Көзбен көріп, құлақпен естігенім

1986 жылдың желтоқсаны. Санам мен жүрегімде өшпестей орын алған, ешқашан өлмейтін тарих бұл. Ол кезде мен Қарағанды политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалының директоры едім. 18 желтоқсан күні қас қарая облыстық партия комитетінің ғылым-білім және медицина бөлімінің меңгерушісі үйге телефон шалды да, «жатақханаға барып, студенттердің сессия алдындағы халахуалын білейік, тұрмыс жағдайларымен танысайық» деп ұсынысын айтты. Апылғұпыл киініп, жатақханаға келдім. Ол кезде компартияның ақ дегені ақ, қара дегені қара болып тұрған уақыт қой. Бөлмелерді аралап жүрміз. Студенттердің сессияға дайындалып, жайбарақат қалыпта отырған сыңайлары бар. Көңілім толып, кәдімгідей масаттанып қалдым. Менде ешқандай сезіктену жоқ. Бөлім меңгерушісіне қарап, «міне, көрдіңіз бе, біздің студенттер осындай, сессия уақытында қыдырысты қойып, емтиханға дайындалып отырады» – деп қоямын.


Бір бөлмеге кірсек, 5-6 студент стол үстіне газет жайып тастаған, жақындап келіп қарасақ, газет бетінде үлкен етіп түсірілген Колбиннің суреті бар екен. Соны шимайлаған, көздерін «шұқып» тастапты. Қасымдағы кісі мұны байқамай қалды, өйткені, студенттің біреуі суреттің үстіне дәптер тастай салды.
Барлық бөлмелерді аралап болған соң үйді-үйімізге тарадық. Менде бөтен ой болған жоқ. Қызық ертеңіне, яғни, 19 желтоқсанда басталды. Ертеңіне жұмысқа жиналып жатқан едім, үйдегі телефон шарылдап кеп берсін, трубканы көтерсем деканның орынбасары М.Ельина. «Не болып қалды?» – деп сұрадым. Ол кісі «студенттер митингке кетті» деді де трубканы тастай салды. Түсінсем бұйырмасын, аң-таң болған қалпыммен институтқа келдім. Фойеде жалғыз М.А.Ельина. Басқа ешкім жоқ. «Студенттер қолдарында плакаттары бар, пединститутқа қарай кетті» – деді. Айтып-айтпай не керек, сол күні Жезқазғанда студент жастар Қазақстан КП Орталық комитеті Пленумының атышулы шешіміне өздерінің қарсылықтарын бүкпесіз білдіргені белгілі…
Содан кейін орын алған бір оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Ол – облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, жоғарыда аталған бөлім меңгерушісі және менің арамызда болған жағдай. Обком хатшысының кабинетіндеміз. Хатшы бірден маған дүрсе қоя берді: «институт филиалдарын жаппай жауып жатқанда сен мұнда не бітіріп жүрсің?! Министрге барып, «филиалды жаппа» деп айтпайсың ба, студенттерің шеруге шығады, одан хабарың жоқ, ұлтшылдықты қоздырып жүрсіңдер. Партия шешіміне қарсылық көрсетесіңдер» – деп, тағы да басқа миға қонбайтын сөздерді айтып, аптығып барып тоқтады. Мен «бар болғаны филиал директорымын, ірі институттардың ректорларын жұмыстан босатып, сол институттарды жауып немесе қысқартып жатқанда мені кім тыңдайды? Менің қасыма бір ірі қызметкерді қосып беріңіз, министрге барайық, жағдайды түсіндірейік» – дедім. Әлгі хатшы маған айтпағанды айтып, ақыр аяғында бөлім меңгерушісіне қарап «мына қаңғыбасты қайдан тауып алғансың?» – демесі бар ма?!
Сөздері намысыма тиіп, әрең отыр едім, шыдамым таусылды да, айтарымды айтып тастадым.
– Қаңғып келген мен емес, қаңғыбас дәл сіздің өзіңіз. Қызметті жиі ауыстырады екенсіз. Ата-бабаңыздың қабірлері қайда екенін де білмейтін шығарсыз. Ал, менің ата-бабам осы арадан 50-55 шақырым жерде жатыр, сенбесеңіз, терезеңізден қараңыз, қабірлерінің топырағы осы жерден көрініп тұр (хатшының кабинеті 9-қабатта болатын, Жезді бағытындағы талай жер көзге шалынатын). Сонда қаңғыбас кім – сіз бе, әлде, мен бе?! – деп салдым…
Бүкіл қазақ халқына «ұлтшыл» деп айдар тағып, ұлттың арына зор нұқсан келтірген замана да өте шықты. Шынтуайтында, желтоқсан оқиғасын коммунистік партия өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Алайда, онысынан ештеңе шықпады. Ақыры, қызыл империя өзін-өзі жұтып тынды.
Одақ құрамында болған мемлекеттер өз тәуелсіздіктерін жариялай бастады. Соның бірі – қазіргі таңда кемелденіп, дамудың дара жолына түскен біздің Қазақ елі.

Ниязғали ЖАЙСАҢБАЙ,
Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессоры,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.