Баған

Көнеден жеткен көшелі ғұрып

Екі ұлымды қатар сүндетке отырғыздым. Сүндеттеген дәрігер жұмысын аяқтаған соң, ұлдарымның қолына ақша ұстатып, алдарқатып, кетуге оқталғанда: «Ұлдарыңыздан әпшу сұрамапсыз ғой, ұшы жабысып қалыпты. Шамалы қиындық туғызды. Менің кезекшілігіме тура келгеніңізге қуаныңыз. Жас дәрігер болғанда тіпті, қиын болар еді», – деді. Бірақ, ол кісі «ең тәжірибелі дәрігер» деп таңдап, өзіне жазылғанымды білген жоқ. Ал, «әпшу» мәселесін үйге жеткенше ойлап келдім.

Кейін бір қолым босағанда, жасы үлкендерден сұрап, ғаламторды ақтарып, көкейдегі сауалымның жауабын таптым.

«Әпшу берші» – бар қазаққа таныс сөз тіркесі, дегенмен, оның мәніне үңіле қоймаймыз.

Бала күнімізде аталары мызға талай «әпшу» бергенбіз. Ондайда олар жақсылап  түшкіруші еді.

Сөйтсем, оның мәні терең екен: қазақ «әпшу берші» деп әлі сүндеттелмеген 1­-5 жас аралығындағы баладан сұрайды. Неге десеңіз, бұл уақытта бала кіші дәретке отырған сайын шүмегінің ұшында, яғни, кесіліп тасталуы тиіс артық еттің арасында зәр қалдығы қалады. Ол тазаланып тұрмаса, инфекциялық ауруларға душар етуі мүмкін. Осыны жақсы түсінген қазақ «әпшу берші» деп сылтау қылып, баланың шүмегіндегі зәрді сығып тастап отырған. Осылайша біріншіден, инфекциялық аурудың алдын алса, екіншіден, зәр іш киімге тиіп, былғанудан сақтандырған. Яғни, гигиеналық талапқа сай қимыл жасаған. Үшіншіден, бала сүндеттелгенше шүмектің басын уқалап, тартып, созып, сүндеттеу рәсіміне дайындаған. Міне, бір­ақ әрекетпен қазақ бірнеше дүниенің алдын алған.

Сондықтан да, аталарымыз немерелері кіші дәретке отырып болғанда шалбарын көтерместен бұрын «әпшу берші» деп сұрауды әдетке айналдырған. Екінші жағынан баланың да бойын үйрету болса керек­ті.

Мәліметтерге сүйенсек, ВИЧ инфекциясының таралу жолын жіті зерттеген австралиялық ғалымдар да «сүндеттеу» – СПИД ауруына қарсы күресудің және алдын алудың тиімді тәсілі» деген тұжырымға келіпті. Өйткені, статистика бойынша осы бір аты жаман ауруды да көбіне сүндеттелмеген ер адамдар жұқтырады екен. Демек, бұл – ер адамның жыныс мүшесіндегі артық ет – дертке тез шалдығатын және түрлі зиянды вирустар үйірсек келетін бөлік деген сөз.

Бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарған соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиюіне көңіл бөлмейтін еді), ал, екіншісі сөз таситын еді», – деген (Бухари, Муслим риуаяты).

Осының бәріне қанық болғанда, әке­-шешемнің ерте өмірден озғанына және өз басымнан өткізген «әпшу берші» сөзінің мағынасына ертерек мән бермегеніме іштей қынжылдым…

Қорыта келе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың сөзінде жатыр» деген ұлағатты сөзіне таң қалмасқа амал жоқ.

Ал, сіз ше?

Сүндеттелмеген ұлдарыңыздан «әпшу» сұрап жүрсіз бе?..

Жәлел ШАЛҚАР,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button