Әдебиет

Әке

«Бір күні əкем географиядан беретін Жаңыл апайдың сабағының үстінде кіріп келді. Есік қақпай кіргеніне қысылып, өліп барамын. Әкем басындағы бөркімен, қолындағықамшысымен апайдың дәл қасына келіп тұрды да: 


– Шырағым, басыңдағы орамалың қайда? – деді. Жаңыл апай қып-қызыл болып кетті.
– Сыртқа шыққанда тартамыз ғой, – деді күмілжіп.
– Аяқ-қолың неге жалаңаш? – деді әкем онымен қоймай. Апай қысылып не дерін білмейді.
– Өзің қай баласың?– деді әкем бір кезде апайға алыстан мал қарағандай, қолын көлегейлеп қарап.
– Сапабектің жолдасымын ғой.
– Не дейді, ойбай! Сапабек дейсің бе?
–Иә.
– Мына өзіміздің жаман жырық Жақанның ба?
–Иә.
– Көксау? – деді әкем тағы бір аурудың шетін шығарып. Жаңыл құлағына шейін қызарып, жерге қарады. Әкем Жаңылды қойып, алдыңғы партада отырған балаға шұқшиды.
– Сен кімнің баласысың?
– Қойшығұлдың.
– Не дейді? Әкең оннан әрі сипыр білмейді. Саған қайдағы данышпандық келіп қалған?… Балалар ду күлді. Әкем тағы бір-екібаланың шығу тегін жамандап болғаннан кейін, менің қасыма келді.
– Ой, танауыңнан айналайын, – деді үйде отырғандай еміреніп. Класс тағы да ду күлді. – Қойсайшы, әке, – деймін сыбырлап.
– Биттеп кеткен жоқсың ба? – дейді әкем басымнан сипап. Кластың іші гу-гу.
– Әке, қойшы енді, – деймін жаным шыға сыбырлап. Қою қайда?
– Ұйықтар алдында шешеңнің мамасын ұстап жатушы ең, жалғыз өзің елегізіп ұйықтай алмай жүрген шығарсың. Осы оқуы құрғыр-ақ өлтіретін шығар баламды, – дейді. Жерге кіруге шақ қалдым. Тіпті Жаңыл апай да күліп жіберді. Әкемнің жырына да кірмейді.
– Ішің ауырмай ма? Ішіңнің желі бар еді ғой, – дейді маған. Айналып-толғанумен кластан шықты. Сол күні кешке дейін балалар мені мазақ қылумен болды».

Төлен Әбдік 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button