ӘдебиетБас тақырып

Келін (Әңгіме)

 

 

1.Жаздың қысқа түндері

Апасы алғаш рет: «Жоғарғы ауылдағы Еламанның қызына құда түспек ойым бар» дегенде, Тоқтас: «Ой, әне бір қызға ма?» деп жақтырыңқырамай қалған. Мектепте екі класс төмен оқыған еді.

– Е, несі бар екен?

Біреудің алақанына салып, әлпештеп отырған қызы. Ой, әдіре қал, сенің де біреуді менсінбей қалғаның, – деп апасы бірден жекіп ала жөнелді. – Қолы сия-сия боп, гөрпілдетіп кең етік киіп жүруші еді. – Қолы сия болса, содан бері жуған шығар. Сол етігін гөрпілдетіп әлі сүйретіп жүрмеген де болар. Уайымының түрін… Есі кіріп, енді келіншек алғалы отырған жігіттің сөзіне қара? Ой, әдіре қал… Апасы көп тәжікелесуді көтермейтін, мінезі шадыр адам. Айтты – бітті. Көп ұзамай Тоқтас Әлдібек деген жақын туысымен бірге жоғарғы ауылға қыз көруге барды. Баяғыда көріп едім дегенмен, адам өзгеріп кете береді екен. Қыз бой жетіпті. Бой жеткендігі болар, тіпті әдемі болып кетіпті. Тоқтастың өзі де айран-асыр қалды. Аяғында баяғы гөрпілдеген кең етік жоқ. Қасықтай биік өкше қара туфли. Қыз шай құйып, сымдай нәзік ақ сүйрік саусақтарымен шай құйылған кесені өзі ұзатып отырды. Тоқтас сонда байқады. Қолдың баяғы сиясы кеткен. Сия демекші… Мұндай қолды бір кезде сияға былғанып, адам көргісіз болып жүрді дегенге сену қиын… Өзге түгіл, Тоқтастың өзі де сенбес еді. «Әй, ол басқа бір қыздың қолы шығар» деп ойланып қалар еді. Қыздың атын да ұмытып қалған екен, шай ішіп отырып есіне алды. Нұршат…

Бұрын оның атына да мән бере қоймаған екен. Ойлап қараса, ат біткеннің әдемісі осы! Ендігі жерде «Қыз ықыласы қалай екен? Әке-шешесі не дер екен? Әу баста көнген сыңай білдіріп, келе-келе: «ойланып қарасақ, реті келіңкіремейді екен, қызымыз жас, басы байлаулы көрінеді, олай да былай екен» деп әңгіменің соңын пышыратып жіберетіндері де жоқ емес» деп ойлады. Ауылға қайтып келе жатып атын шоқырақтатып қайта- қайта оза берген Әлдібекке:

– Әлдеке, қалай екен? – деді.

Мұндағысы қыз туралы пікірін білгісі келгендіктен ғана емес, алда болатын той бағдарын да айтып қалар ма екен деп дәмеленгені-тін. Әлдібек томаға-тұйық жуас кісі еді, оқыс ой айтатындай түйіліп ұзақ отырып барып:

– Келінім бұлдырықтың балапанындай сүйкімді бала екен, – деді де, Тоқтас қанша ынтыға күтсе де, Әлдібек одан әрі үндемей қойды.

– Жоға… Әлгі құдаларыңыз не дейді? – Жауабын жеңешеме берер… Біздің міндетіміз келінді көріп қана қайту ғой, – деп Әлдібек әңгімені Тоқтастың шешесі Балымға сілтеді де, атын шоқырақтатып тағы да алға түсті.  

* * *

Енді Тоқтастың тезірек үйленгісі келді. Нұршат ұйықтаса түсінен, тұрса ойынан кетпей қойды. Түсіне баяғыша аяғына гөрпілдеген етік киіп, қолы сия-сия болып енеді де, кейде ақ сүйрік саусақтарымен бұған шай ұсынып отырады…

Соңғы кезде: «Құдалары түспегір қайтып айнып қалмаса етті» деп уайымдайтын болды. Жақсы хабар айтып қалар ма екен деп апасының сөзіне құлақ түреді. Жоқ… Нұршат жайлы, той қамы туралы ештеңе айтылар емес. Ақыры шыдай алмаған соң, бір күні екеуден-екеу пеш жанында тамақ ішіп отырғанда:

– Апа, анадағы әңгімелерің не болды осы? – деген.

– Жазға қалды ғой… Жайлауға шыға той жасаймыз.

– Ой-й, – деді Тоқтас тыжырынып.

– Жайлауға шыққанша не заман? Апасы қайтып үндеген жоқ. Сөзім сөз дегендей міз бақпай отыра берді. Қайткен күнде де апасының шешімін өзгерткісі келгендей:

– Мал төлдеткен кезде қолғабыс етер еді, – деді Тоқтас тағы да. Апасы бұған зілмен қарады. Қарап-қарап отырды да:

– Сандалған неме, – деді.

– Сандалған неме…

Қой төлдетейік деп жатырмыз, «соған керек болып тұр, қызыңды тезірек бере қал» деп те кісі біреуге құда түсе ме екен?.. Қолы сия, етігі кең деп кекірейіп едің, енді қайдан асық бола қалдың?.. Тоқтас төмен қарады. Одан әрі апасына тағы да бірдеңе деуге батылы жетпеді. Бар болғаны іштей: «Апам да қызық… Жайлауға шығып, жалғыз үй отырып той жасағанда, нендей тамаша болады деп жүр екен?» деп ойлады. …Жайлауға шыға тойлары болды… Тойға жиналған тума- жегжаттар екі-үш күннен кейін тарасты да, айдаладағы жалғыз үйде апасы, Нұршат үшеуі ғана қалды. Жайлауға шығып жасаған тойдың қызықсыз көрінетіңдей болып жүргені әншейін ғана нәрсе екен. Әрі-беріден соң, Тоқтас жалғыз үй отырып үйленген қызық па деп қалды. Нұршат тіпті құлпырып кеткен, Әлдібек екеуі барып көретін жолыда әншейін-ақ екен. Тап қазір оған теңесер сұлу дүниеде жоқ сияқты. Отырғаны қандай… Тұрғаны қандай… Шайы көйлегі сусылдап үйді айналып, әрлі-берлі жүргені қандай… Тоқтас өз келіншегіне өзі таңырқап, аузы ашылып қарайды да отырады. Азаннан кешке дейін қарауға жалықпас еді, әттең, қой бар…

Азанда кетіп, кешке келу керек. Той өткеннен кейінгі екі күн қатарынан қойды маңайға тастап, үйге келіп түстеніп жүрген. Қарыны ашқандықтан ғана емес, үйге қарай аңсары ауады да тұрады. Нұршатты көргісі келеді. Нұршаттың дауысын естігісі келеді. Нұршаттың қолынан бірдеңе жегісі келеді. Алғашқы екі күнгі келгеніне апасы да үндеген жоқ еді, үшінші күні аттан апыл-ғұпыл түсіп жатқан Тоқтасқа: – Әй, келіншегіңді қасқыр жейді деп қорқасың ба? Үй маңынан шықпай қойдың ғой. Келіншегіңнің жанында дардай кемпір отырғанда қасқыр да ойланатын шығар. Үй маңына жайған мал оңала ма? – деді апасы. Тоқтас үндемей қалды. Атының шылбырын қазыққа байларын әлде қайтадан кетерін білмей біраз түрды да: – Енді тамақ ішпейміз бе? – деді күңк етіп.

– Күн сайын үйінен түстеніп жүрген қай қойшыны көрдің? Қойшының күнделікті тамағы бір таба нан мен бір қарын айран… Апасының сөзіне ашуланып, қайтадан қойға кетуге бет алып, атының шылбырын ердің басына іле бергені сол еді, апасы тағы да: – Келгеннен кейін несіне қайтасың енді? – деді. Сонан соң ошақ басында жүрген Нұршатқа дауыстап:

– Нұршат-әй, мынауыңды кешке дейін аман-есен жететіндей етіп, тойғызып жібер, – деді. Қанша намысқа бекінсе де, Нұршаттың атыг аталған соң-ақ Тоқтас қайтадан жуасып қалды. Ерінің басына іле берген шылбырды қолына қайта алды. Әсіресе апасының өзін Нұршатқа теліп “мынауың” дегені көңілін жібітіп жіберді. Үйге кіріп тамақ ішті. Тамақ ішіп жатқанда келіншегі шайы көйлегі сусылдап кеп жанына отырды. Үлбіреп отырғаны қандай!.. «Апам кейіп тастады-ау өзіңе, ештеңе етпес» дегендей жәудіреп қарағаны қандай. Тоқтас ішіп отырған тамағына қараған жоқ, келіншегіне қараумен болды. Қараған сайын елітіп, еріп бара ма-ау, немене… Әрі-беріден соң: «Апама ерегіскенде, қойға бармай-ақ қойсам ба екен» деп те ойлады. Бірақ оған шама қайда?! Кешке дейін емес, тап бір келер жылға дейін кетіп бара жатқандай келіншегіне телміріп қарап-қарап алды да, сыртқа шықты. Атына мініп, қойына кетті. Содан кейін-ақ түскі тамаққа келуді қойды. Апасы айтқан бір таба нан мен бір қарын айран алып таңертең кеткеннен кешкісін бір-ақ оралады. Бір көңілді сәтін пайдаланып:

– Апа, түсте ыстық тамақ ішпеген соң болмайды екен, Нұршатты түсте бір мезгіл маған жіберіп тұрсаңыз қайтеді? – деп еді, апасы бетіне қарап-қарап отырып:

– Сандалған неме, – деді.

