Кәсіп үйренудің ерте-кеші жоқ

Изенді ауылына бара қалсаңыз, «Алакөл» қымызханасында болып, балдай қымыздан дәм татпай шығу мүмкін емес. Дәмі тіл үйіретін қымызды біз де көрдік. Жанға дауа, дертке шипа ұлттық сусынға не жетсін?

Жалпы, Изенді ауылы мал шаруашылығын мықты қолға алған «Отқанжар» серіктестігімен танымал. Шаруашылық облыс, республика көлемінде қой мен жылқы өсіруде алдыңғы лектен көрініп келеді. Міне, соның нәтижесі – ауыл тұрғындары да осы кәсіптен нәсібін тауып отыр.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Жанар Айдарханова мен Гүлзира Акзамова. Жанар Айдарханова – ауыл мектебінде технология пәнінен дәріс берсе, Гүлзира Акзамова – мектеп медбикесі. Заман талабы болар, жаз айларында қарап жүрмей, шағын кәсіпкерлікпен айналысуда. «Отқанжар» серіктестігінен келісімшарт арқылы алынған сары қымызды сапырып, бизнес ашып, істерін дөңгелетіп отыр.

«Өнерліге өріс кең» демекші, он саусағынан бал тамған қос кәсіпкер қымыздан бөлек, қолдан түрлі ұлттық тағамдарды пісіріп, ауыл халқын қуантып отыр. Мұнда келушілер де көп. Тек, тұрғындар ғана емес, ауылға келген қонақтарды да осы мекеннен табасыз. Өйткені, ұсынған дәмі таңдай қақтырса, қымыздың дәмін бір алған жан қайта келмеуі мүмкін емес.

Ұлттық нақышта киіз үй үлгісінде жасалған қымызханаға аттап басқаннан көңіліңіз ерекше әсерде болады. Дөңгелек үстел басына емін-еркін отырып, ыстық бауырсақ пен сары қымыздан алып, шынтақтап жатып, домбыра шертсеңіз, жан сарайыңыз ашылып сала береді.

Сондай-ақ, Жанар Айдарханова – ауыл балаларын қолөнерге баулып жүрген жан. Балалардың қолынан шыққан түрлі ұлттық нақыштағы бұйымдар аудандық, облыстық көрмелерден жүлделі орындар иеленген.

– Ауыл мектебінде отыз жылдан астам балаларды еңбекке баулып келемін. Өнерсіз бала болмайды. Өзімнің негізгі мамандығым болғандықтан болар, балаларды қолөнерге баулудан жалыққан емеспін. Ал, мына жаз мезгілінде бастаған ісіміз, бастысы – өзімізге ұнайды. Табысы да жоқ емес. Осымен екінші жыл қатарынан осы істі қолға алып, жүргізіп келеміз. Негізі, кәсіпке үйренудің ерте-кеші жоқ қой. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та халыққа жолдаған Жолдауында айтуда, – дейді Жанар Айдарханова.

Қазақ әйеліне ғана тән көркем мінезбен үйде де, түзде де еңбегімен еленген Жанар мен Гүлзира ханымдардың берекелі ісіне сәттілік тіледік.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.