Келісті құжат — кемелдену кепілі

Тиімділік пен нәтижені қамтамасыз ету үшін екі жыл бұрын қабылданған «Қарағанды облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа форматта қабылданды. Енді бұрынғы 126 индикатор 51-ге қысқартылып, бағдарламаға тұрғындардың әл-ауқаты мен табысын көрсететін индикаторлар ғана енетін болады. Сондай-ақ, атқарылған жұмыс көлеміне қарай, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілік деңгейі мен әр өңірдің облыс экономикасына қосқан үлесін де бағалауға мүмкіндік туады.

Бағдарламаның атқарылу барысы Қарағанды облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының және «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында қаралды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жаңа форматтағы бағдарламада атқарылуы қиын және бюджеттен қамтамасыз етілетін индикаторлар болмайды. Әр индикторды орындауға қаржы бюджеттен қарастырылатындықтан, ол орындалмаса, аудан немесе қала әкімінен, болмаса, бөлім басшыларынан сұралады. Индикаторларға қол жеткізу өңір экономикасын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады.

Облыстың экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Әбішева бағдарламаның негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Мәселен өткен жылы экономика бағыты бойынша 10 мақсатты индикатор орындалмаған. Олардың қатарында қайта өңдеу өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, химия және металл өнеркәсіптері бар. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында да атқарылмаған 2 индикатор бар. Дегенмен, облыс экономикасына 15,8 пайыз үлес қосып отырған шағын және орта бизнестегі барлық индикаторлар орындалған. Биыл бұл көрсеткіш 16 пайызға артады деп күтілуде. Гүлмира Әбішеваның айтуынша, әлеуметтік салада да орындалмаған индикаторлар бар. Ауылдан қалаға миграция жалғасуда. Қоғамдық қауіпсіздік бойынша 2 индикатор орындалмай, жол-көлік оқиғасында қайтыс болғандар мен бұрын қылмыс жасамағандардың арасында құқық бұзушылық көлемі артқан.

Ал, құрылыс, көлік, байланыс салаларында өткен жылғы қорытынды бойынша алға қойылған межеге қол жеткізілген. 328,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға беріліп, байланыс қызметі артып, автомобиль жолдары жөнделген.

«Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Сергей Касимов мемлекетік қызмет саласындағы индикаторлардың орындалмауына тоқталды. Мысалы, өткен жылы 245 адам мемлекеттік қызметтен кеткен. «Бұл іріктеудің сапалы жүргізілмеуінен» дейді Владимирович. Дегенмен, кейінгі жылдары мемлекеттік қызметшілерді іріктеу қатаң түрде жүргізіледі деген ол, жұмысқа келетін жастарға мемлекеттік қызметке ақша табуға емес, қызмет етуге келетінін түсіндіру керек дейді ол.

Депутаттардың пікірін тыңдаған аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек «Бюджет – жалғыз, ол созыла беретін резеңке емес әрі барлығына жетпейді. Бірақ, әр аудан бойынша депутаттар айтқан басым бағыттарға көңіл бөлеміз» деді. Бірақ, «алмақтың да салмағы бар» демекші, облысқа қол жайып отыра бермей, қолдан келетін дүниелерді өз аудандарында атқару керектігін тапсырды.

Мәселен, келесі жылдан жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына барлық аудандарға бөлінетін қаржы көлемі екі есеге дейін артады. Сондай-ақ, республикадан бөлінетін бюджет те қомақты болады. Жеңіс Махмұдұлының айтуынша, орта есеппен жергілікті жолдарды жөндеуге биылғымен салыстырғанда 30-40 %-ға жоғары қаржы бөлінеді. Осыған орай, қалалар мен аудандарды қаржыландыру айтарлықтай арта түсетініне кепілдік берген аймақ басшысы ақша қай ауданның жолын жөндеуге жұмсалатыны әкімдердің жұмысына байланысты екенін айтты. Құжатты дайындап үлгерсе – қаржы бар, үлгермесе – ол да жоқ.

– Инженерлік коммуникациялар құрылысына жыл сайын республикадан 100 млрд. теңге бөлінеді. Оның 3,2 млрд. теңгесі Қарағандыға тиесілі. Біз облыстың жер көлеміне байланысты бұл қаржыдан кем дегенде 7-8 млрд. теңге алуымыз керек. Ал, құжат мерзімінде дайын болмайтындықтан, мемлекет бөлетін ақшадан қағылып отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Айта кету керек, келесі жылы Қарағандының өзінде ғана 400 мың шаршы метр құрылыс салу жоспарда. Осыған орай, құжаттары дайындық үстіндегі үшінші жылу желісі салынар болса, құрылыс салуға болатын жаңа учаскелер пайда болады. Сондай-ақ, Қарағанды-Балқаш жолына республикадан 105 млрд. теңге бөлінеді. Одан бөлек, Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда жолын қайта құрылымдауға республикалық бюджеттен 400 млн. доллар бөлінбекші. Ал, бұл жаңа жұмыс орындары, бюджетке салық әрі жергілікті мазмұн пайдаланылатындықтан, халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етері сөзсіз.

Отырыс соңында барлық деңгейдегі мәслихаттар фракциясы басшыларына, облыстық және аумақтық партия филиалдары төрағаларына ұсыныс жасалып, моноқалаларды, аудандар мен ауылдарды ауыз сумен, газбен, жылумен қамтамасыз ету және нысандарды салуға байланысты мәселелерді ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Салтанат ІЛИЯШ