– Сандалған неме-ау, күйеуіме ыстық тамақ апара жатырмын деп тау-тасты аралап жүрген қай қойшының әйелін көрдің?! Тоқтас қайтып үндей алмай қалды. Жайлауға шыққан соң үйленсе көңілдері елегзитіндей, зерігетіндей болып жүргені де әншейін ғана нәрсе екен… Әрі-беріден соң кейде апасы да артық болып көрінеді. Апасының көзінше келіншегіне артық ауыз сөз де айта алмайды. Кейде оңашада келіншегін құшақтағысы келіп, еркелеткісі, яғни оған еркелегісі келіп жақындай берсе болды-ақ, киіз үйдің есігін айқара ашып апасы кіріп келеді де, екеуі де қысылып қалады. Мұндайда Тоқтас ішінен:

«Ой, апам да бір-р» деп жаратпаған сыңаймен теріс айналып, әлде біржола сыртқа шығып кетеді. Бұрынырақта: «Келін алсам, онда барам, мұнда барам, баратын жерім көп» деп апасы үйде тұрмайтындай сөйлеуші еді, енді үндемейді. Тоқтас іштей: «Баратын жағына бармай ма екен?» деп ойлайды, бірақ айтуға батылы жетпейді. Ақыры, шыдамы жетпеген соң, бір күні оңашада Нұршаттан:

– Апам ешқайда барам демей ме? – деді.

– Барамын дейді ғой. – Қашан барады екен?

– Жақында.

Тоқтас іштей қуанып қалды.

– Апам кетсе, мен жалғыз өзім қорқатын шығармын, – деп Нұршат уайым білдіргендей болып еді.

– Қорықпайсың.

Жаныңда боламын, – деді.

– Қойды қайтесің?..

«Ой, сол да пәле болды-ау» дегендей Тоқтас бір ауық үндемей қалды да: Апам әуелі кететін жағына кетіп болсыншы, – деді. Ақыры апасы қыдырып қайтуға бекініп, жол жабдығына әзірленіп бола бергенде, автодүкен келе қалғаны. Сатушы Шәйім деген сөзге үйірлеу, қылжақбас кісі еді. Той кезінде бір топ адамның көзінше Тоқтасқа: «Әй, шыныңды айтшы, келіншегіңді жақсы көресің бе, әлде апанды жақсы көресің бе?” деп жаудай састырған. Сасатын да жөні жоқ еді, әйтеуір дегбірі қашып Тоқтас: «апа-а» деп апалақтай берді де, «Нұршат-т!» деп қалғаны. «Нұршат!» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де байқамады. Нұршатты жақсы көргендігі ме, әлде апасын ғана айтса, Нұршат өкпелейтіндей сезілді ме… Жұрт ду күлді. Және жай күле ме, базбіреулері әр нәрсені айтып Тоқтасты мазақ еткендей болды. Баласының балалығына апасы да қызарақтап: «Есі жоқ-ау, екеуін де жақсы көремін демейсің бе?» деп бұған болысып жатыр. Содан кейін-ақ Шәйімді жаратпай қалған. Жаратпағанда не істесін, бұрын-соңды араласып жүрген ағайын. Оның бер жағында енді апасы соның машинасымен кетеді. Қайтып әкеліп салатын да сол болар… Сондықтан Тоқтас кабинадан түсер-түспестен Шәйімнің алдынан шығып сәлем берді.

– Қалай, бала? – деді Шәйім сол қалжыңбас қалпымен, мұның созған қолын ала беріп, сол сөзімен нені мезгеп тұрғаны бұлдыр күйде.

– Жақсы ғой, – деді Тоқтас сол қолының саусақтарымен басын қасып тұрып.

– Ы-ы, – деп ол тағы да баласынғандай сыңаймен Тоқтасқа күле қарап тұрды.

– Келінге бірдеңе аласың ба?.. Тоқтас «алмаймын» дей алмады. «Аламын» дейін десе, осы қу тағы да мазақ ете ме деп қауіпсінеді. Өстіп тұрғанда сөзге анасы келіп араласты:

– Әй, сен жүгермек, менің баламды неге айналдыра бересің? Сенің де келіншек алған кезіңді білеміз. Үйленгеннен соң бір жеті өткенде ағаңа: «Келіншегімнің нан пісіріп, көже істеуден қолы босамайды, еншімізді беріңдер» деп бүкіл ел-жұртқа күлкі болып едің… енді сен де біреуді мазақ еткің келеді-ау?! – Қойдым, жеңеше… Қойдым. Шәйім сөз соңын арсыз күлкіге жеңдірді. Сол күні кешкісін апасы Шәйімнің автодүкенімен совхоз орталығына кетті.  

* * *

Тоқтас отарды үй маңына күндегісінен ерте алып келді. Бұрынғыдай емес, екеуі бір-біріне еркін. Апасының көзінше ұялып сөйлесе де алмайтын. Кешкісін шымылдық ішінде жатқанда ғана ұзақ-ұзақ сыбырласатындары бар-тын. Нұршаттың сыбырлап сөйлегенінің өзі қандай тәтті… Ыстық… Аузынан шыққан демі Тоқтастың құлағының түбін жылытып жібереді… Енді бір-біріне еркін. Дауыстай сөйлесіп, бірін бірі қостап күлісіп те алады. Дауыстап сөйлеп, күліп жүріп Тоқтас: «Ойпырмай, апам да кетті-ау, ақыры… Кеткені қандай жақсы болды! Ана қылжақбас дүкеншінің де Құдай айдап келе қалғанын айтсайшы» деп ойлайды. Нұршатпен бірге ошақ басында жүреді. Нұршатпен бірге үйге кіреді… Апасы болса: «Әйелмен қабаттасып, әйелге ұсап, о несі екен, әрмен жүр» деп ұрсып тастар еді.. Апасы жоқ… Рақат… Қонған шыбынды қаққан боп, Нұршаттың денесін сипайды. Білегінен ұстайды. Сонда да құмары қанбайды… Тамақ ішіп отырғанда да екеуі бұрынғысынша дастарқанның екі шетінен телміріп отырмай, бір-біріне жақын отырды. Тіпті Тоқтас жақын отырайықшы деген де жоқ еді, шайы көйлегі сусылдап кеп, мұның ойындағысын тауып, Нұршат жанына жайғасты. Тамақ ішіп отырып екеуі жарыса апасының өздерімен кетердегі қайта-қайта қоштасқанын, сонан соң Тоқтастың маңдайынан бір, Нұршаттың маңдайынан екі сүйіп болып, кабинаға міне берер кезде көйлегінің етегіне сүрініп құлап қала жаздағанын айтты. Апасы туралы әңгімелеп отырса да, екеуінің негізгі айтпағы басқа… басқа жай секілді біріне бірі құмарта қараумен болды. Тамақтан соң Тоқтастың жатқысы келді.

