Жаңалықтар

«Кей қазақ кәсіп қылып киікті атқан»

Табиғат ауыл баласының көңіл пернесі сынды. Кең даланы көрмесең, көңілің құлазып, салың суға кетеді. Өйткені, тауыңды, сайыңды аңсайсың, тебіренесің, түгін тартса, майы шығатын топыраққа асау көңілің алып қашады. Бірақ, қаланың қым-қуыт тынымсыз тіршілігі мойныңды да бұрғызбайды. Сондықтан, жиһанкездер сыр шертетін көгілдір экранға көз тігесің. Одан қалса, телефон арқылы келген түрлі бейнебаянды тамшалайсың. Кеше «WhatsApp» желісімен жеткен бейнебаяннан Жезқазған өңірінде жолды қиып, дүркірей жөңкілген мыңға жуық киікті көріп, көп дүние есіме түсті.

Аңыз

Бір жылдары ауыл жаққа ауа жайылып келген киікті қырып салған талай оқиғаны құлағымыз естіді. Сонда марқұм атам киікке қиянат жасамау керектігін айтып отыратын. Абыздың, аңыз әңгімеге келгенде айылын тартқанын көрген емеспін. Сол жолы киікке пайғамбар бата бергенін естіп таң қалдым. Атамның айтуынша, әлімсақта, Адам ата жерге түскен соң барлық жан-жануар оны көруге жолға шығып ты. Тұңғыш болып, Адам атаны көрген ақбөкен екен. Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде қоныстанған көрінеді. Ақбөкен ұзақ жол жүріп, Адам атаға жеткенде болдырып құлап түсіпті. Адам оған інжірдің жапырағын беріп, аяғына тұрғызыпты. Адам өзімен жерге әкелген інжірдің жапырағының бірін жібек құрты, бірін бал ара, бірін киік жеген деп осыдан айтылса керек. Адам ата мейірленіп оның тұмсығынан сипағандықтан, ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардан ерекше, сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда, денесінен хош иіс аңқыпты. Аяғынан сипағанда тұяғына қасиет дарыпты. Жүйрік жануарға айналып, тұяғы ауруға шипа болыпты. Көзінен өпкенде жанары көріктеніпті. Мүйізінен ұстағанда шипалық қасиет қоныпты. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі елігінің жынысын қалауына қарай өзгерте алатын құдіретке иелік етіпті. Ақбөкеннің бұйымтайын орындап, төлдегенде құралайын шыбын-шіркейге жем болмайтындай салқын етіп, қасқырдың тәбетін тыйып, лақтары ширағанша азық болар «түйетабан» деген шөп шығарыпты. Мамыр айына қарай күннің бұзылуын қазақта «құралайдың салқыны» деп атайды. Киіктердің төлдеуі 2-3 күнге ғана созылады және де олар енесі өлген басқа лақтарды да емізе береді. Сонымен қатар, мыңдаған лақтардың ішінен өз баласын адаспай табады.

Кие

Ел арасында «киікті нақақ өлтірме, Адам атаның қарғысына ұшырайсың», «киікке Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбар араша болған», «киік үшін пайғамбар жан берген» деген насихат кең тараған. Расымен де, киікті өлтіргендердің қиын жағдайға тап болғанын көз көрді. Атамның сөзінің жаны барлығына, аңызында ақиқат жатқандығына иландым. Өйткені, ауылдың біраз азаматының мотоциклмен киік қуып жүріп мертігіп, өмірбақи мүгедек боп қалғанын білемін. Тіпті, бір аңшы мотоциклының артына баласын отырғызып, киікті атып, бауыздауға пыша ғы болмай мылтығымен жанын қинап қан шығарған екен. Қырып салған киікті үйіне әкелген кезде соңынан ерген баласының тамағы ісіп, тынысы тарылып көз жұмған. Сонда жұрттың барлығы «түз тағысының киесі тиді, пайғамбардың қарғысына ұшырады» деген сөз ел ішін аралап кеткен еді.

Бата

Адам ата «Сахараның сәні мен киесі бол!» деп батасын беріп, Бетбақ далаға бағыттап, жолға салған екен. Осыдан болар, үлкендеріміз киік көрсе бата беретіні. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Алдан Смайыл «Тамұқтан келген адам» деген кітабында киікке берілетін бата туралы жазады.

«Жас күнімде көшіп келе жатқан киікке бата бергенді көрдім. Біз Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданының Бетпақдала деген жерінде болдық. Сәуір айының ортасынан бастап Шудан бері қарай табын-табынымен киіктер келе жататын. Әжелеріміз олардың алдынан шығып, кәдімгідей шашу шашатын. Сосын ауылдың үлкен ақсақалы отырып, бата беретін. Бұл бата: «Мамырда құралайың егіз болсын, шілдеде еркетотай семіз болсын» деп басталып, «Тапсырдық көкті тәңір иесіне, қапыда кез келтірме киесіне», – деп аяқталады. Мұндай батаны қазіргі ақсақалдар айта алмайды. Бата сұрасаң, тілекке айналдырып жібереді көбісі, – дейді Алдан Смайыл.

