Бас тақырыпТарих

КарЛаг

Бүгінгі күнге дейін ҚарЛаг туралы аз жазылған жоқ. Бізде де, шетелдерде де талайталай кереқарыс кітаптар шықты. Әлі де жазыла жатар…

Өйткені, бұл тақырып бүгін-ертең түгесіле қалатын тақырып емес. Оның үстіне ҚарЛагқа қатысты мұрағат материалдары толық айналысқа түспей отыр.

Әрине, ҚарЛаг тақыр жерде құрылған жоқ. Оның алдында мысалы болды.

Оның алдында ел білетін ГУЛАГ болды…

Ол жаншу аппаратының шыңы болды.

 ҚарЛаг-ымыз соның сынығы…

Бұлар шын мәнінде халықтар түрмесі болды. Мұнда КСРО-ны мекендеген барша ұлт өкілдері отырды.

Жау жоқ еді. Алайда…

Тапты. Халық жауы дегенді.

Қарапайым халық ұғымында халық жауы дегендеріміз бұзақылар, қасақылар, ұрықарылар, қанішерлер еді. Алайда, қызыл өкімет халық жауының жаңа форматын ұсынды. Халық жауы ретінде ел басқарған азаматтар, есімдері еліне білінген тұлғалар ұсталып жатты. Оларға халық жауы деген жала жабылды. Дұрысырағы таңылды.

Жау, оның ішінде халық жауы осылай табылды. Осылайша, халық балалары халық жаулары болып жатты. Әр жағы қиын емес еді.

Әрине, халық жауының айналасы болды. Кемі туғандары, кемі ауылдастары… Түптеп келгенде бәрі қазақтар еді…

Жаңаарқа және Шет жұртшылығына Орынбек Беков есімі жақсы таныс. Ұлтжанды, қазақ оқығандарының бірі. Заманында Спасск зауытында жұмыс істеген. Сол зауытта істеген қазақ жұмысшыларының көшбасшысы болған. Зауытта істеген қазақ жұмысшыларына шапағаты тиген бабаларымыздың бірі. Сол кісі халық жауы болып ұсталғанда, талай шеттіктер мен жаңаарқалықтар ұсталып кете барды. Бар жазықтары олар Орынбек Бековті танитын еді. Сол Орынбек Бековті талай-талай орыстар да танушы еді. Алайда, олардың бір де бірі репрессияға ұшыраған жоқ.

Жаңаарқа да, Шет те қазақы аймақтар болатын. Жаншу аппараты өзінің жүргізген жымысқы саясатын қашанда бүркемелей білді. Он қазақты ұстаған сайын қазақ емес біреуді тауып отырды. Осылайша, халық жауының ұлттық белгісін бүркемелей алды.

Жаңаарқа мен Шеттен қазақ еместерді тапты. Жаңаарқа мен Шетте теміржол бар болатын. Сол шойынжолда қазақ еместер көптеп істеді. Ақшатау, Спасск, Өспен сынды кеніштер болды. Оларда да қазақ еместер жеткілікті еді. Қазақ еместерді содан тапты. Болмай бара жатса мектептер бар еді…

 Ал онда, орыс тілі міндетті түрде оқытылатын…

Қайтып оралайық әңгімемізге…

Патшалық Ресейдің де, Совет өкіметінің де басты ұстанған ұстанымы қазақты ұлт ретінде жою еді. Өйткені, Қазақ елі кешегі жер-жаһанды тітіреткен Алтын Орданың заңды мираскері болатын.

Сондықтан да, қызыл өкімет бұл жолда ештеңеден тайынбады. Айналдырған жиырма жылдың ішінде қазақ халқының жетпіс пайыздайын қырып салды. Атты, асты, аштан қырды, жер аударды…

 Бұл жерде бір нәрсені шатыстырмау керек. Қазақты халық ретінде жоя алмайтын еді.

Қызыл саясат оның да жолын ойластырып қойған болатын.