Бұрын анасының көзінше «ұйқым келіп отыр» деп айтуға да батылы жетпей, сол кісінің: «Ал жатыңдар енді» деген сөзін күтіп отыра беретін. Ерегескендей кейде Нұршатқа жүн түткізіп, өзі ұршық иіріп отырып алатынын қайтерсің… Енді жалтақтайтын ешкім жоқ. Дастарқан жиналысымен-ақ Нұршатқа: – Жатқым кеп тұрғаны, – деді өтірік есінеген болып отырып. Нұршат қарсы сөз айтқан жоқ, шайы көйлегі сусылдап жүріп, шымылдықты сусылдата түсіп, шайы көрпе, шайы жастықтарды сусылдатып төсек салды. Әуелі Тоқтас жатты. Сәлден соң шайы көйлегі сусылдай кеп, Нұршат сусылдатып шайы көрпенің шетін ашты. Күндегідей емес, бір-біріне сөздері де, өздері де еркін. Күндегідей сыбырласып та әуре болған жоқ, ашық-жарқын сөйлесті. Әсіресе Тоқтастың сөйлегені, күлгені қаңғырлап- күңгірлеп қара үйді басына көтеріп кетеді. Ұйқылары келе қоймаған соң, түннің бір уағында қайта тұрып, екеуі алты карта ойнамақ болды. Тоқтастың су жаңа картасы бар еді. Қайсыбір күні іші пысып, Нұршатпен ойнамақ болғанда, апасы: «Жаман үйреніп кетесіңдер. Масқара, жұрт Тоқтастың өзі де, келіншегі де құмарпаз екен деп жүрер» деп рұқсат етпей қойған. Енді қарсылық ететін апалары жоқ. Рақат! Нұршат тұрып, ондық шамды жақты. Тоқтас жиналған текеметтің қуысынан картасын алды. Қайтадан шалбарын киіп әуре болған жоқ. Үй ішінде трусишең жүрді. Карта ойнар кезде де Нұршаттың жанына трусишең отыра кетті. Бұл да рақат! Шарттары да қызық. Тоқтас ұтса, Нұршаттың бетінен бір рет сүйеді де, Нұршат ұтса, Тоқтас оны төрден есікке дейін бір рет арқалап барады. Ә деп бастағанда-ақ Тоқтастың қолына карталар шығып бір берсін… Көзір дейсің бе, түз бен король дейсің бе, өңшең картаның дөкейлері қолынан шықпай қойды. Тіпті Нұршатты оп-оңай ұтты. Оп-оңай ұтқандықтан ба, келіншегінің бетінен сүю қызықсыз болатындай көрінген. Оның бер жағында алты картасыз да сүйіп жүретін беті ғой… Дегенмен, ойын шартына орай, Нұршаттың қашқақтағанына, ұялған сыңайына қарамай ұмтылып еді… Сөйтсе, алты картадан ұтып сүюдің орны бір бөлек екен. Бұл да өзінше қызық болды. Сүйісіп болған соң екеуі де қызарақтап, екеуінің де беттері дуылдап, бір-біріне ұяла қарасып біраз отырған соң, Тоқтас картаны қайта тарта бастады. Екінші ойында Нұршат айла тауып алды. Тоқтасқа еркелеген боп тізесіне шынтақтап, тіпті қолтығына кіріп, мұның картасын қарайтын болды. Қарамасайшы деп Тоқтас та айта алмады. Қайта келіншегінің сол қылығы жарасып тұрғандай… Келе-келе: «Ол картаңды жүрмеші, басарым жоқ, анауыңды жүрші», – деп Тоқтастың жүретін картасын да көрсетіп беретін болды. Амал жоқ. Тоқтас оған да көнді. Ырсың-ырсың күледі де, Нұршаттың сүйріктей саусағы көрсеткен картасын қалай жүріп жібергенін өзі де байқамай қалады. Тоқтас екі рет қатар ұтылып, Нұршатты төрден есікке дейін арқалап апарды. Әуелде келіншегін арқалап жүру ерсі іс сияқты көрініп еді, сөйтсе, бұрын-сонды қиссалардың бір де бірінде жазылмаған ғажайып оқиғаның нағыз өзі болды. Нұршаттың денесі денесіне тиеді. Өзі жеп-жеңіл. Күлкісі қандай! Келіншегін арқалап келе жатып Тоқтас: «Төлеген де Қыз Жібекті өстіп арқалай алды ма екен, шіркін», – деп ойлады ішінен елжіреп. – Әй, арқалай да алмаған шығар… Арқаласа, жыршылар жазар еді ғой. Төлеген марқұмның орыңдалмаған бір арманы осы болған шығар-ау». Апасы болып, Нұршатты арқалап қара үйдің ішінде мұның өңкеңдеп жүргенін көрсе! «Келіншегіңді әлден арқаласаң, жетіскен екенсің?» деп ұрсар еді. Әйтеуір, апасы жоқ. «Әй, апамның кеткені мұндай жақсы болар ма?! – дейді іштей рақат сезімге бөленіп… Үшінші ойында Нұршат тіпті еркінсіп алды. Ана қарғаңды жүрші, мына картаңды жүрші дегенді қойып, енді Тоқтаспен карта айырбастап алатынды шығарды. «Шыбынның дамасын беріп, менен шыбынның тоғыздығын алшы» дейді. Көрші-қолаң қойшылар осылай десе, Тоқтас шарт-бұрт ашуланып, ойынды тастап кетер еді, бәлкім, картаны жыртып та тастар ма еді… Нұршат айтқан соң амалы жоқ. Айтқанына көнді. Әрі-беріден соң бір кезде Нұршат мұның қолтығына басын тығып отырып: «Көзірдің тұзын берші, мен ондық көзір берейін» дегені… Келіншегің сұраған күн- де де, құрығыр көзірдің тұзын мә деп ұстата салу қиын екен. Тоқтас қызараңдап қалды. Қызараңдап отырып:

– Нұршат-әй, буынсыз жерге пышақ ұрдың-ау, – деді.

– Бергің келмей ме? – деді Нұршат та ептеп бұртиған боп. Өкпелегенінің өзі қандай әдемі. Тоқтас іштей: «Берсем бе екен, бермесем бе екен? – деп ойлады. Тағы да:

– Көзірдің тұзынсыз да талай ойнап жүрмін ғой. Берсем, берейін, – деп ойлады.

– Көзірдің тұзы Нұршаттан жақын емес шығар». Әлден соң Нұршатқа амалсыздау айтқандай болып:

– Ала ғой, – деп еді. Ол еркелей сөйлеп:

– Өзің бер, – деді.

Сонан соң өзі ұсынды. Соңғы ойында Нұршат тағы ұтты. Тоқтас оны үшінші рет төрден есікке қарай арқалап келе жатып тағы да: «Алда, Төлеген марқұм-ай, – деді іштей. – Қыз Жібекті бір арқалай алмай дүниеден сен де кеттің-ау. Бірісі кем дүние-ай, опасыз жалған-ай…» Ойыннан кейін Нұршат шайы көйлегі сусылдай жүріп шымылдықты сусылдата түріп, шайы көрпе, шайы жастықтарды сусылдатып төсектерін қайта салды. Тоқтас сыртқа шығып, иірілген отарды бір айналып келіп, қайтадан төсегіне жатты. Тоқтас жанына жата берсе, келіншегі: «Карта ойнай білмейді екенсің ғой» деді еркелей күліп. Күлгені қандай… Тоқтас: «Жоқ, ойнай аламын» деп дауласқан жоқ. Өмірінде бірінші рет ұтылғанына риза болғаны шығар. Келіншегін құшақтап жатып: «Алты картаның қандай ойын екенін бұрын білмейді екенбіз ғой» деп ойлады… Ойынның қызығы алты карта екен. Сәлден соң ол: «Айдалада жалғыз үй отырып, үйленген қызық, тәтті болады екен-ау. Қалың елдің ортасында отырып үйленгендер қайтіп жүр, не ойнайды деші… Дәл мынадай қызық болмайтын шығар-ау… – деп ойлады. – Тойды жайлауға шыққан соң жасаймыз деп апасы қоймап еді. Осылай болатынын білгендіктен екен ғой…» Ол келіншегін бүгін айрықша жақсы көріп кетті. Сол айрықша жақсы көргендігінен болар, киіктің лағындай болып, құшағында жатқан Нұршатқа бір кезде:

– Айналайын-н-н! – деді.

– Сосын… – деді Нұршат, осылай сөйлеуін қызықтағандай, құшағына тығыла түсіп. – Құдайдың бере салғаны… Нұршат сықылықтай күлді. – Жасағанның ие салғаны… Нұршат ұзақ күлді. Және күлгені қандай! Тоқтас ер адам әйелін айналуы керек пе, керек емес пе, айналса, қалай айналуы керек, ол жағын анық білмейтін. Білетіні – өзін жақсы көргенде осылай айналушы еді. – Мұны кім үйретті? – деді Нұршат күлкісін тыя беріп. – Апам… Нұршат тағы да күлді… Осы бір күлкі құла түздегі жайлауға, жайлаудағы жалғыз үйдің төріне мол шашылған күміс сыңғырындай болып көпке дейін естіліп жатты да, ақыры түннің бір уағында барып екеуі құшақтасқан күйлері тәтті ұйқыға кетті… Таңертең отарды күндегіден кеш өргізді. Оның үстіне, көп ұзатқан жоқ. Өзінің үйге келіп тұруына қолайлы болуын діттеп, бір қыр асып барып жайды. Кіші сәскеде келіп, азанғы шайын ішті. Ұлы сәскеде келіп, айран ішті. Іштім дегендегісі әншейін аты ғана. Бар ықыласы келіншегінде. Нұршатты көргісі, Нұршаттың жанында отырғысы келеді. Түс кезінде отарды суатқа ертерек құлатып, өзі атын борбайлата шауып ыстық тамақ ішу үшін үйге келді. Тамақ ішіп отырып Нұршат:

– Түстен кейін мен де қойға барайыншы, – деді.

