Баған

Әке қадірін білеміз бе?

Баланың отбасындағы тәрбиесінде әкенің рөлі айрықша екені белгілі. Қоғамда сол әкенің жылуы мен махаббатын сезінбей өсіп келе жатқан қаншама бала бар. Осылайша, көптеген жас тағдыр өкінумен, өксумен, өшпенділікпен өмірден өтіп жатыр. Олардың арасында біздің, сіздің, олардың да танысымыз бар.

Өткен аптада бір досымның ауқатты әкесі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әкесі тірі кезінде де ол өзін тастанды санайтын. Жастайынан анасы екеуін жалғыз қалдырғанын кешіре алмай өсті. Есейсе де әкесімен бір мәмілеге келе алмай арпалысатын. Бірақ, іштей жақсы көретінін көзі кеткен күнгі өкініштен өксіген көз жасынан байқадық. Жүректі ауыртатын жағдай. Бірақ, бәріне кеш еді. Бізге ой салғаны сол – қаншама жылғы әке мен бала арасындағы дүрдараздық кімге керек болды? Біреу жеңуі керек болса, ол кім? Ал, кім жеңілді?

Әкесі кетерінде бар жиғанын ұлының атына жазып кетіпті. «Балам..» деп басталған хатта «Дүниенің кигің келсе тәжін ұлым, қадірін үлкендердің қазір ұғын» депті. Бар ғұмырында баласының жағдайын жасап тұрған әке онымен 10 минутқа сиятын емен-жарқын әңгімені армандап кетті. Ал, отыз жылғы ғұмырының 10 минутын әкесіне арнай алмаған ұлдан не қайыр?!. Иә, осыған ұқсас оқиға қоғамда көп. Бірақ, өнеге болар жайттарды естіп жүрсе де, одан сабақ алатындар қатары сирек. Есіретіндер қаншама?!.

Әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Әр әке бала алдындағы жауапкершілігін сезінсе, бәлкім, жоғарыда аталған жағдай орын алмас па еді?! Түсінген адамға аталған жай – қазіргі қоғамның тікелей көрінісі. Қазіргі таңда бала тәрбиесімен үйде отырған нәзікжандылар айналысады. Жұмыстан оралған әкелердің басым көпшілігі балаға көңіл бөлуден қалған. Үйге келіп, телефон ақтарғанды дұрыс көретіндерді көзіміз көріп жүр. Бала тәрбиесіне келгенде барлығын әйеліне ысыра салатындар да бар. Осыдан кейін әкесінің қоғамға тигізген пайдасынан үлгі-өнеге алмай өскен баладан жатбауыр ұрпақ қалыптасады. Кейін Қарттар үйіне кезек көбейеді.

Олқылықтың алдын алу үшін темірдей тәртіп пен өнегеге құрылған «Әкелер мектебі» керек. Ол мектеп әрбір әкеге қоғамдағы орны мен рөлін үнемі есіне салып, сондай-ақ намыс пен ұяттың не екенін ұғындырар еді. Әкелер тәлімінің тамаша көрінісін Қарағандыдағы №1 Білім-инновация лицейінен көрдім. Әкелер мен балалар болып әңгіме-дүкен құратын клуб бар екен. Осындай клуб қаламыздағы барлық мектепке керек-ақ…

Құдайға шүкір, әлі ешкімнен «Менің әкем нашар адам» дегенді естіген емеспін. Естігім де келмейді. Өйткені, бала да өз әкесін жамандаса, оған басқа біреу жақсы әкесін әкеліп бермейтінін біледі. Бала кезінен әкесі мойнына көтеріп өсіргенін біліп, өзін одан биік санамайды. Бүлдіршін кезде екі әріптің басын құрап үйреткен әкесін сөзден шатастырмайды, сөз қайтармайды. Өзін қамтамасыз ету үшін күн-түн демей еңбек еткен әкесінің бүгінгі табысына мін айтпайды, өзін онымен ешқашан салыстырмайды.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадистің өзі «Адам ата-анаға көрсеткен ісінің пайда-зиянын бұл дүниеде көрмей өмірден өтпейді» дейді. Олай болса, «Сенің де әкең – ең жақсы адам».

Аяулым СОВЕТ,
«Ortaluq Qazaqstan»
газетінің тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button