Қазақ ұлт ретінде жойылады!

 Халық ретінде қалады…

Қазақ атауымен емес..

Совет атауымен! Міне, КСРО-дағы халықтарды советтендіру басқа емес, нақ қазақтардан басталған еді…

Елдің есінде болса Ұлы Қазан революциясының 70 жылдығында жасаған баяндамасында Бас хатшы Ю.Андропов Совет халқы қалыптасты деп жаһанға жар салды.

Кейінгі уақыт көрсеткендей, бұл пайым асығыс жасалған пайым еді!

Қазақ халық ретінде жойылмақ тұрсын ұлт ретінде өзін сақтап қалды.

Совет өкіметінің түбіне бәрібір сол Алтын Орда жетті!

Совет өкіметінің түбіне Алтын Орда жерінде отырған Қазақия жетті!

Совет өкіметінің түбіне Қазақияда өткен Желтоқсан көтерілісі жетті!

Жә, ҚарЛаг-ымызға оралайық. Сөз жоқ, ҚарЛаг-тың әр жағында арзан жұмысшы күші жатты…

Сөз жоқ, Одақтың үшінші кочегаркасынсыз Совет елін электрлендіру мүмкін емес еді…

Сөз жоқ, жедел түрде Жезқазған мен Балқашты қатарға қосу керек еді…

Өйткені, Батыста жаңа соғыстың бұлты қоюлана бастаған. Олай болса, соғыста оқ керек болады. Олай болса, Балқаш пен Жезқазған керек!

ҚарЛаг-тан СтепЛаг пен БалқашЛаг-ты бөліп алсақ, оның осындай ішкі есебі бар болатын.

Қойшы, сонымен Қазақстанда әйтеуір бір ГУЛАГ салу керек болатын!

 Салды!

Арқадан!

 Он ойлап, жүз толғанып Қарағанды жерін таңдады!

ҚарЛаг дүниеге солай келген!

 Алғашқы таңдау Қарқаралы жеріне түскен!..

Алайда, оның географиялық шалғайлығы ескерілді…

Сонымен, 1930 жылдың жазы келген. Мамыражай мамыр айы еді.

 КСРО ХКК «Қазақ еңбекпен түзету лагерьлерін ұйымдастыру туралы» Қаулысы қабылданды. Ел оған онша назар аудара қоймаған. Алайда, ондағы «Жер Халық Комиссариатының қорытындысына және ОГПУ-дің ерекше мақсаттағы Қазақстандағы лагерьлер басқармасының Қоянды жәрмеңкесі аумағы мен құрылыстарынан басқа 110000 гектар алаңды мерзімсіз тегін пайдалануға деген өтініші қанағаттандырылсын» деген бап елге іш тартқызған.

Ал, екінші бабында «Қазақ КСРО Жер Халық Комиссариатына аталмыш лагерьлерге бөлінетін жерді дереу бөліп, жұмыс жүргізетін техникалық қызметкерлерді іріктеу тапсырылсын. Бүкіл жұмыстар Қазақстандағы ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы күші мен қаражаты арқылы жүзеге асырылсын» деп жазылған еді…

 Бұл 1930 жылғы 13 мамыр болатын…

 Сонымен, ҚарЛаг-ымыз ерекше мақсаттағы лагерь екен. Сонда оның ерекшелігі неде?

Ұзамай жұмыс жүріп берді.

Ұйымдастыру жұмыстары…

1931 жылғы 19 желтоқсанда тағы бір шешім қабылдансын.

Сол қаулыда жаңа атаусыз лагерьдің атауы – «Қазақ еңбекпен түзеу лагері» деп аталды!

Одақ жерінде лагерь аз болған жоқ. Алайда, оларға нақ осындай ұлт атаулары берілген жоқ.

Мәскеу жаңсақ кеткенін білді, әрине. Онысының да жымын білдіртпей кетуге тырысты.