– Несіне барасың? Қой баққанды қызық нәрсе деп жүрсің бе? Ішің пысады, – деп еді, бәрібір келіншегі көнбеді. – Бәрібір барғым келеді, – деп қиылып отырып алды. Сонан соң Тоқтас көнді. Көнгені сол – атын қайта ерттеп, ердің үстіне той-көкпарға ғана салатын су жаңа құрақ көпшік салды. Сөйтіп жатып: «Ерге Нұршат отырсын, маған аттың жалаңаш арқасы да болады ғой» деп ойлады. Ерге Нұршатты отырғызып, өзі аттың жалаңаш арқасына жармасып, түстен кейін енді қой бағуға екеуі шықты. Дәл осы қалпында көрсе, апасы: «Жетіскен екенсің… О заман да, бұл заман, келіншегінің арқасына жармасып отырған кімді көрдің?» – деп ұрсар еді. Ол кісі жоқ. Рақат… Әуелде: «Қой бағуға апарғаным қалай болар екен? Көңілсіз болатын шығар» деп ойлаған. Олай болмады. Бытырап жайылған отардың шетіне отырып екеуі алты карта ойнады. Ойындары тағы да түндегідей қызық болды. Тағы да Тоқтас бір рет келіншегінің бетінен сүйіп, үш рет есік пен төрдей жерге арқалады. Далада отырып келіншегінің бетінен сүйген, сонан соң әрлі-берлі арқалап жүрген қызық болады екен. Екеуі де ішек-сілесі қатқанша күлді. Бұлар күлген кезде қойлар «бүгін қожайынымызға не болған өзі?» дегендей бұрылып-бұрылып қарап тұрды. Өстіп жүріп кештің де қалай болғанын білмей қалды. Отарды алдарына салып, үйге қайтты. Кешкі шайларын ішті. Кешкі шайларын ішіп болған соң, тағы да ерте жатып қалды. Жатқанымен, ұйықтай қоймады. Ұйықтай қояйық деген ниеттері де бола қойған жоқ. Қайтып тұрып ондық шамды жағып, алта карта ойнады. Бұл жолы Тоқтас тәуір карталарды Нұршатқа беріп, бүрынғыдай аңқиып отыра бермей, кейде өзі де көңілі қалаған картасын айырбастап алып жатты. Бұл түні тең ойын болды. Нұршаттың бетінен екі рет сүйіп, екі рет төрден есікке дейін арқалап апарды. Шамды өшіріп, төсектеріне қайтып жатқаннан кейін де араларында әзіл-күлкі тыйылған жоқ. Баяғы бала кездерін естеріне алды. Бір кезде Тоқтас:

– Қолың сия-сия болып жүруші едің, – деп еді Нұршатқа.

– Сонда сол сияны сенің бетіңе жағуым керек екен, – деп ол сықылықтай күлді. Келіншегінен қайткен күнде де асып түскісі келгендей, Тоқтас тағы да: – Аяғыңдағы етігің гөрп-гөрп етіп жүруші едің ғой, – деді.

– Апамның етігі болатын, – деді Нұршат күлкісін тыйып.

– Өзіңнің етігің жоқ па еді? – Шалбарыңның жыртығынан тізең жылт-жылт етіп, сен де жүруші едің ғой. Нұршат зілсіз айтса да, мына сөз Тоқтасқа ауыр тиді. Өкпелеген боп теріс қарап тоңқиып жатты. Нұршат: «Соған да ашуланып қалдың ба?» деп мойнынан, қолтығынан қытықтаған болып еді, міз бақпады. Өкпелемеуіне де болатын еді, әйтеуір өкпелегісі келді. Теріс қарап тоңқиып жатып та: «Сол кезде де маған көз қырын сала жүреді екен-ау… Сонда-ақ сүйетін болғаны ма?..» – деп ойлады. Өкпелесе де келіншегіне іші жылып жатты.  

* * *

Таңертең түнгі өкпесін ұмытып, қайтып жайраңдап-ақ кетуіне болар еді, намысы түспегір: «Өкпелесең, дұрыстап өкпеле, өкпелеген күйі қойға кетіп қал» деді. Сол намысты тыңдады да, үн-түнсіз киініп: «Түсте келмейсің бе?» деген келіншегінің сұрағына да жауап бере қоймай, қамшысын бүктей ұстаған күйі сыртқа шығып, бірден атына беттеді. Шыққан бойда қойды біраз ұзатып жайып кетті де, күн түске таянған сәтте, қайтадан ауыл маңына таяды. Астындағы атын тұсап, етекке жайылып жатқан қой арасына қоя берді де, өзі қыр басына шығып, тобылғының тасасында жатып, үй жаққа қарады. Нұршат самауырын қойып жүр екен. Жерошақтан да түтін көтеріліп жатыр. «Түскі астың қамына кіріскен екен, – деп ойлады Тоқтас. – Енді екі көзі төрт болып мені күтіп отыр-ау». Іші жылып қалды. Таңертең нәр татпай шыққандықтан, қарны ашқан. Тамақты ойлағанда, атына міне сап үйге қарай шапқысы келді. Бірақ намысы түспегір: «Өкпелесең, дұрыстап өкпеле» деп етегінен басып жібермей қойғаны. Тобылғының тасасында жатып, Нұршаттың үйден шыққанын көрді, үйге қайтып кіргенін көрді. Сымбаты қандай!.. Жүрген жүрісі қандай!.. «Айналайын, – деді іштен Тоқтас. – Айналайын-ай, менің шалбарымның жыртығын қайдан еске сала қойып едің… Болмағанда ғой, қазір жайрандап жанында жүретін едім…» Келесі қырды асып бытырап жайылып бара жатқан қойларын суатқа құлатып келіп, тағы да тобылғының тасасында жатып үй жаққа қарады. Қараса, үй жанында самауыр жоқ. Жерошақтан көтеріліп жатқан түтін де жоқ. «Нұршаттың шынымен-ақ мені күтпестен шайды өзі ішіп жатқаны ма?» деп ойлады Тоқтас. Қарны әбден-ақ ашты. Атына міне сап, тамақ суымай тұрғанда жетіп баруға да бекініп еді, әттең, намысы түспегір: «Тағы да шыдап бақ, абыройынды төкпе» деп етегінен басқаны. Қойларды суаттан өргізіп келіп, тағы да қыр басындағы тобылғының тасасынан үй жаққа қараған. Ешкім көрінбейді. Самауыр да, жерошақтағы көтерілген түтін де жоқ. Қара үйдің есігі жабық. «Ау, осы Нұршат үйде ме екен өзі?, – деп ойлады Тоқтас. – Мен оған өкпелеп жүргенде, ол маған өкпелеп, ауылына тартып кетіп жүрмесін… Ойпырмай, сөйтіп жүрмесе етті…» Осылай ойлауы-ақ мұң екен, Тоқтастың берекесі кетті. Тобылғының тасасын қойып, қыр басына шығып үй жаққа дұрыстап қарады. «Жоқ»… Қара үйден ешкім шықпайды. «Не де болса барып біліп келсем бе екен?» деп дегбірсізденіп еді, тағы да әлгі намысы түспегір: «Келіншектің алдында берекесіз болып көрінбе… Шыда» деп болмай қойғаны. Енді кешті батыра алмай қойды. Теңселіп әрлі-берлі ұзақ жүрді. Күн де ерегісіп бір орнынан жылжымай қойды. Үйге күндегісінен ерте қайтқысы келіп еді, ерегіскенде, жеті жылдан бері шөп көрмегендей, қойлары жерге жармасып, бастарын бір көтерер емес. «Сендердің есептерің түгел-ау, – деді Тоқтас бытырап жайылып жүрген қойларын үйге қарай әзер бұрып жүріп. – Сендерге шөп болса, болды ғой. Жұрттың келіншегі үйде ме әлде төркініне кетіп қалды ма, онда шаруаларың жоқ». Қойларын қырдан төмен құлатып, өзі үйдің жанына келіп аттан түсіп жатты. Бірақ Нұршат шыға қойған жоқ. Бір-екі рет жөтеліп те қойды. Ешқандай дыбыс білінер емес. «Әй, масқара болмасам етті? – деді ол атының шылбырын қазыққа байлап жатып.

– «Тоқтастың келіншегі кетіп қалыпты» дегенді естісе, жұрт бетін шымшып күлер. Апам ше? Ойбай, ол кісі ести көрмесін». Үйге қарай салы суға кетіп, аяғын самарқау басып келе жатты. Үйдің есігін де батылсыз аша беріп, шайы шымылдықтың дір ете қалғанын байқады. «Ә, үйде екен ғой, – деп ойлады көңілі орнығып. Төр алдына жайылған дастарқанда ет әлі түр.

– Күткен-ақ екен-ау, – деп ойлады көңілі жылып.

