Жаңалықтар

Карантин кезінде дәрігердің қабылдауына қалай баруға болады?

Карантин режимінің енгізілуіне байланысты Қарағанды облысының емханалары  барлық жоспарлы қабылдауларды, тексерулерді және скринингтерді уақытша тоқтатты. Мұндай жағдайда шұғыл түрде дәрігер қабылдауына баруы тиіс науқастар не істейді? Жүкті әйелдер қалай есепке тұрады?  

Қазіргі таңда кардиолог, невропатолог, онколог және басқа да мамандардың кеңесін қашықтан алуға мүмкіндік бар. Ол үшін тұрғылықты мекен жай бойынша тіркелген емханаға қоңырау шалу керек. Мәселен, №1 қалалық аурухананың емханасына сәуір айының басынан бастап онлайн-режимде және телефон арқылы рецептер мен кеңестер алу үшін үш жүзден астам адам жүгінген. Сондай-ақ, төрт пациент телефон арқылы психологтың кеңесін алды.

  • Емделушілерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысында қажет дәрілерді медициналық қызметкерлер науқастың үйіне жеткізіп береді. Дәрілерге рецепті телефон арқылы ғана емес,  Damumed мобильді қосымшасында да тапсырыс беруге болады. Салалық мамандардың онлайн-кеңестерін  onlain.karhospital.kz сілтемесі бойынша, сондай-ақ емхананың ресми сайтында алуға болады. Мұнда кез келген маманға сұрақ қою мүмкіндігі бар. Жүкті әйелдер «әйел денсаулығы» жедел желісіне  46-21-01 телефоны арқылы хабарласа алады, – деді №1 көпсалалы аурухана директорының орынбасары Радмила Габдракипова.

Жүктілік бойынша есепке тұру үшін өзіңіз тіркелген емхана  гинекологының қабылдауына жазылу керек.

  • Есепке қою кезінде бізге жүкті әйелдің барлық жеке мәліметтері, оның анамнезі және жүктілік мерзімі керек. Оны қашықтан анықтау мүмкін емес болғандықтан, жеке қабылдау қажет. Дегенмен, біз әйелдерді қатаң түрде белгілі бір уақытта жазып алуға тырысамыз. Олар кезекте тұрмайды және емхана қабырғасында көп уақыт өткізбес үшін осылай жасаймыз, – дейді №3 емхананың акушерлік-гинекологиялық қызметінің жетекшісі Гүлназ Таласпаева.

Кейіннен жүкті әйел ұрықты ультрадыбыстық зерттеу және генетикалық скрининг секілді тексерістерден ғана өтуі қажет. Әйелдер емханаға таксимен немесе жаяу келе алады. Егер емханаға келіп жетудің бұл түрлері қандай да бір себептер бойынша пациентке қолжетімді болмаса, ондай жағдайда емханадан оған көлік жіберіледі. Көлік керек екендігі туралы жүктілікті бақылайтын дәрігерге хабарлау керек.
Болашақ аналардың жүктілігі 34 аптадан асқан соң олардың үйіне патронаж медбикелер келеді.
Карантин кезінде облыс дәрігерлері емханаларға барудан бас тартуға шақырады. Емханаға барғысы келетіндер үшін және вирустық аурулардың белгілері бар пациенттер үшін 08.00-ден 20.00-ге дейін шұғыл кабинет-фильтрлер жұмыс істейді.

Облыстың барлық емханаларының толық тізімі мен байланыс телефондарын мына жерден табуға болады https://www.103.kz/list/polikliniki/karaganda/.
 

Басқа материалдар

Back to top button