Жаңалықтар

Кәсіпкерлікке – кең тыныс

Жаңаарқа ауданында кейінгі жылдары шағын және орта кәсіпкерлік саласы жедел қарқынмен дамып келеді. Мемлекет басшысының ел аумағында жеке кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұстанымын тамырынан тарта ұғынған әрі сол бағытта тәуекелге бел буған жергілікті тұрғындардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Олардың қай-қайсының болсын, тыңнан бастаған кәсіптерінің халық сұранысын қапысыз иеленуі – басты ерекшеліктері.

Мәселен, өткен жылы ауданның экономикалық дамуы мақсатында түзілген ісшаралар жоспарына сәйкес, 15 кәсіпкерлік нысаны ашылған екен. Нәтижесінде ресми тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1973-ті құрап, оларда жұмыспен қамтылғандардың қатары 4820 адамға жетіпті.

«Әрекет бар жерде берекет бар» демекші, аудандағы кәсіпкерлер қауымының өндірген өнімдерінің көлемі 12 572 миллион теңгеден асып жығылыпты. Сол жылы тек бір ғана бөлшек сауда айналымынан 1 778,8 миллион теңге түсім түсуі ілгері басу үрдісінің аса ілкімді жолға қойылғанын айғақтаса керек.

Бұл – былтырғы жылдың көрсеткіші. Одан берідегі әрекеттердің әлеуеті арта түспесе, бұрынғыдан бір мысқал кемімегені айтпаса да түсінікті. Дәлдеп айтсақ, даму бар. Айталық, биылғы жылдың басынан бергі кезеңде 90-нан аса жер телімі кәсіпкерлік нысандар құрылысын салу мақсатында бәсекелі саудаға шығарылып, олардың бәрі дерлік жаңа иелерін тауыпты. Демек, келешекте аудандағы кәсіпкерлік саласының дәрмен-күші кемелденіп, айтарлықтай дәуірлей түспекші.

Жаңаарқалық кәсіпкерлер қауымының жаңа арнаға бет бұруына оң ықпал етуші жағдайлар да жетіп артылады. Өңірдегі кәсіпкерлер палатасының өз ісін бастауға ықыласты жандарға бизнес-жоспар құру бойынша нақты көмек көрсетіп, жөн-жоба сілтеуі – соның бір айғағы. Бұқара үшін қызметі айтарлықтай қажетті және еңбегі мейлінше өнімді тағы бір мекеме – «Жаңаарқа» несие серіктестігі ауылдағы тауар өндірушілерге тапсырыстарына сай несие қаражатын бөліп, олардың тыныстары кеңейе түсуіне дәнекерлік етіп келеді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button