– «Күте-күте келмеген соң, жатып қалған екен ғой». Есік аузына етігін шешті. Төр алдына барып костюмін шешіп, кереге басына ілді. Дастарқандағы тамаққа бас салғысы келіп-ақ тұр, әттең, тағы да «тәк-тәк» деп намысы түспегір жібермеді. Бұл төр алдына жантайып енді жата берген кезде, шымылдық ішінен Нұршат шықты. Қабағында кірбің бар. Бірақ ләм деп үндеген жоқ. Үн-түнсіз күйі самауырды көтеріп сыртқа кетті. Ол сыртқа шығысымен-ақ Тоқтас дастарқандағы тамаққа бас қойды. Намысы: «Шыда, сабырлы бол» деп-ақ еді, оны тыңдар мұршасы болмады…

Нұршат қайтып үйге кірген кезде, Тоқтас табақты босатып та қойған. Нұршат көзінің астымен бұған бір, босаған табаққа бір қарады. Бірақ үндеген жоқ. Жайшылықта болса: «Қарның ашқан-ақ екен» деп күлер еді. Оған бұл да қосылар еді. Сәлден соң қайнаған самауырды кіргізіп, бұған шай құйып берді. Тағы да екеуінің арасында әңгіме бола қойған жоқ. Тоқтастың бірдеңе деп сөз бастағысы келді-дағы, ретін таппай-ақ қойды. Шайдан кейін үй жанында иіріліп жатқан қойларын бір айналып келді де, шешініп шымылдыққа кірді. Енді Нұршаттың жатуын күтті. Ерегіскенде, ол ыдыс-аяқ жуып, үй ішін жинастырып бір шығып, бір кіріп жүріп алғаны. «Нұршат, жатсайшы енді» деп батылы жетіп айта алмады. Ақыры, шымылдықты түріп, шайы көйлегі сусылдап келді-ау жанына. Әуелде екеуі бір-біріне тоң-теріс күйде үнсіз жатты да, сәлден соң Тоқтас бұрылып, оны құшақтады. Келіншек үндемеді, бірақ қолын да қаққан жоқ. Содан соң мойнын қытықтады. Тағы да үн жоқ. Кеудесіне қыса қайта құшақтай беріп, Тоқтас: «Айналайын», – деді. «Айналайын» деғен кезде даусы дірілдеп, ет бауыры елжіреп кетті. Сол-ақ екен, келіншек жуас үнмен:

– Түсте келмедің ғой, – деді.

«Әдейі келгенім жоқ» деп қалай айтсын. Олай деуге аузы барар ма?

– Таңертең қойды ұзатып кеткен екенмін, содан жануарлар жайылсыншы деп… Соларды аяймын деп, үйге жете алмай қалғаным… Осылай деді де, ол келіншегін қайта құшақтады. Сүйді. Содан соң-ақ әңгімелері жарасып кете барды. Әрі-беріден соң төсектен тұрып, ондық шамды жағып, екеуі тағы да алты картаға кірісті. Кешегідей, тіпті кешегісінен гөрі де картаны әсерлі, көңілді ойнады. Тоқтас тағы да келіншегінің бетінен екі рет сүйіп, екі рет төрден есікке дейін арқалады. Сосын сол бұрынғы бір-біріне емін-еркін, арқа-жарқа қалыптары шамды сөндіріп, қайтадан төсектеріне жатты. Ұйқылары келмеді. Ұйықтай қояйықшы деген ниет өздерінде де болған жоқ.

– Сені кетіп қалды ма екен деп қорыққаным, – деді Тоқтас келіншегін құшақтап жатқан күйі, қаупін енді айтып.

– Қайда кетем?.. – деді Нұршат күле сөйлеп.

– Сені тастап… – Айналайын-н… Тоқтастың дауысы елжіреп кетті:

– Құдайдың бере салғаны… Жасағанның ие салғаны… Нұршат тап кешегідей даусы сыңғырлап ұзақ күлді. Күлкісі қандай!.. Келіншегінің күлкісіне елтіп жатып Тоқтас: «Топырағың торқа болғыр Төлеген-ай, Қыз Жібектің күлкісіне көміліп осылай бір жата да алмадың-ау» деп іштей Төлегенді мүсіркеп кетті. Мына үйдің де, құла түздегі жайлаудың да жалғыз сәні – шымылдық ішінен естіліп жатқан осы бір күлкі ғана секілді.  

* * *

…Екеуі таңның атқанын да білген жоқ. Гүр-р етіп кеп үй жанына тоқтаған машина үнінен оянды.

– Ойбай-ау, бұл қой бағуды қойған екен ғой, – деген апасының даусын естігенде, Тоқтас шымылдық ішінен қалай атып шыққанын аңдамай да қалды. Киімін асығыс киіп жатып, бар болғаны: «Ой, апам да бір-р… – деді. – Ағайын-жегжатты аралаймын… Ел ішінде жатып аламын” дегендегісі осы ма? Екі күн өтіп, үшінші күні жетіп келіп тұрғаны…» Түндік, есік жабық болған соң, байқамапты, расында да күн көтеріліп, төңірек ай-жай болған екен. Үй жанына жете берген апасына амандаспақ болып, елпектей ұмтылып қолын соза беріп еді, ол кісі мұның қолын алмастан бұрын, зілдене сөйлеп:

– Ау, бүл не жатыс? – деді.

– Ұйықтап қап-п…

– Сенің ұйқыңның қануын бір отар қой күтіп жатуы керек пе екен? Мен кеткелі ұзатып жаймапсың да ғой.

– Неге, жайғам-м…

– Ана қойларға қарашы. Іштері қабысып қалыпты. Апасы қолын қырға бытырай өріп бара жатқан қойларға қарай сілтеді. Тоқтас енді не дерін білмегендей, бар болғаны маңдайына түскен шашын сипай берді. Өзі апасына айтар уәж таппай қысылып тұрса, Шәйім қылжақбас:

– Әй, бала, ұйқың қанбай қалды-ау, – деп әзілдейді. Тоқтас қара үйдің жанында жатқан ертоқымды көтере енді атына қарай ұмтылды. Осы кезде сыртқа Нұршат шығып еді, апасы оның маңдайынан қайта-қайта сүйді.

– Қорыққан жоқсың ба, шүкірім-ау… Сен жалғызсырап, қорқып жүр ме деп уайымдап, ішкенім ірің, жегенім желім болды емес пе? – Қорыққан жоқпын, – деді Нұршат жуас қана. – Айналайын-н… Қорықпасаң болғаны… Апасы Нұршатты құшақтаған күйі үйге кірді. «Нұршаттың жанында мені өгей баладай етті-ау» деді. Тоқтас атын ерттеп жатып. Бірақ апасының Нұршатты өзінен гөрі де жақсы көргені көңіліне ұнайтын секілді. Атына міне бергенде, Нұршат жарты таба нан мен бөтелкеге құйған айранды қолына ұстатты. «Түсте келе алмайтын болдың ғой енді…» дегендей бұған жаудырай қарап тұрғаны қандай… Бөтелкедегі айран мен жарты таба нанды ұсынғаны қандай… Тоқтас келіншегіне қарай-қарай қой соңынан кете барды.

Бүгін қойды ұзатып жаюы тиіс. Кешкісін апасы қойлардың ішіне, жүрістеріне қарайды. Ол кісіні алдау қиын… Кейде қой жатқан жердегі қиға да назар салады. Қырдан аса бере Тоқтас: «Сендерді тойғыза алмай-ақ күйдім-ау осы» дегендей, қойларды тоғытқа айдағандай топырлата біраз қуып алды. Сонан соң бір ауық үй жаққа көз салды. Нұршат көйлегі қызараңдап, сыртқа самаурын көтеріп шықты. Самаурынға су құйып, от салып болған соң, осылай қарай қарап біраз тұрды. «Алда, айналайын-ай, біздің Тоқтас ұзап кетті ме екен деп тұр-ау». Қанша қараса да көзі тояр емес. Қарай бергісі келеді. Жүргені қандай… Сәмі талдың бұтағындай иіліп, еңкейгені қандай… Тоқтас сөйтіп тұрып тағы да Төлегенді есіне алды: «Қайран, Төкем-ай, Қыз Жібек жеңгеме алыстан қызыға қарап көз суарып та тұра алмадың-ау… Алда, бейопа дүние-ай!..»   Күзгі желдің уілі Қой ұрықтандырар кезде барып бұлар төменгі ауылға құлады. Жоғарғы ауылдағыдай жер қайысқан ел болмаса да, жиырма шақты үй ірге тепкен жерге келген соң, у-дуға араласып, көңілдері жайланып қалды. Бірақ жұмыстары бұрынғыдан ауырлап кетті. Қойдың қошқар түскені бар, енді түсетіні бар, солардың бәрін топ-топқа бөлгенде, Тоқтастың бір өзі былай тұрсын, шешесі, Нұршат – бәрі жабылып жүргенде әзер жететін кездері болды. Дегенмен, Тоқтас та, Нұршат та шаршағандықтарын да елемей, көңілді жүрді. Кемпір ғана көбірек қимылдаған күні «белім-белім-м» деп кирелеңдеп қалады. Оның есесіне, бұл араға келгелі ол кісі әңгімешіл болып алды. Осы төменгі ауылға алғаш жоғарғы ауылдан ұзатылып келген екен… Осы төменгі ауылда алғаш келіншек болып ызылып жүрген екен. Солардың бәрін көне қиссаның үзігіндей етіп, Нұршатқа айтып берді. Төменгі ауылға келгелі Нұршат пен Тоқтас тағы да екі рет өкпелесіп қалған. Алғашқысында Тоқтас бұрынғысынша айналып-толғанып болмаған соң, өзді-өзі табысты да, екіншісінде екеуіне де ұрсып-ұрсып, кемпір татуластырды. Содан бері жақсы-тын… Бұрынғысынша Нұршат та ойнап-күліп жүр еді… Қой ұрықтанды бітеді деген күні ойда жоқта Нұршат тағы ренжіп қалды…

