Баған

“Әке, өскенде әкім боламын…”

Бүлдіршіндерден «Сен өскенде кім боласың?» – деп сұрасаң, түрлі жауап аласың. Бірі – актер, бірі – әнші, бірі ұшқыш боламын деп жарыса айтады. Тіпті, әкім боламын, бастық боламын дейтіндері де аз емес. Түптеп келгенде, әлгі бастық боламын дейтіндер мектеп қабырғасын ойдағыдай тәмамдамайды да. Әрине, көпке топырақ шашқаным емес, бұл… Бәрі отбасындағы тәрбиеге келіп тірелетіні анық.

Суретте автордың өзі

«Баланы – бастан…», «Ұядан не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деген мақалды білмейтін жан жоқ. Кейбір ата-ана ұлына қандай ақыл айтарын да білмейді. Бір-екі мақалдың басын құрап, әйтеуір әрі тартып, бері тартып түсіндіргендей болады. Тіпті болмаса, тоқпақтап алатыны тағы бар. Егер, ата-ана дұрыс тәрбие бермесе, баланы тоқпақтаудың нендей мәнісі бар? Сойылдағаннан бірдеңе шығады деймісің? Барлығы балаңды емес, өзіңді түзеуден басталады. Балаңа түзу жол көрсетемін десең – жүрген жолыңды түзе. Балаң сенен үлгі алады. Сенен көргенді істейді емес пе?

Ал, бұны қоя тұралық. Шынтуайтында, бала құрсаққа біткеннен бастап тәрбиеленуі қажет. Ананың көңілі жай болса, баланың да көңілі жай. Әке мейіріміне, ана махаббатына бөленуі керек қой. Іштегі бала мына дүниеде махаббаттың бар екендігін сезінуі қажет. «Баланы – бастан» деп осындайдан айтса керек-ті.

Қарағандыдағы «Алтын арба» базарына барсаң, сауда жасап тұрғанның біразы өзге ұлт өкілдері екендігіне көзің түседі. Алдыңа түсіп, жан-дәрмені қалмай тауарын өткізетінін қайтесің?!…

Өткенде бір тәжік азаматымен сөйлескенім бар. Әңгімеге ашық екен, тез тіл табысып кеттік. Отбасы жайында сұрасам, өз елдерінде көрінеді. Базардан түскен қаражатын отбасына аударып отырады. Тауардың өтуіне байланысты бір ай ішінде керекті қаражатын жинап алады. Ал, мұндай жұмысқа бастық болғысы келетіндер пысқырып та қарамайды. Жылы жер мен жайлы орындықтан үмітті олар. Өз қалтамызға түсуі керек ақша, шетел асып барады… Ал, бүлдіршіндер әлі де:

«…Өскенде кім боласың? – дегенде, – Әкім боламын!» – деп жүр.

«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді қазақ. Қазір сөз төркініне үңілген кім бар? Әрине, «құлыңдай жұмса» деген сөз тікелей мағынада емес. Бес жасқа толған балаға ата-ананың талаптары күшейе түсуі қажет. Егер бала өзіне тиісті жұмысты атқармаған жағдайда – жазалануы шарт. Сонда ата-ана алдында жауапкершілігі арта түсетіні сөзсіз.

Бала тәрбиесі, бала психологиясының дұрыс қалыптасуы – кешкі дастарқан басындағы әңгімеден басталады десем, артық айтқандық емес. Үлкендердің айтқан әңгімесіне құлақ түріп, сілтідей тынып тыңдап отыратын едік. Қазір тамақтанған уақытта ұялы телефонды қолынан тастамайтындарды көріп жүрміз. Бұл да бір жүгенсіздіктің белгісі деп білемін.

Ел ертеңі жастардың, яғни, біздің қолда. «Сен өскенде бастық боласың» – деп құлаққа құйғанша, алдындағы асын маңдай терімен, адал жолмен табуды үйретейікші. Баланы кішкентайынан еңбекке шақырайық.

Аспандағы айға қол созып жүргенде, жердегі нәсібімізден айырылып қалмаған жөн.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
газетінің тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button