Жаңалықтар

Карантин ережесін бұзғандарға қандай жаза қолданылады?

Қарағанды облысында төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 260 адам әкімшілік жазаға тартылды. Олардың 109-на айыппұл салынып, дәл сонша адам әкімшілік қамауға алынды. Ал, өзге азаматтарға  ескерту берілді. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков хабарлады.

– Коронавирустық инфекцияның таралуын азайту мақсатында қазіргі уақытта облыс аумағында 24 карантиндік бекет жұмыс істейді. Олардың міндеттері – елді мекендерге адамдардың кіруі мен шығуын бақылауды жүзеге асыру. Азаматтардың қоғамдық орындарда болуына және көшеде себепсіз серуендеуіне жол бермеу үшін полиция күшімен патрульдеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Жанатай Сембеков.

Карантин режимі кезінде үйден, тек, аса қажет болған жағдайда ғана шығуға рұқсат беріледі. Атап айтқанда,  жұмысқа бару және кері қайту, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін жақын дүкенге, дәріханаға (тұрғылықты жерінен 1500 м радиуста) бару, банк операцияларын жүргізу, үй жануарларын  серуендету.  Қала бойынша жаяу және көлікпен жүруге барынша шектеу қойылған. Кәмелетке толмағандарға ересектерсіз көшеде жүруге тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдарға үйден шықпау ұсынылады.

– Сіздерді құқықтық тәртіпті сақтауға, белгіленген тыйым салу және шектеу шараларын орындауға, сондай-ақ құқық қорғау қызметтерінің жұмысына түсіністікпен қарауға шақырамыз, – деп мәлімдеді ПД ресми өкілі.

Көшеге шыққан кезде өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты алып жүру керек.
– Ол болмаған жағдайда патруль қызметкері азаматтың жеке басын куәландыру үшін жақын жердегі полиция бөліміне жеткізуге, сондай-ақ оның көшеде немесе қоғамдық орындарда жүруінің қаншалықты заңды екенін анықтауға құқылы, – деп түсіндірді Жанатай Сембеков.

Карантин талабын бұзғандарға ҚР ӘҚБК 476-бабына («Төтенше жағдай режимін бұзу») сай ескерту беріледі немесе  10 АЕК (27 780 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Кейбір жағдайларда 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.  Сондай-ақ, облыста коронавирус індеті туралы жалған ақпарат тарату фактілері бойынша ҚР ҚК 274-бабы бойынша 10 қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Басқа материалдар

Back to top button