Таңертең шайы шымылдықтың ішіндегі жылы төсегінен әзер тұрған… Бірақ әзер тұрса да, қабағына кірбің ұялатпай, үстіне Тоқтастың ескі күпәйкесін киіп, үй ісіне араласып кетті. Самауыр қойып, түннен қалған асты жылытып, оның қабатында сүт пісірді. Өзеннен иінағашпен су да әкелді. Сосын ысыған тамақты табаққа құйып қойған күйі: «Апам шайды күтіп қалды-ау» деп ойлап, шәйнекпен шай демдеп, самауыр ішке кіргізіп, дастарқан жайып жүргенде, әлгінде ысытқан тамаққа күшік тиіп кеткені. Қырсыққанда, оны да өзі байқамай, енесінің байқағаны. – Әй, ана тамағыңды адам ішетін бе еді? Әлде ит ішетін бе еді? – деді сыздана сөйлеп. Нұршат сыртқа жүгіріп шығып: «Кет-әй, кет-т» дей бергенше, әлгі күшік табақтағы асты ақтарып кетті. Сосын-ақ енесінің қабағы ашылмады. Шай ішіп отырып: – Әдіра қал, салақ қатын болайын дегенің де, – деді ренжи сөйлеп. Нұршат үндеген жоқ. Үндемегені бар болсын, «салақ қатын» деген сөз арқасынан қамшымен осып өткеннен әрі болды. «Қатын» деген сөзге құлағы әлі үйренбеген еді. Не де болса, ендігі ниеті үндемей құтылу еді, бірақ енесі әңгімесін әлгі сөзбен доғара салмады. Салақ қатын болатыныңды шайы көрпенің астынан мамырлап әзер түрғаныңнан-ақ білгенмін. Ақыры күйеуіңе ысытқан асты күшікке ішкізіп тындың. Асын күшікке ішкізіп отырған келіншектен тәуір қатын шығады деп мен өзім айта алмаймын. Ал енді отыр… Тіпті қаласаң, шайыңды жина да, қайтадан төсегіңе жат, – деп әңгімені біраз жерге жеткізіп тастады. Нұршат төмен қараған күйі отыра кетті. Енесінен естіген алғашқы қатты сөзі болғандықтан, көңіліне ауыр алып қалды. Дастарқанды да үн-түнсіз жүріп жинады. Самауырдағы қалған суды құманға құйып, қазандағы сүтті кастрюльге қотарып жүргенде де қабағы түсіп жүрді. Келінімнің қабағы түсіп кетіпті-ау деп енесі жадырай қойған жоқ. Қамзолын жүре жамылып, сыртқа шыға беріп:

– Салақ қатын болады демей, қайтейін, ошағыңның басында бір тал отын қалмапты. Бүгін-ертең көшетін үйдің де отыны болмас па? Керек десең, мен айтайын… есті қатынның отыны көшке артылып жүреді, – деді. Нұршат енді енесіне біржола ренжіді. Түскеніне алты ай толмаған жас келінге «қатын, қатын» дегені-ақ батады екен… «Апам тіпті мейірімсіз кісі екен ғой, – деп ойлады ошақ маңындағы ыдыс-аяқтарын жиыстырып жүріп. – Мейірімсіз болмаса, осынша қатты айтпаса керек еді ғой». Әлгіндей сөздерден кейін өзі де енесінің жанында қалғысы келмей, әлдеқайда кетіп қалмақ болып тұр еді, отынның таусылғандығын айтқаны себеп болды да, арқанын иығына салып, шағын ауылдың үстіне құлап кетердей болып төніп тұрған Айыртаудың бөктеріне беттеді. …Алғаш рет жеңгелері: «Балым кемпірдің баласы келіп көреді екен» дегенде, Нұршат та: «Е-е, әне біреу ме?» деп қомсыныңқырап қалған. Сосын жеңгелеріне Тоқтастың бала кезіндегі жыртық шалбардан денесінің жылтылдап жүретінін айтып берді. «Оның үстіне, өзі қойшы екен ғой», – деп бір қойды. Бірақ жеңгелері: «Немене, қайдағыны есіңе ала беріп. Ендігі шалбарын ауыстырған шығар. Қойшы дейсің… Қойшылық та жерде қалып жатқан кәсіп емес. Қойны құтты болса, қайтуші еді» деп әңгімені ала қалжыңға айналдырды. Кейінірек Тоқтасты көрген соң барып көңілі орнығып, іштей: «Әп-әдемі-ақ жігіт болыпты ғой» деп ойлады. Жеңгелері: «Жыртық шалбар киетін күйеуіміз» деп сөйлесе, намыстанып қалатын болды. «Тіпті сол әңгімені осыларға несіне айта қойдым екен?» деп те өзін өзі кінәлады. Қойшылығын мін еткендерге де: «Ата-бабалары түгел тақта отырғандай» деп, жаратпай тыңдайтын болды. Тоқтастың өзін көрген соң: «Енең қасқырбет кісі екен, кім білсін. Осы ауылдың қызы екен ғой. Бәрі де айтып отыр» деп күдік ете сөйлегендерге де мән берген жоқ- ты. …Дәл қазір сол алғашқы қомсынуы да, енесі туралы өзгелердің айтқаны да орынды сияқты болып кетті.  

* * *

Айыртаудың арғы беті жоғарғы ауыл екенін ол білетін. Жақында ғана көкпарға барып қайтқандар: «Көкпарды жоғарғы ауылдың жігіттері алып кетті» деп көкіректері қарс айрылардай өкінішпен келгенде, көкпарды өз ауылдастарының алып кеткендігіне Нұршаттың іші жылып қалған. Іші жылып тұрып: «Көкпарға келіп жүргендеріне қарағанда… бұл тұстан біздің ауыл тіпті жақын екен-ау» деп ойлап еді. Қазіргі ашу-ызамен ол енді Айыртаудан ауылына қарай асып кетуге де бекінгендей… Келіншектің бір арқа отынды етектен-ақ қамдап, кері қайтуына болатын-ды. Бірақ Нұршат әр жерде жатқан қу бүтақтарға көзін де салмастан, тау асуына қарай тырмыса өрмелеп бара жатты. …Тоқтасқа күйеуге шығуына айрықша ықыласты болған шешесі еді де, әкесі жарылып ештеңе дей қоймаған. Әкесінің сонысын Нұршат қазір іштей қостап келе жатты.  «Үндемегеніндей-ақ бар екен. Көкем бәрін алдын ала айны қатесіз-ақ сезген екен-ау» деп ойлады келіншек баурайдағы бітік өскен жусандардың арасынан жеңіл аттап келе жатып. Осы бір ойы көңілін босатып, иегі кемсеңдеп кетті. Ол әкесі мен шешесін әбден-ақ сағынған-ды. Келін болып түскеніне бес айдан асыпты. Содан бері әлі ешқайсысы соққан жоқ. Ана жолы біреулерден: «Төменгі ауылға қой ұрықтандыруға көшіріп келсе, мына жақтан біз де барып қайтармыз» деп сәлем айтқан екен. Содан бері Нұршат Айыртаудың басынан жыланша иретіліп түсетін, жоғарғы ауылдан келетін жолға қанша телміріп қарады. Тіпті таңның атуынан күннің батуына дейін көзін алмады десе де болғандай. Бәрібір келмеді. Келмегені сол, қайтып хабарласпай да қойды. «Мені олар ұмытқан екен. Менен құтыла алмай-ақ жүр екен де» деп Нұршаттың енесі мен күйеуінен жасырьш жылап та алған сәттері болды. Тіпті Нұршаттың оларға әбден көңілі қалған да кезі еді бұл…

