Бас тақырыпОблыс әкімі

Келелі мәселелер қаралды

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен бейне-селектр режиміндегі кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде облыстың ағымдағы жедел жағдайы мен күзгі егіс жинау науқаны, сондай-ақ, 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына әзірлік мәселелері қаралды.

Сөз бастамас бұрын, облыс әкімі 6-7 қыркүйек күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірімізге жасаған жұмыс сапарын ұйымдастыруға және әзірлеуге атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.

– Өздеріңіз білетіндей, жұмыс сапары кезінде Елбасы облысымыздағы бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралады. Соның ішінде, жеке кәсіпкер Болат Қожақпаевтың ынта-жігерімен іргесі қаланған «Ақ сарай» салтанат сарайы бар. Елбасы ерекше атап өткендей, бұл нысанның бой көтеруі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуының оң көрсеткіштері деп білуіміз қажет. Өз кезегінде, өзге облыстарға да үлгі. Сондықтан, қаламызға қажет сый жасаған Болат Қожақпаевқа өз алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, Президент өңіріміздегі ірі кәсіпорындарда болып, кәсіпкерлермен, қоғам өкілдерімен кездескен еді. Сөйтіп, жиын барысында Мемлекет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгін біз осы мәселелерді тілге тиек ететін боламыз, – деді Ерлан Қошанов.

Ең алдымен аймақ басшысы газ құбырын тарту мәселесіне тоқталды. Өңірімізде Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларына тарату желілерін жобалау жұмыстары басталып кетті. Ендігі кезекте, мемлекеттік органдармен кеңесе келе, келесі жылдан қалдырмай аталған жобаны жүзеге асыру бойынша желілер құрылысын бастауға қатысты қаржыландыру мәселесі қарастырылмақ. Сөйтіп, құбыр тарту мәселесінің Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларын қамтитын алғашқы кезеңі басталмақ.

Ерлан Қошанов, сонымен қатар, облыс орталығы саналатын Қарағанды қаласын дамыту мәселесін де айрықша атап өтті. Елбасының жұмыс сапары кезінде облыс басшылығы Қарағандының жаңа орталығын дамыту жоспарын таныстырған болатын. Өз кезегінде, Президент бұл бастаманы қолдайтынын білдірген еді. Бұл туралы Елбасы қоғам өкілдерімен кездесуі кезінде де айтты. Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Қарағандыны миллион тұрғыны бар шаһар ету міндетін де жүктеді. Осы мақсатта, облыс орталығын дамытудың стратегиясын жасау және оны жүзеге асырудың «Жол картасын» әзірлеу туралы тапсырма берді. Бұл жұмысты аймақ басшысы өзінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаевқа жүктеді. Ол өз кезегінде қала әкімі Нұрлан Әубәкіровпен бірге екі апта аралығында Қарағанды қаласын дамытудың ұзақ мерзімді «Жол картасы» жобасын әзірлеуі тиіс. Қазіргі күні облыс орталығында жүзу бассейні, балалар мен жеткіншектер сарайы, күрес орталығы сынды нысандар құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл нысандардың барлығы қала тұрғындары санын арттыра түспек. Аймақ басшысы бұл жұмысқа өзінің барлық орынбасарлары атсалысуы қажет екенін де ескертті.

Қарағанды қаласында №3 жылу электр орталығының құрылысын бастау да жоспарлануда. Бұл орталық құрылысын Президент те мақұлдағанын айта кету керек. Себебі, үшінші жылу электр орталығынсыз Қарағандыда алдағы уақытта жаңа тұрғын үй нысандары мен әлеуметтік нысандар құрылысын жалғастыру мүмкін емес. Аймақ басшысы өз сөзінде тиісті қуаты бар жылыту нысаны алдағы 2-3 жыл мерзімінде толық қолданысқа берілуін міндеттеді. Бұл жұмыс облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупаға жүктелді.

Ерлан Жақанұлы Қарағандыдағы тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесін де тілге тиек етті. Облыстың құрылыс басқармасы мен қала әкімдігі мемлекеттік бағдарламалар мүмкіншілігінен бөлек, жеке салушылармен де жұмысты жандандыруы қажет. Бұл ретте, аймақ басшысы Нұрлан Әубәкіровке арнайы тапсырма берді. Яғни, қала әкімі жер учаскелері бар жеке салушылардың басын қосып, Қарағандыдағы жаңа орталықта құрылыс жұмыстарын бастау қажеттігін жеткізуі тиіс. Сонымен қатар, миллион тұрғыны бар шаһар болуы үшін «Ақылды қала» мәселесін де ұмытпаған жөн. Осы орайда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, электронды билет беру жүйесін енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру мәселелері қозғалды. Бұл жұмыс аймақ басшысының орынбасары Алмас Айдаровқа міндеттелді.

Ең бастысы – Қарағандыны миллион тұрғыны бар шаһар етуді Мемлекет басшысы қолдауда. Даму бағыты – айқын. Қажетті қаражат қарастырылуда. Енді қалғаны – облыс орталығын миллион тұрғыны бар қала ету ғана. Алдағы уақыттағы облыс әкімдігінің қызметі осыған бағытталмақ.

Теміртаудағы №2 жылу электр орталығындағы қуат күш жетіспеушілігі де айтылмай қалмады. Жұмыс сапары кезінде Президент «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығына осы мәселенің шешімін табуға назар салу қажеттігін жеткізген еді. Сонымен қатар, компания басшылығы жылу электр орталығы жабдықтарын жаңарту жұмыстарымен де айналысатын болды. Бұл ретте, облыс әкімі аталған жұмыстардың орындалу барысын қатаң бақылауда ұстауды орынбасары Анатолий Шкарупа мен Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовке тапсырды.

Облыс әкімі аймақтағы ірі кәсіпорын басшыларын әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға тарту қажеттілігін айрықша атап өтті. Мұндай қалалар қатарында Жезқазған мен Балқаш бар.

Жиын барысында өңірімізді дамытудың өзге де өзекті мәселелері айтылды. Сонымен қатар, күзгі орақ науқаны да сөз етілді. Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл өңірімізде бидай – 824 мың гектар, арпа – 174 мың гектар, сұлы – 18 мың гектар және бұршақты дақылдар – 10 мың гектар аумағында орылмақ. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары аумағы 17 мың гектарды құрайтын майлы дақылдарды жинамақ. Бұл ретте, егін орағы науқанының басталуына ауа райының қолайсыздығы әсер етуде. Алайда, шаруа қожалықтары ай соңына дейін барлық егісті жинап алуды жоспарлауда.

Жиын соңында аймақ басшысы 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына әзірлік мәселесіне зер салды. Бұл туралы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов мәлімет берді. Баяндамашының сөзіне сенсек, осы күні жылыту маусымына әзірлік жұмыстары аяқталуға жақын. Десе де, Балқаш, Теміртау қалалары мен Ақтоғай ауданында инженерлік желілер жұмысы мерзімінен кешеуілдеп тұр. Алайда, барлық инженерлік жұмыстар 20 қыркүйекке дейін тәмамдалмақ.

 Жиын соңында аймақ басшысы басқарма басшылары мен қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, алдағы уақытта атқарылар жұмысты ширатуды тапсырды.

Нұрдос Кәрім,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button