Көшпелі кеңестің көшелі түйіні Ақкезеңнің қала болғанын қуаттайды

«Біз үшін Отанымыздың әр сүйем жері қасиетті болып саналады» деп аталатын облыстағы «Рухани жаңғыру» сараптамалық кеңесінің көшпелі отырысы Шет ауданының киелі жерлерін аралап қайтты. Сараптамалық кеңес мүшелері рухани жұтаңдықтан сақтайтын, ұлттық мақтаныштарымыздың бастауына айналған Қазақстандағы қола дәуірінің ірі жәдігерлерінің бірі – Ақкезең қонысының сырына үңілді. Осылайша, ұлттық құндылықтарымызды киелі жерлер арқылы жаңғырту – Елбасының «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы арқылы жүзеге асты.

 

Кеңес мүшелерін тоғыз жолдың торабында орналасқан Шет ауданына қарасты киелі жерлер, мәдени ескерткіштермен таныстырған Сарыарқа археология институтының археологы, экспедиция жетекшісі Игорь Кукушкин ежелгі қоныстар жөнінде біраз ақпарат берді.

Қола дәуіріндегі «Қызылтау» қорымы, сондай-ақ, сақтар кезеңіне тиесілі үш мыңжылдық тарихы бар «Сарыарқа пирмидасын» таныстырды. «Сарыарқа пирамидасы» мемлекет қорғауына алынғаны белгілі. Бұл маңайдан анықталған 30 шақты қорымның барлығында адамдар тұрмыстық заттармен бірге жерленген. Кейбірінен қыш, қоладан жасалған бұйымдар табылды. Жақсы сақталған жәдігерлермен қатар, түркі кезеңіндегі балбал тастар да осы аудан маңынан табылған. Археологтың айтуынша, жақында бір-біріне қарама-қарсы жатқан 16- 17 жасар қыз-жігіттің сүйегін қазып алған, тастан қаланған 80-ге жуық ғимараттар мен тұрғын үй қалдықтары түріндегі үйінділері бар Ақкезең де – сақтардан бастап, ғұндар, түркілер, алтынордалықтар мекен еткен көне шаһар. Осындай тарихқа тұнып тұрған киелі жерлермен таныстырған археолог, дүние жүзі ғалымдары жиі айтатын «қала болмаған мемлекетте мәдениет те болмаған» деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оған дәлел жетерлік. Мәселен, Ақкезең шаһарында тау-кен ісі мен металлургия дамығаны анық. Қаладан металл қалдықтарының табылғаны – тау-кен ісі және түсті металлургия болғанын, ақкезеңдіктердің мыс, қола өндіргенін айғақтайды.

Қазіргі таңда көне шаһарға қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан «Археологиялық зерттеулер» ЖШС Бас директоры Ерлан Әміров Ақкезең қаласындағы қазба жұмыстарының нәтижесі әлі де тарихқа толықтырулар мен тың жаңалықтар әкелетінін айтады. «Ақкезең қаласы аумағында шаруашылық, өндіріс орындарының, ғибадатхана сынды қоғамдық орындардың, серіктес елді мекендердің болуы мүмкін» дейді ол. Қазіргі таңда ерекше жәдігерді өз көздерімен көруге ынта білдіргендердің қатары да қалың екен. Сондықтан, мамандар тамыз айынан бастап көне қорымдарды қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен.

Ғалымдармен бірге зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген ЮНЕСКО сарапшысы Виктор Новоженов «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» дейді. «Бұл жөнінде Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында дұрыс атап өтті. Біз ең алғаш металл құю туралы Геродот жазғанын білеміз. Соны оқыған біз ежелгі тарих гректер мен римдерден басталған дегенге сүйенеміз. Негізінде, бүкіл тарих Сарыарқадан басталған. Неге? Бұған тарихи жәдігерлеріміз – дәлел. Мысалы, Шет ауданының Талды ауылынан 8 шақырым қашықтықтағы Қаражартас қорымы маңынан табылған пирамида құрылысы бұрын еш жерде кездеспеген. Қолданған тастардың өзі түп-түзу, төртбұрыш. Бұл алғашқы мемлекет құруға жақын кезең, қола дәуірінің соңындағы сақтар болуы мүмкін. Ал, Ақкезең қаласындағы қоныс аумағы 10 гектарды құрайды. Алып құрылыстың іргетасы салмағы жарты тоннаға жететін тас плиталармен қаланған. Осының бәрі Сарыарқа – ұлттық тарихи мәдениеттің бастауы дегенге келеді. Бұл – қазақ халқының мақтанышына айналуы тиіс тарих. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мақсаты да халқымыздың материалдық және рухани әлемі – атамекен, жер-су, әдебиет, өнер мен мәдениет саласын жандандыратын шамшырақ тәрізді қалың жұртшылықтың қызығушылығын оятуы керек деген болатын. Міне, нағыз рухани жаңғыру дегеніңіз осы» – дейді.

Ал, «Рухани жаңғыру» сараптамалық тобының мүшесі, рух жанашыры Бақытқали Мұсабеков «Қазақ халқы «Туған жердің әр тасы – біздің алтын тағымыз» деп туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтқан. Халқымыздың ұлттық санасының ерекшелігі де – осында. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы рухани кодымыздың басты тетігі болып табылатын қорымдарды өз қорғауына алды. Осындай тамыры тереңнен бастау алатын рухани әрі ұлттық жәдігерлерімізді ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету арқылы ұлттық кодты сақтаймыз» – дейді.

«Рухани жаңғыру» сараптамалық кеңесінің көшпелі отырысы экспедия барысында, алдағы уақытта мемлекет қорғауына алынатын мекендерді жас ұрпақтың бойына сіңіру керек деген пікірге тоқталды. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнәр Құрбанбаева: «Ендігі мақсат – осындай баға жетпес дүниені оқу бағдарламасына енгізу. Мектеп оқушыларына экспедиция ұйымдастырып, тарихи жәдігерлерімізді көрсетуіміз керек. Осылайша, өскелең ұрпақтың бойына қазақстандық патриотизмді қалыптастырамыз. Ұлы Даланың ұландары киелі жерімізбен жүріп өткен ата-бабалар ерлігімен мақтануы тиіс» – деп атап өтті.

Экспедия құрамы Шет ауданының киелі жерлеріне саяхат жұмыстары соңында XVIII ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысынан бастап, Қанжығалы Бөгенбайдың қасына ілесіп, Алакөл, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысқан батыр Сеңкібай бабаның басына тәу етті.

Осы орайда, археолог Игорь Кукушкин алдағы жылдары киелі қоныстардан «Талды» археологиялық паркі құрылса, Сарыарқа туризмнің төріне айналатынын айтады. Биылдың өзінде Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тиесілі бұл шаһарды тамашалуға асыққан туристерден көптеген ұсыныс түскен екен. Археологтар 3 жылға жоспарланған бағдарлама сәтті нәтижесін берсе, тарихқа түрен салатын тың жаңалықтармен таңқалдыратынына сенімді екенін айтады.

Аяулым СОВЕТ.