Келісімнің Қазақстандық моделі

«Қазақстан 2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің осындай бірлікті ел болмысымыздың кепілі. Мәдениет тіршіліктің тірегі. Ортақ игіліктің ұлықталып, ұлы істерге ұйымдастырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім бәрінің тамыры мәдениетте. Келісім – экономика мен саясаттың қауіпсіздігіндегі өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті мәңгілік болуы керек. Демек, татулық пен тұрақтылық, ең алдымен, ел иесі ретінде қазаққа қажет. Этностар бір халыққа айналды. Бірлігіміз нығайса, барлық жоспарларымызды орындауға мүмкіндік туады».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Жасыратын несі бар, бүгінде бірлік мерекесі десек, көз алдымызға келетін әуелгі сурет – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ондағы сүттей ұйыған 100-ден астам ұлыс өкілі. Олардың өзіндік ұлттық киімдегі бейнесі. Санамызда жарқ ете қалады. Өйткені, елдегі бірлік пен ынтымақтың, татулық пен келісімнің алтын бесігі осы – Ассамблея екенін өзіміз ғана емес, өзгелер де мойындап отыр. Қазақстандағы татулықтың бұл моделі өзге ешбір елде жоқ. Бұл баламасыз әлеуеті зор саяси һәм қоғамдық институтты жылдар жаһанға мойындатты.
Жер жаһанның бірден-бір аузы дуалы бас ұйымы БҰҰ болса, оның Бас хатшысы Па Ги Мунның өзі Ассамблея рөлінің мән-маңызына қол қойып, қол қусырғаны осының айғағы. Жалпақ елге жалбақтай бермейтін бұл ұйымның Бас хатшысы Қазақстанға сапарында Ассамблея жұмысымен танысып, оның БҰҰ-ның ұстанған қағидаттарына пара-парлығын айтып, таңдай қаққанын білеміз. Бір мемлекеттегі сан алуан ұлт баласын бөле жармай бұлайша ұйыстырудың қазақстандық моделі әлемге үлгі ретінде ұсынылғаны және бар. БҰҰ-да, ЕҚЫҰ қатысушы елдерге және өзге де әлем елдерінің астана форумдарында жария етілгеніне дүние жүзі куә. Оған қоса, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің тіліне аударылғаны да Ассамблеяның саяси-құқықтық салмағын көрсетсе керек.
«Түркияның белді саясаткері Намык Кемел Зейбектің «Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда Түркия Қазақстанға үлгі болады деп ойлағанбыз. Ал қазір, керісінше, Қазақстан Түркия үшін үлгі болды», – депті. Қазір әлемдік саясаткерлер Нұрсұлтан Назарбаевты Рузвельтпен терезесі тең тұлға ретінде санайды. Себебі, олар Елбасымыздың ұлттық бірлікке қол жеткізу жолындағы атқарып жатқан шаруаларын Рузвельт армандарының жүзеге асуымен теңестіреді дейді деректер.
Тарихи құжаттардан мәлім, Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын 1992 жылғы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында жария еткен. Арада үш жыл өткенде, яғни, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Ассамблея ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. 2008 жылғы 20 қаңтарда еліміздің Президенті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды.
Қазақ туған жерінен тағдырдың тәлкегімен айдалып келгендердің ешбірін кеудесінен итерген жоқ. Бүтінін бөліп, жартысын жарып жеді. Осы күні елімізде өсіп өнген өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары сол баба жақсылығын жадында мықтап сақтаған. Соның шынайы бір белгісі бүгінгі елдегі – бірлік. Ұлт пен ұлыстың арасындағы сына қақса да араздық сығалай алмайтын татулығы.

Қызғалдақ Айтжанова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.