Жаңа лагерьге – «ҚарЛаг ОГПУ» деген атау берді!

«Гигант» кеңшарынан қадасын қадады. Кеңшардың «Гигант» атауы жазылған тақтайшаны жұлып тастап, «ҚарЛагОГПУ» деп аталатын үлкен қақпа орнатты.

Сөйтіп, жаңа лагерь «Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері» болып қайта құрылды. Ол күткендегідей ГУЛАГ-қа бағындырылды.

 Лагерь басқармасы Долинка кентіне орналасты. Бұл кент Қарағанды қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан елді мекен еді.

Оған 120 000 гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлінді. ҚарЛАГ аумағы теріскейінен түстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым алапты алып жатты. Оған қоса, осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды.

Лагерь Мәскеуден басқарылатын болды!

Бір сөзбен айтқанда, мемлекет ішінен мемлекет құрылды!

ҚарЛаг деген мемлекет!

Оның өз өкіметі, қару-жарағы, көлікқұралдары, поштасы мен телеграфы болды. Көптеген бөлімшелері бірыңғай шаруашылық тетікпен байланыстырылды. Олардың өзіндік мемлекеттік жоспары болды.

 Жергілікті басқару органдарының оларға ешқандай ықпалы болмады.

Лагерь аумағын тұрғылықты халықтан босату астамшылықпен жүргізілді. Жергілікті халықты мәжбүрлеп көшірді. Қазақтарды тұрған жерінен айырып, Қарағандының маңына шоғырландырды. Ал, басқа ұлттарды, оның ішінде немістер мен орыстарды, украиндарды Қарағандының құнарлы аймақтары Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына қоныстандырды. Сөйтіп, бұл аудандар біржолата орыстануға бет алды.

Шет және Жаңаарқа аудандарының біраз аймағы ҚарЛаг-қа кірді. Осы өңірдің Ақой, Бұрма, Қызылтау, Ортау, Көктіңкөлі, Өспен, Жарық елді мекендері ҚарЛаг бөлімшелеріне айналдырылды. Олардың атауларын санмен алмастырды.

 Осы өңірдегі бай-құлақтардың тәргіленген малы ҚарЛаг иелігіне берілді.

Жергілікті халық көшірілгеннен кейін бос қалған жерлерді тұтқындармен толтырды. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылды: теміржол салды, өздеріне барактар, мал қоралар, күзеттегі жауынгерлерге казармалар, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа ескі үйлердің материалдары жаратылды. Бейіттерді бұзу фактісі Жаңаарқа ауданында кездесті. Аудан аумағында ҚарЛаг бөлімшелерін салуда қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды.

Спасск ерекше лагерь бөлімшесі Қарағандыдан 45 шақырым жерде орналасқан. 1931 жылға дейін Спасск Қарағанды ауданының орталығы болды. 1931 жылдың наурызынан Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің қарамағына берілді. Кейінірек ҚарЛаг-тан «Песчанный» лагері бөлініп шықты. Бұл жерден ешкім тірі қайтпайтын. Қарабас ҚарЛаг-тың қақпасы болса, Спасск оның бауырластар зираты болды.

Спасскте соғыс тұтқындарына арналған арнаулы лагерь ұйымдастырылды. Лагерь екі бөлімшеге – Орталық және екінші Көкөзек бөлімшесіне бөлінді. Лагерьге 22 бөлімше қарады. Олар Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларында болды. Сондай-ақ, Қарағандыдан 360 шақырым жердегі Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі бір бөлімше ұсталынды. Қалғандары Қарағанды қаласының ішіндегі: кірпіш зауытында, Майқұдықта, Пришахтинскіде, Үлкен Михайловка станциясында болды. Соғыс тұтқындарының алғашқы эшелоны Спасскіге 1941 жылдың тамыз айында әкелінді. Ал, 1945 жылдың қазан-қараша айларында лагерьге жапон армиясының 11608 әскери тұтқыны бес эшелонмен әкелінді. Тұтқындарды жұмыс күші ретінде шахталарда, кірпіш зауыттарында, жөндеу-механика зауыттарында, құрылыс ұйымдарында пайдаланды.

