Мағауия Сембай

Көсемсөздің қара нары еді

Екінің бірін нар десек, сөзді жасытып аламыз. Өзі де кесек бітімді, мінезі де салмақты қалам қарымы да тегеурінді көсемсөздің қара нары атанған қайран бауыр Мағауиядан көз жазғаныма сене алмай отырмын. Өлім тұрмақ өкпеге де қимайтын нағыз нар қазақ еді-ау, сабаз!

Пендеміз ғой, кезінде асыл азаматты етектен тартқылағандар да болды. Соның бірін де мәу демейтін еді. Нар көтермес жүкті түйенің төстабанындай төзімділікпен еңсеріп, иыққа сап тарта беретін еді. Жазу солай болған соң амал қанша?! Қазақ елі тәуелсіздікке бет алған жылдарда қазақ қауымын қалам қайратымен демеп, еркін елдің рухына жігерлі жазбаларымен дем берген, қайран бауыр, сүрініп кеткенімен, артында қара ормандай елі бар, қаламдас інілері бар. Сарыарқасы, Қарқаралысы, Қарағандысы бәз қалпында өз орнында. Өзі нардай өрге сүйреп тер төккен облыс айнасы – «Орталық Қазақстаны» бар. Бәрі-бәрі орнында, әттең, өзің жоқсың ендігі жерде.

Қайран, іні дос-ай! Өзіңді ес көретін едім. Осыдан аз ғана бұрын ұзынқұлақпен: «Қойшының баласынан, түйешінің баласына жалынды сәлем!» – дегенімде әдеттегі жұмсақ күлкің құлағыма жетпеді. Жүрегім секем алса да, жақсылығына бағар деп үміттенген едім. Амал қанша, енді сен, жоқсың бізге. Қайран, нар бауырымды 60 жасқа толғанында өлеңмен құттықтаған едім.

Түйешінің баласы ең тайлақ мінген,
Әкем шопан жасымнан қой бақтым мен.
Содан да ойға бейім тұрамыз біз,
Дала сырын ертеден ойлап білген.

Малды ауылда өстік қой екеуміз де,
Абыр-сабыр тірлігі төтен мүлде.
Жұрт жаңалап жататын айында бір,
Десем артық болмайды көшер күнде.

Содан да тайлақтардың өркеші тік,
Нар жолында жүк қалмай көтерген жүк.
Түйешінің баласы Мәкең біздің
Нар азамат, ерім ғой еңсесі тік.

Бірсөзді мәрттігіне – жаным ырза,
Заманның сыр алдырмай ағымына.
Қаламы ұшқыр майталман редактор,
Туа салған Арқада бағымызға. 

Қасыңның мәу демейсің теңсегенін,
Дос көріп, бар қазақты еркеледің.
Ер көңіл, жаны жайсаң жампозымсың,
Тұлғаңа талантың сай еңселі Ерім!

Сол еңселі ер Мағауиядан да көз жазып қалдық. Жазудан артық болмайды ғой. Қош, қаламдас дос! 
Қош, нарым, жайсаң бауырым!

Артыңда аңырап қалған «қойшының баласы» – Өмір КӘРІП.

Басқа материалдар

Back to top button