Кәсіпкерлікке кедергі болмауы тиіс

Аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету мақсатында бұдан бұрын облыс әкімі жанынан кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі кеңесші комиссия құрылғаны мәлім. Комиссия билікпен бірлесе, бизнестегі түйінді мәселелерді шешуді көздейді. Яғни, бұл – билік пен бизнестің ашық диалог алаңы. Жұма күні осы алаңда тараптар тағы бас қосты. Бұған дейін көтерілген мәселелердің шешімі мен кәсіпкерлерді алаңдатқан жайттар қарастырылды. Атап айтқанда, елді мекендерде бизнесті жүргізуде кедергі келтіріп отырған бас жоспар, кей бизнес жобаларды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау, кәсіпкерлікке кері әсерін тигізген сыбайлас жемқорлық та бар.

Аймақ басшысы Ерлан Қошанов комиссия отырысын берілген тапсырмалардың орындалысын сұраудан бастады. Мәселен, облыс аймағындағы ұнды экспорттаушы кәсіпорындарда теміржол арқылы тасымалдауда туындаған қиындықтары шешілген. Қажетті вагондармен қамтамасыз етілген. «Жалпы жағдай бақылауда» дейді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров. Жағдайдың қалыпты екендігін «Қазақстан темір жолы» өкілі де мәлімдейді. Сонымен қатар, жылу беру маусымына қатысты көмірмен жабдықтау бойынша тапсырма берілген болатын. Нәтижесінде, көмірмен жабдықтау ісі шілдеден бастап қолға алынған. Бұдан соң өңірлік комиссияларда кәсіпкерлердің мәселесін жанжақты қарастыру жүктелген. Қазіргі таңда бұл жұмыстың да жүйелі қолға алынғанын облыстық кәсіпкерлер палатасы да растап отыр. Жер кодексіне қатысты өзгерістерді де кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасымен «Сыбай лас жемқорлық – кәсіпкерлердің көзқарасымен» атты анонимді сауалнама жүргізілген екен. Сауалнама шілдеден бастап қыркүйекке дейінгі аралықта өткен. Оған барлық қалалар мен аудандардың 3 мыңнан астам кәсіпкері қатысыпты. Сұрақ-жауаптар сыбайлас жемқорлық деңгейін және оның себептерін анықтау, жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың тиімділігін бағалау үшін өткізілді. Зерттеу негізінде сыбайлас жемқорлық деңгейлері бойынша мемлекеттік органдардың рейтингісі құрылды.

– Сауалнама нәтижесінде бизнесмендердің 14%-ы «пара беру оларға көмектесетінін» атаған. Көбіне сыбайлас жемқорлық жасаған заң бұзушылықтары жауапкершіліктен құтылып кету үшін қолданылады, – дейді кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Ернар Күлпейісов.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері арасында заңнаманың жетілмегендігі, бюрократия, жеке бас пайдакүнемділігіне талпыныс, пара беру арқылы проблемасын шешуге әрекет жасау сынды жайттар басым. Кәсіпкерлердің пікірінше, неғұрлым жемқор органдар қатарында полиция, мемлекеттік кіріс органдары тұр. Сыбайлас жемқорлық қаупіне, сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, сәулет және құрылыс салалары жақын көрінеді. Жемқорлықтан алыс деп кәсіпкерлік бөлімдері, сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану саласы аталыпты.

Отырыста аймақ басшысы Ерлан Қошанов бизнесмендерді бар проблемаларын жасырмауға шақырды. Билік өкілдері оларды шешуге ат салысуға дайындығын және жеткізді.

– Бұл сауалнаманы біз сыбайлас жемқорлықтың ең негізгі бағыттарын анықтау мақсатында ұйымдастырдық. Оның нәтижесі әрбір үшінші жағдайда жемқорлықтың бастамашысы бизнесмендердің өздері болатынын анықтады. Және сіздер өздеріңізді қылмыстық қудалау қаупіне итермелейсіздер. Мұнда бизнес және билік, құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеулері тиіс. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін бір терезеден қызмет көрсету саласы кеңейтіліп, электрондық қызметтер енгізілуде. Біздің кеңес беру органымыз арнайы түрде бизнесті қорғау үшін құрылған. Кез келген кәсіпкер қағазбастылық, бюрократия немесе басқа да проблемаларға тап болса, көмекке жүгіне алады. Бұл – ашық алаң. Мәселелерді бірлесіп шешеміз, – деді облыс әкімі.

Бұған қоса, кеңес отырысында елді мекендердің бас жоспарының жоқтығы кәсіпкерлерге залалы тиетінін атайды кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Жмук. Кей елді мекендерде бас жоспардың жоқтығы кәсіпкерлерге жер телімін алуда кедергі екен. Жалпы, Қарағанды облысында 420 елді мекен бар. Қазақстан Республикасының жер кодексі 109 бабына сәйкес қала, аудан, кент, елді мекендердің барлық жері бас жоспарға байланысты пайдаланылады. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті билікпен бірлесе, 12 бас жоспар жасапты. Алайда, кейбір елді мекендердің бас жоспарының жоқтығы онда коммерциялық бағыттағы нысандарды тұрғызуға қол байлаулығын атайды. Аймақ басшысы бұл орайда мәселені заңнамаға сүйене отырып, шешу қажеттігін назарға алды.

Бұдан бөлек комиссия отырысында бірқатар жобалар қаралды. Билік кәсіпкерлердің мәселелерін бірлесіп шешуге әрдайым әзір екенін жеткізді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

 «Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.