Кемелдену кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесін бекітіп, құрамын жариялады. Кеңестің құрылғаны – бірден-бір дұрыс шешім. Аталған шешім арқылы Ұлттық кеңес мүшелерінің азаматтық қоғамның айшықты даму бағытын анықтайтын ашық диалог алаңын құратыны қуантады.

Жаңа орган билік пен қоғам арасында диалог орнатып, жұрттың пікірін ескеретін болады. Алдағы уақытта кеңестің мүмкіншілігін пайдаланып, көп мәселелер оңай шешімін табады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Ұлттық кеңес саясатпен, экономикамен айналысып жүрген қоғам белсенділерін, әртүрлі қоғамдық күштердің мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстыратын болды. Осы орайда, өз саласының білікті мамандары елдегі әлеуметтік жағдайды шешуге бағытталған жұмыстарды үлкен ынта-ықыласпен атқаратынына сенім зор. Әсіресе, кеңес мүшелері әр мәселе бойынша жұмыс топтарын құрып, ауыл-аймақтарды аралап, халықтың пікірімен санасса дұрыс болар еді. Өйткені, азаматтық қоғамға пайдасын тигізетін идеяларды ұсынатын билік пен қоғамның түрлі өкілдері керек. Сонда ғана мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар ұтымды тұжырымдалады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескерсе, мемлекетке де халыққа да тиімді болар ірі жобалардың жүзеге асатыны анық. Ендеше, Президент Жарлығымен құрылған жаңа кеңесті кемелдену кепілі деп қабылдаған абзал.

Мешітбай ОМАР,

еңбек ардагері, Қаражал қаласының Құрметті азаматы.