Кәсіпкерлік өркендеп келеді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр БИЖАНОВА Қарқаралы ауданына іссапармен келді. Сапар барысында депутат шағын кәсіпкерлік өкілдерімен кездесті. Халық қалаулысы алдымен ат басын жол бойындағы Матақ ауылына бұрып, екі жылдан бері жүйелі жұмыс жасап келе жатқан «Ақбұлақ Агро» кооперативінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Жиырма адамнан тұратын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Ардақ Сланбеков атқарған жұмыстары жайлы қысқаша баяндай келе, алдағы ауқымды жоспарларымен де таныстырып өтті.

Кооператив мүшелері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 7 жылға 53 млн. теңге несие алып, оған 245 ірі қара сатып алғандығын жеткізді. Нәтижесінде, теміртаулық «Рен Милк» сүт фабрикасымен келісімшартқа отырып, былтыр 60 тонна сүт тапсырып, 4,5 млн. теңге табыс тапқан. Ал, биылғы жұмыс сәуір айының аяғында басталды. Қазірдің өзінде 50 тонна сүт тапсырған.

Кооперативтің жұмысымен жіті танысқан Гүлнәр Қадыржанқызы шағын ауыл тұрғындарының басын қосып, жас та болса, бас болып, игілікті істі қолға алған Ардақ Сланбековке ризашылығын білдірді.

Депутат Қарқаралы қаласындағы Нұржан Еркіннің етік жөндеу цехында болды. Кәсіпкердің жары алдағы уақытта шағын тігін цехын ашу жоспарының бар екендігін айтты. Өз кезегінде депутат мүгедектігіне қарамастан аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерге көмек көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жәрдем беру туралы ұсынысын айтты.

Сонымен қатар, депутат тәулік бойы аудан халқына үздіксіз қызмет көрсетіп отырған дәріханада болды.

– Ауылда туып, қалада оқып, қалада алғаш кәсібімді бастадым. Осы ісімнің аясын кеңейту мақсатында туған жеріме келіп, еңбек сіңірсем деген ой болды. Нәтижесінде, Қарқаралыға келіп, мемлекеттік бағдарлама негізінде жеңілдетілген пайызбен несие алып, қосымша өз қаражатымды қосып, дәріхана аштым. Тауар өтімі ойдағыдай. Алдағы уақытта қаланың тағы бір жерінен дәріхана ашсам деген жоспарым бар. Мемлекет «жұмыс жасаймын» деген адамға барлық жағдайды жасап жатыр. Осы мүмкіндікті неге пайдаланып қалмасқа, – дейді жеке кәсіпкер, дәріхана иесі Меруерт Шайкенова. Кәсіпкер жақында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезіне қатысып, үлкен әсер алғандығын жеткізді.

Аудандағы жұмыс сапарында жүзеге асып жатқан жұмыстарды көрген депутат Гүлнәр Қадыржанқызы кәсіпкерлердің жұмысын дамытуға байланысты пікірін білдірді.

Сағыныш Әбілова,

«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.