Келіншек Айыртаудың асуының жарым ортасына жетпей-ақ алқынып қалды. Түла бойы терге малшынды. Оның үстіне, бітік жусаннан әзер өткенде, бұта аралас өскен қалың шөп жүрісін өндірмей қойды. Әрі-беріден соң: «Әлгінде қасқайып жолмен-ақ жүре бермеген екем» деп ойлады Нұршат. Әбден титықтап шаршаған кезде келіншек тізесін бүгіп, аз отырып, ойда қалып бара жатқан төменгі ауылға қарады. Ауылдың бір шетінде өздерінің қара үйіне көзі түсті. Бірақ үй маңынан ешкім көрінген жоқ. «Жаулығы ағарандап, маған қарап енем тұр ма» деп ойлаған. Жоқ екен. Тіпті, өзі кеткен соң сол қара үй құлазып қалғандай көрінді. Қой қашыратын қора маңында ғана қараңдап әрлі-берлі жүргендер көрінді. Тіпті, олардың шаң-шұң дауыстары да көмескілеу болса да құлаққа жетіп жатты. Нұршатқа ауылдағылардың бәрі де бір үйге жиналып алып, осы қайте қояр екен деп, керегеден мұны бақылап отырғандай сезінді. Бәрінің ортасында жаулығы көлдей болып енесі отырғандай… Нұршат олардың бәрін де жек көріп кетті. Әрі-беріден соң, төменгі ауылға енді қайтқысы келмей, шаршағаны әлі басылмаса да, орнынан көтеріліп, тау асуына қарай жүре бастады. …Әкесі мұны кішкене кезінде «Менің қара қызым» деп еркелететін. Сол әдетін Нұршат ержеткен соң да қойған жоқ. Тіпті Нұршат деп сирек атайтын. Қит етсе: «Менің қара қызым сөйтті, менің қара қызым бүйтті» деп отыратын. Сол әдетін бұл күйеуге ұзатылғанша қоймаған-ды. Тек Нұршат ұзатылып бара жатқанда ғана кеудесіне басып, шашынан иіскеген күйі солқылдап жылап тұрып: «Нұршатжан-ай, айналайын-ай!» дегені. Бұрынғыша «Қара қызым» десе де болар еді. Қызым өкпелеп қалады дегендей ме әлде солай десем, қызым жұрт алдында қысылып қалар дегені ме?» Кейіннен әкесінің дәл қоштасардағы дағдысын бұзып, «Қара қызым» деп айта алмағанын есіне алып, Нұршат әлденеше рет көзіне жас алған. Иығындағы арқаны зіп-зілдей болып, келіншек тастақ жермен асуға қарай тырмысып келе жатып та жылап алды. Әсіресе мұның үсынған қолын қайта-қайта сүйіп, әкесінің жібермей тұрып алған сәті есіне түскенде кәдімгідей егілді. Шешесі табиғатында салқынқандылау еді. Бұл ұзатыларда да сол салқынқандығынан өзгере қоймады. Қайта: «Немене сонша, қайтып көрмейтіндей» деп әкесіне жекіп тастағаны есінде. Сондықтан болар, Нұршаттың көз алдынан шешесінен гөрі әкесінің кескін-келбеті қайта-қайта елестей берді. Келіншек қатты ентігіп, аяғын әзер көтеріп басып келе жатып иығындағы арқаңды төменгі ауылға қарай лақтырып тастап кетуді де ойлаған. Бірақ оған батылы жетпеді әлде ұяты жібермеді. Әйтеуір, сол арқан бүгін иығында жүруі тиіс сияқты. …Күн түске тырмыса Нұршат та Айыртаудың асуына жетті. Жеткендігін сезгені: сар-р етіп жоғарғы ауыл жақтан жел соқты да, артынша арғы беттен бытырап жайылған қойдай болып жоғарғы ауылдың өзі де көрінді. Бетіне алғаш жел тиген сәтте-ақ Нұршаттың біртүрлі көңілі елеуреп, алып-ұшып бара жатқандай еді, ауылы көзіне түскенде тіпті есі шығып кетті. Сарылдап соққан желмен желбіреген орамалын бір қолымен баса тұрып телміре кеп қарады. Анық өз ауылы! Әне, ауыл ортасынан бұраңдай ағып өтетін өзені… Қалың бауы… Баудың арғы тұсында… оқшаулау болып өз үйі тұр… Өз үйін көрген сәтте Нұршаттың иегі кемсеңдеп кетті. Ол сағымнан әрі алыстықтан өз үйін анық көре алған жоқ-ты. Бірақ өз үйі екенін білген соң-ақ көңілі босап, алға қарай тағы екі-үш аттап жүрді. «Сол ғой… Біздің үй ғой…» деді келіншек іштей, еріндері дірілдеп тұрып. Әлгінде асуға жетсе ауылмен, үйімен қоса, аула ішінде қалбаңдап жүрген әкесі мен шешесін, інілерінің әрлі-берлі шапқылағанын көретіндей болып еді. Көңілі ғана жетіп, өзі жетпей тұрған сол ауылға қарай оның жүгіріп те кеткісі келді. Шыныменен жүгіріп барса қайтер еді? Әкесі құшақтап тұрып шашынан иіскеп, қолынан шөпілдетіп сүйер еді… Сүйіп тұрып не дер еді… «Айналайын, келдің бе? Келгенің қандай жақсы болды…» дей ме? Шешесі де құшақтап бетінен сүйіп, інілері де жабыла ұмтылысып жапырласып-ақ қалар еді-ау.

Бірақ мауықтарын басқан соң: «Ал қызым, бұл қай жүрісің» дейді ғой. Еттен өтіп, сүйекке даритын да, сосын жерге қарататын да сол сөз ғой… Сол сөз-з… Нұршаттың көңілі қаншалықты алып-ұшып тұрса да, үйіне жетіп барудың ыңғайсыз екенін сезді. Қолынан бар келгені мұрнын желге төсеп тұрып, қалың баудың ар жағындағы бұлдырап көрінген үйіне көзімен ішіп-жеп қарау ғана болды. Желбіреген орамалын бір қолымен басқан қалпы жоғарғы ауылдан көз алмады. Әбден шаршап, титықтап келе жатып: «Асуға шыққан соң тіземді бүгіп отырып, тыныстармын» деп ойлап еді, енді тізесін бүкпек түгіл, өкшесін көтере түсті. Күзгі жел салқын еді. Бірақ Нұршат оның салқындығын сезген жоқ. Желдің асуға алғаш шыққандағы сарылдаған үні бір қалыпты уілге айналған. Сол уіл енді келіншектің көзінің жасын сүртіп, қойын-қонышына кіріп, аймалап жұбатып жатты. Желдің осы бір қылығы тым ыстық әрі мейірімді еді. «Біздің ауылдың желі» деген сезім Нұршаттың жан дүниесін жылытып жібергендей еді. Келіншек кәдімгідей жұбанды… Тұла бойын тырситқан ашу да тарағандай. Ол енді иығындағы арқанын жерге тастап, кішкене тізе бүкті. Бірақ жоғарғы ауыл жақтан көзін алған жоқ.

Сөйтіп отырып, Нұршат төменгі ауылды да есіне алды. Түстіктен ауып бара жатқан күнге бетін бұрды. Бесінге дейін үйге жетіп, шай қоюы керектігін, шайдан артылған ыстық суды мұздай сумен томыртқалап құманға құйып, енесінің қолына ұстату керектігін де ойлады. Оған дейін бір арқа отын теріп алатындығы өз алдына… Келіншек қайтадан орнынан тұрды. Уілдеген желге бетін тосып, өкшесін көтеріп тұрып тағы да жоғарғы ауылға… ауыл ортасынан бұраңдай ағып өтетін өзенге… қалың бауға… сол баудың ар жағында ағараңдап, бұлдырап көрінген өз үйіне қарады. Сонан соң жерде жатқан арқанды қайтадан иығына салып, кері бүрылды.

