Қарқаралы

Кемел келешекке нық қадам

Ел Президентінің әкімдерге жергілікті мәслихат пен тұрғындар алдында есеп беру жөнінде міндеттеген тапсырмасы – еліміздің қоғамдық-саяси өмірін демократияландыру үдерісінің маңызды элементі. Осындай маңызды кездесу Қарқаралы ауданында да өтті. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс шақырылған VI сессиясында аудан әкімі Халел МАҚСҰТОВ өткен 8 айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді.

Сессия жұмысын сессия төрағасы Сләмиден Нүркенов жүргізіп отырды. Алдымен аудан басшысы еліміз қол жеткізген толағай табыстар туралы сөз қозғай келе, Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еңселі ел болып қалыптасуымыздың алғышарты екендігін жеткізді. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қазіргі таңда әлемдік ахуалдың күрделі кезеңімен ұштасып отырғандығын, соған орай, берілген міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру бойынша ауданда 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы басшылыққа алынғанын атап өтті. Жиында аса жауапты сәтте ауданда қол жеткізген жетістіктер сараланды.

Аудан бюджетінің кірістер мен шығыстары, жергілікті және жоғары тұрған бюджеттер есебінен берілетін трансферттер, олардың орындалу барысы, «Өңірлерді дамыту», «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламалары бойынша атқарылған жұмыстар, салық түсімі, жалпы бюджеттің орындалуы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, өсімдік пен мал шаруашылығындағы ілгерілеушілік, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясындағы жетістіктер, алдағы міндеттер, жылыжай жұмыстары, егін шаруашылығы, аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, тұрғын үй, ауыз су, автомобиль жолдарының жай-күйі туралы атқарылған істерге тоқтала келе, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет салалары жөнінде жеке-жеке мәлімет берді. Сонымен қатар, діни қарым-қатынастар мәселесі, аудандағы қылмыспен күресу және оның алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы баяндады.

Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында мемлекеттік бюджетке жалпы 763,2 млн. теңге түсті. Яғни, жоспар 113,3%-ға орындалды. Салық базасының орындалысы 58,2 млн. теңгені немесе жалпы жылдық жоспардың 95,5%-ын құрады.

Аудан экономикасының өзіндік ерекшеліктерінің бірі – өнеркәсіп саласы. 2016 жылдың 8 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2429,8 млн. теңгені құрап, жоспар 101,3%-ға орындалды. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында «Өркен-Кентөбе» кәсіпорнының өнім көлемі 1723,3 млн. теңгеге жетіп, жоспар 100,0%-ға орындалды.

Бүгінде «Алтай Полиметалл» кәсіпорнында кен өндіру жұмыстары басталды. Кен байыту комбинатының құрал-жабдықтарын құрастыру жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі кезде тау-кен комбинатының өндірістік жабдықтарына, үгіту-сұрыптау кешеніне, конвейерге екінші кезеңдегі сынамалық жұмыстар жүргізу жалғасуда. Өндірісті өндірістік жабдықтар сынамалық тексеруден толық өткізілгеннен кейін іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 1000 тоннаға жуық мыс концентраты алынған. Биылғы жылы жоба бойынша 10,1 млрд. теңге инвестиция игерілген.

Келесі ірі жобаның бірі – аудандағы «Алайғыр» кен орнында полиметалл кендерін өндіру және қайта өндеу» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аймақтық Индустрияландыру картасына енгізілген. Жалпы құны – 41,2 млрд. теңге. Жылына 60 мың тонна қорғасын қойыртпаларын шығару жоспарланған. Бүгінгі күнге кен бетін ашу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан бойынша сегіз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12133,7 млн. теңгені құрап, 113,0%-ға жетті. Жылдан-жылға ауданның салық түсімі көбеюде. Егер, 2006 жылы бюджетке 244 млн. теңге түскен болса, биылғы жылы 562 млн. теңге түсті. Бұл екі есеге артық.

Ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстар жасалуда. Осы бағдарлама аясында, ауданнан 2 жоба әзірленіп тиісті органдардың қарауына жолданды. Биылғы жылы гранттық қаржыландыру мақсатында құны 2 млн. теңге тұратын 1 жоба қолдау тапты. Аудандағы шағын бизнес субъектілерінің саны 1615 болып, 100,6% құрады. Шағын кәсіпкерлік саласында тұрақты жұмыс істейтін адамдардың саны – 3336-ға жетті. Осы салада биылғы жылы барлығы 129 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 150 жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.

Ауыл шаруашылық өнімінің көлемі де 11751,1 млн. теңгені құрап, жоспар 119,2%-ға орындалды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында, биыл елді мекендерді дамытуға 28,8 млн. теңге қаралды. Мұның ішінде ауыл клубтарын ағымдағы жөндеу жұмыстары, су құбыры жүйелерін жөндеу, балалар ойын алаңдарын орнату, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары бар. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламаның бірінші бағыты бойынша ағымдағы жылы 26 нысанға 507,6 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Екінші бағыты бойынша жылдық жоспар 51 адамға 153 млн. теңге несие беру болса, 8 айдың ішінде 45 адам 118,3 млн. теңге несие алып отыр. Үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 8 айдың ішінде 25 адам жұмысқа қабылданып, жылдық жоспар орындалды. Аудандық бюджет есебінен биылғы жылы елді мекендерді көркейтуге, жолдарды жөндеуге және басқадай коммуналдық шығындарға барлығы 5,839 млн. теңге бөлінді.

Аудан халқының әлеуметтік әлеуетінің артуы мен экономикасының ілгерілеуіне елеулі үлес қосып отырған жоғарыда аталған нақты салалар сараланғаннан кейін көпшілік көкейінде жүрген сұрақтар да қойылды. Аудандық мәслихаттың депутаты Рымбек Смағұлов Егіндібұлақтан Айрыққа дейінгі жолдың жағдайын айтып, қажетті жөндеу жұмысы жүргізілсе деген ұсынысын жеткізсе, депутат Мұхит Адамов келесі жылы туғанына 350 жыл толатын Қаздауысты Қазыбек бидің мерейтойы елеусіз қалып қоймаса екен деген тілегін жеткізді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Бабайбеков электр энергиясына қатысты тариф мәселесінің жай-жапсарына алаңдаушылық білдірді.

Барлық сұрақтарға тиісінше нақты жауаптар берілді. Аудан басшысы сөзін қорыта келе алдағы уақытта да халықпен бірлесе отырып ілкімді жұмыстарды іске асыратындығын және белгіленген жұмыстарды жүзеге асыруда біріге атсалысуға шақырды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button