Бас тақырыпЖаңалықтар

Көптен күткен қоныс той

Бірнеше қарағандылық отбасы баспаналы болды. Алпыс пәтерге шақталған бес қабатты тұрғын үй «Нұрлы Жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғызылған.

Аталған үй Бирюзов көшесінде орналасқан. Жоғарыда айтқанымыздай, алпыс пәтерлі. Бұл жолы осы арендалық пәтерлердің 16-сы өз қожайындарын тапты.

Жаңа пәтерлердің кілтін тапсыруда әлеуметтік әлсіз тұлғаларға баса назар аударылған. Баспаналы болғандар қатарында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, оларға теңестірілгендер, І-ІІ топ мүгедектері, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, табиғи апаттар салдарынан баспанасынан айырылған азаматтар, оралмандар, қызмет барысында қаза болған қызметшілердің отбасылары, көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналар бар. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер де осы күні жаңа баспанада қоныс тойын тойлады. Бұлардың барлығы – жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар.

Пәтерлер кілтін тапсыру салтанатына Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров арнайы келді. Жылы лебізін білдіріп, жиналғандарды құттықтады.

– Бүгін – ерекше күн. Сіздер көптен күткен пәтерлеріңіздің кілтіне қол жеткіздіңіздер. Бұл үй Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында тұрғызылды.

Ел Президенті баспана мәселесі – әрдайым бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе екендігін айтып келеді. Сол себепті, бүгінде ел көлемінде қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қарағанды қаласында да бірнеше жерде үйлер тұрғызылуда. Бекітілген кестеге сәйкес алдағы уақытта тапсыратын боламыз. Соның арқасында мыңдаған қарағандылықтар баспанамен қамтылады. Біз, әрине, «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша жүргізілуі тиіс жұмыстарды жандандыра түсеміз, – деді шаһар басшысы.

Сарғая күткен пәтерге ие болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – қала тұрғыны Сайран Жандосова.

– Жаңа қала әкімі айтып өтті ғой, бүгін – біз үшін қуанышты күн. Бауырым жеті жылға жуық кезекте тұрып, баспаналы болды. Үй іздеп, пәтер жалдаудың мехнатынан құтылып отырған жайымыз бар. Жақсы жерде орналасқан. Бұл ауданда бұрыннан бері тұрамыз. Дәл осы үйдің бізге бұйырғанына ерекше қуанып тұрмыз. Бұйыртса, жайласып алғаннан кейін көршілермен де танысып, қоныс тойын тойлаймыз деп ойлаймын. Қала басшылығына, аудан басшылығына ризашылығым шексіз, – дейді Сайран Жандосова.

Бұдан бөлек, биылғы жылы қала әкімдігі «Нұрлы Жер» бағдарламасы арқылы 325 пәтерді қолданысқа беруді жоспарлауда. Яғни, 12, 14 және 15- ші ықшамаудандардағы бірнеше үй жыл аяғына дейін қалалықтар игілігіне тапсырылады.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button