Мүйіз

Ақын Жүрсін Ерманның жазушы Оралхан Бөкейге арнаған «Мүйіз кесу» деген өлеңінде: «Қуанасың қазақтар қағып алар, қарағайдай мүйізің жоқтығына!» – деп, өлең соңын ащы бір шындықпен түйіндейтіні бар. Осы орайда, киік үшін қауіптің барлығы мүйізден болып тұр. Мүйізге айыппұл мүлдем жоқ. Жас мүйіз екені дәлелденген жағдайда ғана шара қолданылады. Мол табыс тауып жүргендер үшін мүйізге салынатын айыппұлдың көлемі 200 мың теңге. Бұл ақша қаскөйлерге түк емес. Жаза жеңіл, айыппұл мөлшері аз. Киікті қорғайтын болсақ, онда заң талабын күшейтуіміз керек. Заңсыз аңшылыққа әуестенбейтіндей жағдай жасау керек шығар. Бейресми деректерге сүйенсек, киік аулағандар киік мүйізінің келісін (4 мүйіз – 1 келі) Қызылорданың Аралына апарып 40 мың теңгеге тапсырады екен. Ал, Қызылордада жас мүйіздің келісі – 80 мың, Алматыда – 120 мың теңге тұратын көрінеді. Қытайда 4 мың доллардың төңірегінде. Қытайда дәстүрлі медицина үшін киіктің мүйізіне дәрілік шикізат ретінде сұраныс мықты. Қытай медицина индустриясының мүйізге деген сұранысы жыл сайын 8 тоннаға дейін барады екен. Қазір көрші мемлекеттегі жинақталған қор 80 тонна көрінеді. Браконьерлердің бөкендерді не үшін баудай түсіретінін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Ақшаға құныққандар киіктің киесін ойлап жатқан жоқ. Тіпті, мүйіз іздеушілер табиғатқа зиян келтіріп жатыр. Олар олжаға кенелу үшін жер өртейтін көрінеді. Соның салдарынан қаншама көлемдегі жерлер өртке оранады. От қамысқа тисе, шошқа, торай, құстардың балапандары бәрі өртенді дей беріңіз. Өртеудің себебі, тақыр жерде мүйіздер тез көрінеді. Мүйіз аппақ болып, төңкеріліп жатады. Міне осындай табиғатқа зиян келтіріп жатқандар жеңіл-желпі жазамен құтылуда. Ескі мүйіз жинаушылар үшін заңда шара қолдану керектігі көрсетілмеген. Мүйізді жас күйінде, кеппеген қан болған жағдайда ғана іс қозғай алады екен.

Тұяқ

 Жалпы дала жануарлары, оның ішінде, құрып кетуге жақын тұрған киіктерді қорғап, басын көбейту тек қана табиғат қорғаушыларының міндеті емес, жалпы қоғамға ортақ іс екендігін ұғынғанымыз жөн. Киік – дархан даланың киесі ғана емес, оның сақтаушысы әрі түлетушісі. Ғалымдар осыны анықтады. Жануарлардың тұяғы тимеген шабындық – жайылымдарда табиғи өсімдіктердің өзі тұқым шаша алмайды. Шашса да, көктеп шығу үшін жерге ене алмай, орнына қажетсіз өсімдіктер өсіп, жерге суды сіңдірмейді. Бұл үдеріс топырақтың құнарлауына, өсімдіктер дүниесінің дамуына кері әсерін тигізетіндігі, мұндай жерлердің өртеніп кетуге бейім тұратындығы көп жылғы тәжірибеде дәлелденген. Осы жерлерді киіктердің тұяғымен түлетіп, даламызды көріктендіруге болады. Киіктер шөптің жұмсақ жерін жейді, қой секілді түбірін үзбейді. Сондықтан, өсімдіктердің өсуі тоқтамайды, керісінше шөп тозаңын тұмсығы арқылы таратып, тұқымын үшкір аша тұяқтарымен өзге жерлерге енгізеді.

Дерек

Мамандардың есебінше, өткен жылы ақбөкендер саны елімізде шамамен 152 мыңға жеткен. Кейінгі жылдары Қарағанды облысында киіктердің саны айтарлықтай көбейген. Қазір олардың саны 52 мыңнан асып отыр. 10 жылдан бері киіктерді әуеден санау жүргізілуде. Мұндай санақ жануарлардың санын автокөлікпен жүріп санағаннан гөрі дәлірек білуге мүмкіндік береді. 2016 жылы әуеден санау арқылы облысымызда 36,2 мың ақбөкен тіркелген. Ал, 2017 жылдың қорытындылары бойынша бұл көрсеткіш 51,7 мыңнан асқан.

Айта кетейік, қорғауға алынғалы киік көбейген. Десек те, мақтануға ертерек сынды. Киікті сақтап қалу үшін бірінші, заңды күшейту керек. Мамандар «Қоршаған ортаға, жаратылыс иелеріне келтірген зияны үшін қаскөйлер темір торға қамалмаса да, өмірлік сабақ болардай тақсырет тартуы керек» деп отыр. Өйткені, қолданыстағы айыппұл мөлшері заңсыз аңшылықпен айналысуға жол бермеуге негіз бола алмайды. Екіншісі, заң саласында қызмет ететін мамандар «сатылмауы» тиіс. Сонда ғана мамандардың маңдай тері зая кетпейді. Әрі киік саудасы тоқтап, саны артары сөзсіз.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button