Спасск лагері ҚарЛаг жүйесіндегі ерекше режимдегі лагерь деп есептегендіктен, каторжниктерді, ерекше қауіпті қылмыскерлерді үнемі ҚарЛаг-қа аттандырып отырды. Спасск лагері 1956 жылға дейін ҚарЛаг-тың құрамында қалды.

Жезқазған қаласының құрылысы 1936 жылы басталды. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер министрлігінің аса ірі Жезқазған лагері құрылды. Үлкен Жезқазғанның жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан нысандарының бәрі НКВД-ның қарауына беріліп, «Жезқазған еңбекпен түзеу лагері және НКВД комбинаты» деп, ал Жезқазған қаласының құрылыс алаңы «НКВДнің Кеңгір құрылыс ауданы» деп аталынды.

Өнеркәсіп пен құрылыс нысандарында 7 мыңнан астам тұтқын жұмыс істеді.

 1942 жылы Үлкен Жездіде уақытша барактар пайда болды. Бұл жерде тұтқын құрылысшылар мен болашақ Жезқазған марганец кенішінің пайдаланушылары орналастырылды.

1946 жылға дейін ерекше қауіпті қылмыскерлер, «халық жаулары», «отанын сатқандар», «контрреволюционерлер» үшін құрылған Жезқазған лагері ҚарЛаг-тың қарамағында болды.

ҚарЛаг патшалы Ресейдің еңбекпен түзеу колониясы принципі бойынша құрылған еді. СтепЛаг болса Герман концлагерьлерінің принципі бойынша құрылды. Егер ҚарЛаг тұтқындары негізінен ауылшарушылығымен айналысса, СтепЛаг тұтқындары тек қана өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істеді.

Тұтқындардың жағдайы өте ауыр болды. Барлық жағдайлар тұтқындардың ашу-ызасын тудырды. Тұтқындар дұрыс тамақтанбады, дұрыс ем қабылдаған жоқ, үнемі қорлады. Бұлардың барлығы наразылыққа алып келді. 1954 жылы 16 мамырда Кеңгір көтерілісі бұрқ ете түсті.

 Ол бүкіл ГУЛАГ жүйесін дүр сілкіндірді. Бұл көтеріліс 40 күнге созылды. Олар өкіметке ұйымдасқан түрде қарсылық көрсетті.

 Көтеріліс асқан қатыгездікпен басылды.

Кеңгір көтерілісінен кейін бүкіл ГУЛАГ жүйесіндегі каторгалық ерекше лагерьлер жойылды.

Спасскке оралайық…

Кешегі Спасскіні түсінуге болар. Жазықсыз жалалы болған ата-бабаларымыздың сүйегі сонда қалды. Сондай-ақ, ол жерде кісі қанын жүктеген нағыз баскесерлердің де жатқандарын жоққа шығара алмаймыз ғой.

Қызыл өкімет сол бір шындықты жасыра алмады. Спасскінің зираттар қорымы екендігін жоққа шығара алмады.

Дегенмен, сол шындықты бүркемеледі…

 Бауырластар зираты деп.

Соны біздер қағып алдық. Мамыр айының соңында қарағандылықтар Спасск мемориалын бетке алады. Әкім болып, қара болып…

Құрмет көрсетуге…

 Тағзым етуге…

Жазықсыз атылған ата-бабаларымызға…

Алайда, онда ата-бабаларымызды оққа байлаған НКВД жендеттері де жатыр ғой.

ҚарЛаг бастықтарының өзі де қызыл террордың қарауылына іліккен…

Ендеше…

Осымыз қалай болар екен?!.

Төрехан МАЙБАС,
жазушы

Басқа материалдар

Back to top button