ерлігімен даңққа бөленді. Ұлы Отан соғысының аяғында забойларда 2450 әйел жұмыс істеді (олардың 935-і көмір құлатушы, 68-і инженер, техник қызметкерлері, 126-сы онбасы). Көмір бассейнінің кәсіпорындарында комсомол жастардың майдандық 46 бригадасы жасақталды (№21 шахтада Пирожкованың, С.М.Киров атындағы шахтада Полохованың, №18 шахтадағы Деминаның, №19 бис шахтасындағы Воронинаның, т. б. бригадалары). Бұл бригадалар тәулігіне 1,5-2 норма орындап жүрді.

Қарағанды әйелдері жұмыстан тыс уақытта темір жол вагондарына 433 мың тонна көмір тиеді. Жоспардан тыс 100 мың тоннадан астам көмір өндірді. 300 өндіріс орындарын жөндеуден өткізді. 8 млн. дана іш киімдер мен жұмыс киімдерін жуып, жамады.

«Қарағанды әйелдері» аталған 3 санитарлық самолет жасауға қаржы жинап өткізді. Ай сайын қорғаныс қорына бір күндік еңбекақы аударып отырды. Олар Чистякою қаласындағы балалар үйінің құрылысына 1307 мың сом, Минск қаласындағы осындай құрылысқа 395 мың сом қаржы жинады. Витебск қаласындағы балалар яслиі жабдықталды. Осакаров ауданының әйелдері республиканың балалар үйлеріне азық-түлік пен жылы киімдер, ақша (68496 сом), ата-аналары майданда қаза тапқан балаларға пионерлер лагеріне бару үшін тегін жолдамалар жіберді. Жетім балаларды өз тәрбиесіне алуда, оларға қамқорлық көрсетуде, балалар мекемелеріне орналастыруда әйелдер елеулі рөл атқарды. Олардың жетекшілігімен 416 бала әр түрлі өндіріс мамандықтарын игеріп майданға кеткен жұмысшылардың орнына тұрды. Жетім балаларға көрсеткен қамқорлықтары үшін әйелдер Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің алғысын алды. 22 жұмысшы әйел, олардың ішінде машинист Р.Бүкірова, шырақшы О.Лекерова, т. б. орден және медальдармен марапатталды, 97 адам ҚазКСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 65 адам көмір өнеркәсібінің Құрмет белгісімен марапатталды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.