Жаңалықтар

Әке ерлігі жаңғырды

Қарағандылық ардагер Әбдіғали ИСИНГЕ тиесілі «Ерлігі үшін» медалі 71 жыл уақыт өткен соң ардагердің ұрпақтарына табыс етілді. Бұл туралы облыстың ішкі саясат басқармасы хабарлады.

Ерлікті ұлықтау рәсімі Абай ауданы Жұмабек ауылындағы жаңа мектепте өтті. Іс-шараға Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің өкілдері арнайы келді. Олар батырдың ұрпақтарына аталарына тиесілі «Ерлігі үшін» медалін табыстады.

Әбдіғали Исин 1905 жылы бұрынғы Тельман ауданының Ақжар селосында туған. Көкшетау педагогикалық институтының түлегі. Спасскідегі балалар еңбек колониясында мұғалім болған. Кейін Қарағандыдағы №12 мектепке басшылық жасады. Ал, 1943 жылы Қырғызстанның Ош қаласындағы артиллерист-минометшілерді дайындайтын училищеге алынды. Онда 4 айдай оқу-жаттығудан өтіп, бірден 4-ші Украин майданына аттанады. Чехословакия еліндегі Нитра қаласының түбіндегі шайқаста қоршауды бұзып өту кезінде ерлік көрсетеді. Бірақ, ауыр жараланады.

Екі ай емделіп шыққан соң Әбдіғали Исин «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылады. Алайда, марапат иесіне уақытында табыс етілмеді.

Әбдіғали ақсақал соғыстан соң елге оралып, 1969 жылдан бастап Қарағанды облысы Абай ауданына қарасты Жұмабек ауылында ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Бірнеше ордендер мен Алғыс хаттар алады. Қарт майдангер 1994 жылдың қазан айында дүние салады.

Бір қуантарлығы, ұрпақтары әкесінің «отын өшірмеді». Әкесіне тиесілі марапатқа іздеу салды.

«Осы марапатты ала алмадым» деп арманда кетті. Әкеміздің жазбаған жері жоқ. Мәскеуге, барлығына жазды. Бірақ, соғыс жылдары машина жарылып, сондағы құжаттардың барлығы өртеніп кетті деген хабар келді. Сол уақыттағы арманы орындалып отырғанына біз ерекше қуанып отырмыз. Өйткені, марапат иесін тапты» дейді Венера Әбдіғалиқызы.

Бұл күні батырдың ұрпақтары – бір-бір шаңырақтың иесі атанып отыр. Екі ұл, екі қызы да оқыған, өмірден өз орындарын тапқан.

Аяулым  СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button