  * * *

Басын төмен салған күйі, аяғын самарқау басып, келіншек Айыртаудың асуынан төмен түсіп келе жатты. Бет алысы төменгі ауыл болса да, ол жаққа қараған да жоқ. Жол-жөнекей кездескен бұталарды тере жүрейін деген оймен көзі табан жолы мен жан-жағын қыдырып жүрді. Сөйтіп келе жатып та жоғарғы ауылды ойлады. Көз алдында әлгіндегі жоғарғы ауылдың көрінісі бұлыңдап, құлағынан күзгі желдің уілі кетпей қойды. Тау баурайының бұталар-шөп араласа өскен тұсына келгенде Нұршат арқанын ұзыннан жайып жіберіп, біржола отын жинауға кірісті. Арқанының ұштары бір-біріне әзер жететіндей етіп отынды үйді дейсің… Еркін көтеріп жүретіндей, аздау жинауына да болатын еді. «Әдіра қал, азаннан кешке дейін жүріп жинаған отының осы-ақ па?» деп енем ұрсып жүрер деген күдігі тағы болды. Отынды көп жинағаны соншалық, буып болған соң, арқасына салып, енді тұрмақ болғанда, үш рет ырғап барып әзер көтерілді. Шамадан тыс арқалағанын келіншек қалың шөп пен бұталардың арасынан аяғын тәлтіректей басып келе жатқанда барып анық байқады. Ал тау баурайының бітік өскен жусандарынан әзер аттап жүріп, ауыр отын иығын сындырып жіберердей болған соң, аз уақыт отырып демалуды да ойлап еді, тағы да есіне енесі түсіп, сол кісі: «Тәйірі, мынау тұрған жерден бір арқа отынмен бәлен рет демалып жеткен қатын да қатын ба?» демесінші деп, аяқтарын кібіртіктей басып, алға қарай жүре берді. Ауылға таяп келгенде, алдынан қой қайырып көрші кемпір шықты. Бүгіндікке көрмеп еді, үйілген бір арқа отынның астында бүкшиіп келе жатып сәлем етпей-ақ өтуіне де болатын еді. Бірақ олай етпеуге дәті жетеді… Төменгі ауылға келін екендігін есіне алып, Нұршат бүкшиген үстіне бүкшие түсіп, бір арқа отынның астынан сәлем етті. «Мына келін жұдырықтай болып мынша отынды қалай көтеріп келе жатыр» деп ойлады ма әлде «Сәлем етпей қалай өтер екен. Көріп қалайын» деді ме, әлгі кемпір бұл жақындағаннан-ақ тесірейіп қараумен болған. Бұл сәлем еткен соң барып, күбір етіп алғысын айтты да, қойын қайырған күйі кете барды. Бір арқа отынның астынан әзер көрініп, Нұршат енді өз үйіне қарай жүрді. Ошағының басына да келді… Үй маңынан ешкім көрінбеді. Тіпті қара үйдің ішінде де ешкім жоқ сияқты. Бір арқа отыннан иығы езіліп, аяғы майысып келе жатқан келіншек арқасындағы отынды ошақ басына сылқ еткізіп тастай салуына да болатын еді. Бірақ олай етпеді. Ол осы үйге келін екенін ұмытқан жоқ… Әбден шаршаған аяқтарын әзер бүгіп, тізерлеп барып, арқасыңдағы отынды жерге ақырын қойды. Сосын арқанды да асықпай шешіп, отын астынан ақырын ғана суырды. Бір ауық тыныстап ошақ басында отыра тұруына да болатын еді. Олай етпеді: арқанын жинап, сөренің үстіне тастады да, самауыр су құйды. Сосын самауырға салу үшін өзі әкелген отыннан бір бұтақты суырып алып, балтамен асығыс жарып жатты. Шай қайнаған кезде барып үйге кіріп, төрге дастарқан жайды. Енесі жүн түтіп отыр екен. Дастарқан жайып жүріп, бірдеңе деп тағы да тиісер ме екен деп Нұршат оған қарағыштап еді, бірақ енесі үндемеді. Таңертеңгі ызғары байқалмайды. Қайта жүзі жабығыңқылау ма, қалай? Екеуі шайды үнсіз ішті. «Тоқтас келді ме? Келсе, не ішіп-жеді?» деп өзінше енесін сөзге тартқысы келді де, тағы да батылы жетпеді. Бар қолынан келгені енесіне анда-санда көзінің астымен ғана ұрланып, қарағыштағаны болды. Енесі міз баққан жоқ. Әлдебір ойдың құшағына енгендей тұнжырап алған.

– Айыртаудың асуына шықтың ба? – деді енесі әлден уақытта Нұршат созған кесені ала беріп. Нұршат әуелі қай оймен сұрап отыр, қалай дегенім дұрыс болар екен дегендей, біраз тосылып отырды да, ақырын ғана тіл қатты:

– Шықтым-м…

– Жоғарғы ауыл көзіңе оттай басылған шығар-р… Ауылыңды, үйінді таныдың ба?

– Таныдым-м…

– Бақытың бар екен? – деді енесі дауысы дірілдеп. – Айыртаудың асуына шығып, арғы беттегі ауылыңды, үйінді көрдің… Бақытың бар екен… Бәлкім, көзіңді де жасқа шы-лап алған шығарсың. Ал мен асуға жете алмайтынмын. Өкпем өшіп, Айыртаудың баурайында отыратынмын. Мен бұл ауылға келін боп тым жас түстім ғой. Он төртімде… Кемпірдің иегі кемсеңдеп кетті.

– Ойбу-үй, он төрт жас дегенің бала ғой, Құдай-ау! Сен деген он сегізіңде келдің… Он сегізімізде мына біз сары қарын қатын болғанбыз. Бой жетіп келдің ғой, таудың асуына барып жүргенің. Мен бейбақ баурайда аңырап жылап отырып, асудан асып соққан желге тұмсығымды тосатынмын… Біздің ауылдың желі ғой деп… Шашымды жел көтерсе, Қүдай-ау, шешемнің алақаны тигендей егілетінмін!.. Керегеден қарап отырдым. Қарап отырдым деймін… аңырап жылап отырдым. Жете алар ма екен, жете алмай жолдан мен құсап қайтпай, жетсе, асуға шықса екен деп тілекшің болдым. Сен орамалың желбіреп, тауға шыққанда, өзім шыққандай әсер алдым. Қарағым, асықпай әбден қараса екен дедім… Мауқын басып болып қайтса дедім. От басының тіршілігі бітер дейсің бе, тәйірі. Бітсе, мен-ақ бітірер едім де… Елу жыл болады осы үйдің қазанының құлағын ұстап келе жатқаныма… Ақыры бітіре алмай, өзіңе берген жоқпын ба? Бітпейді. Көрерсің әлі… Өзің де бітіре алмассың. Кемпір қолындағы кесесін дастарқанның жиегіне қойып, еңкейіп келіп маңдайынан сүйгенде, Нұршаттың ет-бауыры елжіреп кетті. Енесіне қосылып өзінің де иегі кемсеңдеді. Енесінің ерні мен алақаны тиген жерлер ысып бара жатқандай. Кемпір кесесін көтере беріп: – Сен жоқта ауылдан хабар келді. Құда мен құдағи ертең келеді екен, – деді. Бұл сөзді Нұршат кеше естісе, елең ете қалар еді. Елең ету былай тұрсын, бәлкім: «Рас па? Шын айтып отырсыз ба? Олар да мені есіне алған екен-ау. Төменгі ауылға қыз ұзатқандарын ұмытпағандарына да шүкір» деп еңіреп қоя берер еді. Дәл қазір бұл хабар сондай бір ерекше әсер еткен жоқ… Ол әлгінде ғана сол ауылға барып келгендей енесінің сөзін салқынқандылау күйде, үнсіз тыңдады. Сәлден соң барып, келетін құда мен құдағидың кім екендерін еміс-еміс түсінгендей, күндікі жолдан отын арқалаудан қажып келген жүзіне қан ойнап шыға келді. Ұяң ғана езу тартқан қалпы енесіне бұрылған сәтте, көзінде нұр ойнап түрды. Екеуі шайды ұзақ ішті. Ұзақ ішкені сол, енесі тағы да келін боп алғаш түскен күндерін есіне алып, иінағашпен екі шелек суды әзер көтеріп, күбіні аяғының астына жаңғырық қойып пісетінін айтқанда, екеуі тағы да қосылып жылап алды. Алдарындағы шайларын да ұмытып, қосыла жылап отырғандарының үстіне Тоқтас келді. Табалдырықтан аттаған бойы әуелі шешесі мен келіншегіне кезек-кезек қарады да, сасқалақтап:

– Ой, апа-а… Нұрш-шат-т, – деді.

– Ойнап отыр ма-а десем, шында-ап-п! Ой, жабыла жылағаны несі, түге… Солай деп ол төрге озып, сырт киімін шешті де, дастарқанның шетіне жантайды. Нұршат құйып берген кеседегі шайды асықпай ұрттап отырып, бұларды алдартқатпақ болғандай, қой ұрықтандырудың біткенін, енді аз күнде қыстауға көшетіндіктерін айтқан. Сөйтіп жатып ол бір кезде ұйықтап та кетті. Тоқтастың қорылы естілген кезде барып бұлар да көз жастарын сүртіп, Нұршат дастарқанды жинады. Самауырды шығарып, түбінің күлін қақты. Сосын үйге кіріп, шайы шымылдықты сусылдатып ашып Тоқтасқа төсек салды. Сосын екеуі екі жақтап Тоқтастың бірі көйлегін, бірі шұлығы мен шалбарын шешіп жатты. Сөйте жүріп кемпір күңкілдеп сөйлеумен болды:

– Баяғыда бір енең күйеуін арқалап жүріп жұбатады екен, шырағым. Арқасында жүріп күйеуі: «Жөндеп арқаламадың» деп қамшысымен ұрып, боқтайтын көрінеді… Бұлар осындай бір Құдай тағаланың ықыласы түскен халық. Бірдеңе десең, күнаһар боласың… «Бұлар кім өзі, сонша әулиесінетін» деп жасырақ кезімізде біз де кейде ашуланатынбыз. Сөйтсек, еркектер деген осылар екен… Енесі осылай деп жүргенде Нұршат езу тартты. Тіл қатқан жоқ. Сосын Нұршат кеудесінен, енесі екі аяғынан әзер көтеріп Тоқтасты шымылдықтың ішіне жатқызды. Тоқтасты жатқызып болып, шайы шымылдықты сусылдата жапқан соң да, енесімен екеуі әлгінде ғана Айыртаудың баурайынан отын арқалап келгендей бір ауық ентігіп түрды…  

* * *

Кешкісін шайы шымылдықты сусылдата ашып, шайы көрпені сусылдата көтеріп, Тоқтастың жанына жатқан соң да Нұршат енесі туралы ойлаумен болды. Дүниедегі ең мейірімді ене тек сол кісі сияқты көрінді.

Тынымбай НҰРМАҒАМБЕТОВ.

Басқа материалдар

Back to top button