Кәсіптік білім – қысқа мерзімде

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың  Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бірінші басымдықтың үшінші кешенді міндеті – еңбек нарығын жаңғырту. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне орай дуальді оқытуды қолдана отырып, қысқа мерзімде кәсіптік оқуға   мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыс қала, аудандардың халықты жұмыспен қамту орталықтары, білім ошақтары арқылы жүйелі жүзеге асуда.

 

Балқаш қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы еңбек нарығының сұранысына сәйкес кәсіп пен дағдыға жұмысшы мамандарды қысқа мерзімде оқытуда. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа жұмысшы мамандығын санаулы мерзімде игерген маман еңбек нарығының сұранысын өтейтін болады.  Балқаш қаласында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша өңірлік комиссия арқылы  2017 жылы оқытатын ұйымдар анықталған. Олардың қатарында, Балқаштың қызмет көрсету колледжі, Р.Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжі және Көпсалалы колледж бар. Маусымның 12-ші жұлдызынан қысқамерзімді оқуға 57 тұрғын жолдама алды. Жолдама алған бағдарламаға қатысушылар дәнекерлеу ісі, өнеркәсіптегі электртехникалық құралдарға қызмет көрсету, тамақтануды ұйымдастыру, шаштараздық және декоративтік косметика, компьютерлік сауаттылық бағытында білім алып, дағдыланады.

Балқаш қаласының тұрғыны Олег Иванов Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіргенге дейін жұмыссыз еді. Бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққан ол ұзақ уақытқа дейін жұмысқа орналаса алмаған. Өйткені, арнайы білімі жоқ. Балқаш қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына өтінішпен келгенде мамандар тарапынан дәнекерлеуші  мамандығы бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқудан өту ұсынылды. Соның нәтижесінде  бағдарламаның қатысушысы атанып, қазіргі күні дәнекерлеуші мамандығын оқуда. Оқудан соң жұмыспен қамтылмақ.

Қаражал қаласына келсек, мұн­дай оқуға жолдама беруге 12 адамды жоспарласа, бұл күні Қаражал қаласының осынша тұрғыны 3 айлық оқуға жолданған көрінеді. Мамандарды қысқа мерзім ішінде оқыту білім ордаларымен бірлесіп іске асып отыр. Айталық, Қарағанды қаласының технология және қызмет көрсету колледжінде «Шаштараз және декоративті косметика» мамандығын меңгеруде. Мамыр айында жолдама алған азаматтар санаулы уақыттан соң игерген кәсіптері бойынша Қаражал өңірінде еңбек нарығының сұранысына қарай жұмыспен қамтылмақ.

Ал, Жаңаарқа ауданында «Нә­ти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дарламасының» бірінші бағыты бойынша бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуді жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2017 жылға 6 млн. 215 мың теңге қаражат бөлініпті.

2017 жылдың 1 маусым айынан, 6 жұмыс берушіден түрлі мамандарға сұраныс түскен. Атап айтқанда,   «Жаңаарқа-Жылу» КМК-нан 32 от жағушыға, «Ескене» шаруа қо­­жа­лығынан 4 адамға, «Олжас» шаруа қожалығынан 2 адамға, «Тас­тықара» шаруа қожалығынан 2 адамға, «Бидайық» шаруа қожалығынан 3 газэлектрдәнекерлеушіге, 5 «Қол-тырнақ әрлеушіге» жеке кәсіпкер «Аманжановадан» сұраныс түскен. 26 адам  өз ісін ашуға тіркеліп, барлығы 74 адамға қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға жолдама беріліпті.

Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, 32 қатысушы  отжағушы  оқуын тәмамдап, сертификат берілген соң от жағу маусымынан, яғни, қазан айынан бас­тап «Жаңаарқа-Жылу» КМК-не  жұмысқа жолданбақ көрінеді. Осы күні  42 тұрғын оқуын жалғастыруда.  Оның  31-і «Қол-тырнақ әрлеуші» және 11-і «Газэлектрдәнекерлеуші» мамандығына оқытылуда.

Байдалы би ауылдық округі, Ес­кене ауылының тұрғыны Болсын Рамазанұлы Жолдыбаев бағдарламаға қатысушы. Бүгінде  газэлектрдәнекерлеуші мамандығын алу үшін қысқа мерзімде оқуда. Оқуын аяқтаған Болсын Рамазанұлын  сұраныс берген ұйым тұрақты жұмыспен қамтиды.

«Мен «Халықты жұмыспен қам­ту орталығы» КММ-не жұмыссыз ретінде тіркеліп, мамандардың ұсы­­нысы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға, «Газэлектрдәнекерлеуші» мамандығына 2,5 айға оқуға жолдама алдым. Қазіргі уа­қытта дәріс алудамын.  Ай сайын тұрғын үй жалдап тұру үшін 11 345 теңге және 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы  алып отырмын. Осы оқуымды аяқтағаннан кейін «Ескене» шаруа қожалығына «Газэлектрдәнекерлеуші» мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа тұрамын» — дейді  Болсын Рамазанұлы.

Сонымен қатар, Жаңаарқа ауданында қосымша 6 млн. 388 мың теңге бөлінуіне байланысты 2017 жылдың 1 қыркүйегінен «Ветеринар-фельдшер», «Компьютерлік курс», «Ағылшын тілі курсы», «Шаштараз» мамандығына оқыту жоспарланған. Бұл да еңбек нарығының сұранысы.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.