Бас тақырыпЖезқазған

Кенді өлкенің келешегі – кемел

Жезқазған мыс балқыту зауыты соңғы он жылда алғаш рет толық өндірістік қуатына шықты. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШСне қарайтын зауыт жұмысы жанданды. Мұнда екінші рудотермиялық пеш іске қосылды. Пешті іске қосу салтанатына облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ және «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Эдуард ОГАЙ қатысты.

ЕКІНШІ ПЕШ – ЕЛЕУЛІ ЕКПІН 2009

2009 жылдан бастап кәсіпорында шикізат жеткіліксіз болғандықтан, тек, бір пеш қана жұмыс істеген болатын. Енді, көп жылдарға созылған үзілістен кейін зауыт толыққанды жұмыс режиміне оралды.

Мыс балқыту зауытының металлургтерін құттықтай келе, аймақ басшысы аталмыш өндіріс ошағының, тек, біздің облыс үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды екенін атап өтті.

– Егер зауыт он жыл көлемінде өзінің жартылай қуатында ғана жұмыс істеп, 100 мың тонна мыс өндірген болса, енді екінші пештің көмегімен еліміз 200 мың тонна мыс алатын болады, – деді Ерлан Қошанов. – Бұл, бірінші кезекте, Елбасының тікелей тапсырмасымен Жезқазған маңында жаңа минералды кен орындарын барлау, ашу және құрудың арқасында мүмкін болып отыр. Жезқазғанның болашағы үлкен деп ойлаймын.

Бүгінде кәсіпорын шикізат базасын кеңейте алды. Мұнда жаңа тау- -кен байыту нысандарын іске қосқан «Каз Минералс» ЖШС үлесі зор.

– Бүгін біз Жезқазған мыс балқыту зауытының қайта жандануына куә болып отырмыз. Бірінші кезекте, мен Елбасымызға 2012 жылы «Қазақмыс» Корпорациясының кен-шикізат базасын толықтыру туралы шешім қабылдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деп атап өтті «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Эдуард Огай. – Сонымен қатар, зауыт ұжымына да үлкен рахмет дегім келеді. Осының барлығы сіздердің көз алдарыңыздан өтті. Нәтижесінде, өндірісімізде барлығы қайта жанданып, бұрынғыдай жұмыс істеуді бастап келеді.

Екінші пештің іске қосылуы 600-ге жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Екі пештің жұмыс істеуі барысында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы саны 2 мың адамнан асады.

Бүгінгі таңда зауыттың қуаттылығы – жылына 220 мың тонна катод мысын құрап отыр. Айта кету керек, зауытта мысты катодқа жалпылай бөліп алу дәрежесі жоғары.

– Жезқазған аймағының дамуы Елбасының ерекше назарында. Бірнеше жыл бұрын Президенттің тапсырмасымен республикалық маңызы бар теміржол тартылған болатын. Сонымен қатар, құрылыс және жол инфрақұрылымдары да жақсартылуда. Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде, жолдар жөнделіп жатыр. Келесі жылы үлкен спорт кешені және дарынды балаларға арналған мектеп салынады. Осының барлығы Елбасының аймақтарды дамыту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда, – деп атап өтті облыс әкімі Ерлан Қошанов. – Егер, өндіріс әрі қарай дамыса, әлеуметтік мәселелер де шешіледі деп ойлаймын.

«ULY DALA» – арзан тауар аймағы

Жезқазған тұрғындары үшін тағы бір қуанышты оқиға заманауи «ULY DALA» гипермаркетінің ашылуы болды. Ол басқа дүкендерден төмен бағаларымен ерекешеленеді.

«Кazakhmys Holding» ЖШС құрылысқа 2 млрд. теңге инвестиция салған. Жобаның бас мердігері және операторы – «ПИК «Ютария ltd» ЖШС.

– Бұл нысанды құру барысында «Кazakhmys Holding» отбасылық бюджетті қолдап, пайдалы тағам ұсынуды мақсат қылған. Біз негізгі азық-түлік өнімдерінің бағаларын талдадық. Біздің гипермаркеттегі негізгі тұтынушылық себетінің бағасының төмендігі – орта есеппен 28,7%-ды құрайды. Біз бұған өнім өндірушілермен және жеткізушілермен тікелей жұмыс істеудің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Гипермаркетке шамамен 50 отандық компанияның өнімі қойылды, – деді «ПИК «Ютария ltd» ЖШС басшысы Сәуле Шәуенова.

Бұл нысандағы барлық процесстерді басқару үшін автоматтандырылған есептеу бағдарламасы, әлемдік өнім өндірушілер тауарларының өзіндік құнын есептейтін бағдарлама, ұрлыққа қарсы жүйе орнатылған.

«ULY DALA» гипермаркеті Жезқазған-Сәтбаев жолында орналасқан. Күніне 3 мың адам қабылдауға қауқарлы. Гипермаркеттің ашылуы 180 жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.

Тариф құны төмендеді

«Қазэнергоцентр» ЖШС 1 желтоқсаннан бастап Жезқазған және Сәтбаевта энергиямен қамту қызметі тарифін төмендетті. Бұл туралы аймақ басшысына Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов қала активі барысында мәлімдеді.

Тұрғындар үшін тариф 4,4%-ға төмендеді. Ал, заңды тұлғалар үшін – 3%-ға.

Қала бойынша жалпы үнемдеу сомасы айына, шамамен, 3,7-4,2 млн. теңгені құрайды. Жылына – 47 млн. теңгеге жуық.

Өзгерістер ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес жүргізілді. Бұл құжат қуат өндіруші компаниялардың шекті тарифтік деңгейлерін бекітті.

«Тарифтердің төмендеуі шағын және орта бизнес үшін де оң ықпалын тигізеді» деп санайды қала басшылығы. Кәсіпкерлікті дамыту, өз кезегінде, аймаққа жұмылдыратын инвестициялар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері мұнда сауда және қызмет көрсету саласында жаңа 28 бизнес нысаны пайда болды. Ол жаңадан 106 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Инвестициялардың жалпы сомасы 748 млн. теңгені құрады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша биыл жалпы сомасы 500 млн. теңгеден асатын 16 жоба жүзеге асырылған.

Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 243 адам жаңа мамандықтарды меңгерді. 3084 жұмыссыз адам жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне 236 адам жіберілді. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 580 адам қатысты. Жалпы сомасы 85 млн. теңгені құраған 16 шағын несие берілді. Осылайша, аймақта жұмыссыздар саны 20%-ға төмендеді.

Ерлан Қошанов Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдеріне аймақты дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button