Бас тақырып

Кәсіпкерлікті қолдау: Несиеден – несібеге

Өзгеде барға көз сүзіп, кедейліктің қамытын мойынға асып, тепең-тепең жүрістен арылатын кез келді. Жақсы өмір сүру – күректей дипломға, болмаса, әке-шешеден қалған байлыққа қарап қалмағанын заман әбден дәлелдеді. Қолы қимылдағанның – аузы қимылдайтыны анық. Адамзаттан асып туған дарыны болмаса да, талпынысымен кәсібін жоқтан жасап, бүкіл әлемге байлығымен танымал болғандарды естіп те, көріп те жүрміз. Ен байлықтың үстінде кедейшілік хал кешкен кімге ұнай қойсын?! «Кедейлік психологиясы» деген термин бар екен. Бұл – жоқшылыққа етің әбден үйреніп, сүйекке сіңер болса, ол ген арқылы бала-шағаңа берілмек. Яғни, қазір кедейлікке бой ұсынсаңыз, бүкіл ұрпағыңыздың тағдырының талайына жоқшылықты жазып кеткеніңіз. Әрине, бұл психологиялық болжам ғана. Дегенмен, «әрекет түбі – берекет» демекші, тынымсыз еңбек пен талпыныс қана адамға азық.

Кәсіп ашудың алғышарты

Айтуға оңай. Айлықтан айлыққа, немесе «мамандығым жоқ екен» деп, өлместің күнін кешіп, күн көруге де болады. Өлмейін де, қалмайын. Жаман емес, ешкімге кіріптар емессің, ешкімнен нан да сұрамайсың. Бір қалыпты өмір. Бірақ, мемлекет тарапынан жасалатын, атап айтқанда, шағын және орта бизнесті дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несие алып, өз кәсібіңді бастасаң, ешкім қолыңнан тартып алмайды. Әрекет етіп, кәсіп етемін десең, білгеніңді қыл деп те жатқан жоқ. Керісінше, ұшқыр ойың мен талпынысың болса – құба-құп. Ойға да, іске де еркіндік берілген кезде өзіңді ғана емес, өзгенің де жұмыс жасап, күнелтуіне қол ұшын берсең, дұрысы – сол.

Сонымен, «кәсіп ашсам қайтеді?» деген ой келгеннен, идеяны пісіріп алған жөн, – дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қарағанды облыстық филиалының мамандары. Әлбетте, кәсіп – әр түрлі. Керек қаржы өз алдына, ас пісіп, алдыңа келе қалмайды. Пайда табу үшін уақыт та, төзім де керек. Егер жоқтан бар жасағың келсе, әуел бастан шағын бизнестен бастаған дұрыс. Бұл орайда кәсіпкер қосымша құн салығынан босатылады.

Істің басы – «Бастау» бағдарламасы

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар санын азайту мақсатындағы кәсіпкерлік негіздерін тегін үйрететін «Бастау» жобасының бизнес курсына қатысқандардың жартысынан көбі өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар. Мәселен, қарағандылықтардың стартаптарын қаржыландыруға 2018 жылы 2,5 млрд. теңге жұмсалған. Барлық аудандар мен қалаларды қамтыған. 2017 жылы басталған жоба аясында 1313 адам кәсіпкерліктің алғышарттарын үйренді. Жеңілдетілген несие түрінде қаржылық қолдау тапқан (1,5 млрд. теңге) жобаның 400- і жеңілдетілген несиемен жеке кәсіптерін бастаған. «Бастау» жобасы бойынша білім алғандар саны жағынан Қарағанды облысы көш басында. Өткен жылы 1989 жұмыссызды оқытып, 600 жоба 2,5 млрд. теңгеге жұмысын бастаған.

Аталмыш бағдарламаға қатысқан Нұра ауданының кәсіпкері Әлібек Нұрабай 480 000 теңге грант ұтып алып, табандылығы мен еңбекқорлығы арқылы оң нәтижелерге жеткен. Бұл күні жарық диодтық кронштейнмен көшені жарықтандыру элементтерін шығаратын кәсіпкер «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында «Бастаудың» үздік жобасы ретінде танылған.

Әлібек НҰРАБАЙ, жеке кәсіпкер:

Мен «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, кәсіп ашуға мүмкіндік алдым. Қазір аудан орталығынан ғана емес, көрші ауылдардан да тапсырыстар қабылдаймын. Аудан тұрғындары да риза. Қалаға шапқылап, тапсырыс берудің қажеттілігі жоқ, әрі оларға қаржы жағынан да тиімді. Болашақта кәсібімді кеңейту үшін көше баннерлерін кең форматта басып шығаратын станок сатып алмақшымын. Ол үшін «Атамекен» ҰҚК Қарағанды филиалында бизнестің қыр-сырын үйрену үшін білімімді жалғастыру ойымда.

