Коронавирус

Карантин кезінде қандай шектеулер болады?

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаровтың 2020 жылғы 29 наурыздағы №8 қаулысымен 30 наурыз сағат 00:00-ден бастап  Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай және Шахтинск қалаларында карантин режимі енгізіледі. Карантин кезінде тұрғындар үшін қандай шектеу шаралары болады? 

Ең алдымен, карантин енгізілген сәттен бастап үш адамнан асатын топ болып жиналуға тиым салынады. Бұл шектеудің  отбасы мүшелеріне қатысы жоғын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар, азаматтар азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу, банк қызметтеріне жүгіну немесе  жұмысқа бару үшін ғана сыртқа шыға алады. Басқа кездерде  үйден шығуына шектеу қойылады. Алпыс бес  жастан асқан адамдарға далаға шығуға болмайды. Кәмелет жасына толмағандар үйден ересектердің бақылауынсыз шыға алмайды.

Бұдан бөлек, барлық қоғамдық орындар, яғни, саябақтар, гүлзарлар, ойын және спорт алаңдары арнайы өкім шыққанға дейін жабылады. Бизнес орталықтары сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал, дәмханалар мен мейрамханалар, тек,  жеткізу режимінде ғана жұмыс істей алады.

Тек, азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың ғана жұмысы жалғасады. Басқа дүкендердің, жекеменшік және мемлекеттік балабақшалардың, сұлулық салондарының, қоғамдық моншалардың, сауналардың, букмекерлік кеңселердің және басқа да қызмет көрсету мекемелерінің жұмысы тоқтатылады.

Карантин жарияланған қалалардың арасындағы көлік қатынасы әзірге тоқтатылған жоқ. Теміржол және автовокзалдардың, әуежайдың және қоғамдық көліктің жұмысына шектеу қойылатын болса немесе  карантиндік аймақты толық қоршау қажеттілігі туындаса тұрғындарға алдын ала хабар беріледі.

Басқа материалдар

Back to top button