Береке тетігі – жүйелі бизнес-жоспар

«Бастау» сертификатын алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген соң кәсіп бастау немесе қолданыстағы бизнесті кеңейту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландыратын шағын несиелеу ұйымдары мен несиелеу серіктестіктері арқылы жеңілдетілген несие алады. Ал, кәсіпкерлер палатасы әр жобаның жүзеге асуына мүдделі. Кез келген уақытта ақыл-кеңес сұрай келген кәсіпкерге қол ұшын беруге даяр. Орталыққа келушілерге бизнесті ашу және істі жүргізуге қатысты кеңестер беріледі. Түрлі қаржы институттарының жұмыс шарттары түсіндіріледі, құжаттарды рәсімдеу кезінде де кәсіпкер жалғыз емес.

Жеке бизнес ашуда маңыздысы – жүйелі бизнес-жоспар. Ол қаржыны үнемдеуге, дұрыс жұмсауға, жұмысыңызды жүйелеп, ісіңізді ілгерілетуге септігін тигізеді. Кәсіпті бастар алдында саланы терең зерттеп, бүге-шігесіне дейін біліп, әр тиынын есептеу қажет. Онсыз жұмыс жүрмейді. Бұл орайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының еңбегін айта кету керек. Келудің де қажеті жоқ. Маркетингтік қызметтерді «Atameken Services» порталында бар. Көмір өңдеу, байыту және тасымалдаумен айналысатын кәсіпкер Ярослав Питьков арнайы техниканы лизингке алу үшін субсидияға қажет бизнес-жоспарға онлайн тапсырыс берген.

Ярослав ПИТЬКОВ, кәсіпкер:

Сервис өте ыңғайлы, ешқайда барудың қажеті жоқ. Кеңседе отырып, бизнесжоспарға тапсырыс бердім, маған бірден «Атамекен» ҰКП қызметкерлері хабарласты. Электронды поштаға қажетті ақпаратты жібердім. Үш күннің ішінде бизнесжоспар дайын. Барлығы кәсіби түрде жасалған, субсидияны да алдым.

Бизнес-мектеп

Өткен жылы «Атамекен ҰКП Қарағанды филиалы 17-69 жас аралығындағы 1028 адамды оқытқан. Білім алғандардың 135-і мемлекеттік бағдарламалар бойынша шамамен 544 млн. теңгеге істерін бастапты.

Аянна АСҚАРҚЫЗЫ, қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы:

Қазір ауыл тұрғындарының өздері ауыл шаруашылығында кәсіптерін бастауға мүдделі. Осы сала бойынша 86 адам, сауда ісімен айналысамын деген 144 адам, қызмет көрсету саласында – 51, өнеркәсіпте –24, құрылыс бойынша 4 адам білім алды. Сонымен қатар, кәсіптері бар, бірақ, маркетинг, сауданы тиімді басқару, келіссөздер жүргізуді үйренемін деген 150 кәсіпкер «Бизнес-Өсу» жобасы бойынша білімдерін жетілдірді.

«Бизнес-мектептің» үшінші сатысы – «Тәлімгерлік қағидаларын қолдана отырып жобалық оқыту». Жобаның мақсаты – кәсіби білім беру, яғни, аудан, моноқала, ауылда нақты бизнес түрін ашу және дамыту бойынша нұсқама беру және табысты кәсіпкерлер мен салалық мамандар қатысуымен практикалық машықтарды әзірлеу. Оқу қорытындысы бойынша 193 млн. теңгені құрайтын 36 жоба жүзеге асқан бүгінде.

Түйін

Сонымен, қолыңызға жеке куәлік көшірмесін, мекен-жай анықтамасымен жергілікті кәсіпкерлік палатасына келіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз ретінде сауалнама толтырасыз. Айта кету керек, «Атамекеннің» «Бастау бизнес» бағдарламасына мұғалімдер, бюджеттік ұйымдар, мемлекеттік қызметкерлер қатыса алмайды. Ал, тесттен өтіп, бағдарламаға қатыссаңыз, бір ай бойы төленетін шәкіртақы да бар. Оқу аяқталған соң ашқысы келген кәсіп арнайы бағдарлама арқылы анықталып, бизнес-жоспар құрылады. Оны жүзеге асыру үшін қаржы тетіктерін қалай тарту керектігі жөнінде баяндалады. Маркетингтік зерттеу жасап, қолдау көрсетіледі. Ауылда тұрсаңыз «ҚазАгро» холдингіне, қалада «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорына өтініш жазасыз. Дайын бизнес-жоспарға мамандар баға беріп, шағын несие беруге қорытынды шығарады. Қарап тұрсаңыз, еш қиындығы жоқ. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары қолыңыздан жетектеп жүріп, дайын кәсіпкер етіп шығарады. Қалғаны өзіңізге байланысты. Ерінбей еңбек етсеңіз, біраз уақытта пайдаға кенеліп, жемісін көресіз. Айта кетелік, 2019 жылдан, «AtamekenQaragandy» шағын несиелеу ұйымы ашылмақ. Яғни, оқытып қана қоймай, сонымен қатар ауыл-аймақ және шағын қалалардағы жобалар қаржыландыра бастайды. Осылайша, өңір тұрғындары жеке кәсіп ашуға қажет жеңілдетілген несиелерге қол жеткізеді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Back to top button