Күн тәртібі: Мысты өңір шежіресі

Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажеттілігі сөз етілгені белгілі. Сол арқылы түп-тамырымызды тамырынан тарта тануға, ұлт тарихына терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін тарқатуға оңтайлы мүмкіндіктер туары хақ. Дәстүрлі «Бүкіров оқулары» аясында өңірдегі кен игерудің 170 жылдығына орай, Жезқазған қаласының әкімдігі және Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен өткен «Мысты өлкенің шежіресі» атты XVI республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда аталған талаптың үдесінен шығуға талпыныс жасалды.

Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі кен орындарын ашу мен оларды игеру тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. Ұлы Даланың қазыналы қойнауын зерттеу ісі, оның ғаламат тарихына деген қызығушылық қаншама ғалымдардың, зерттеушілердің сүбелі еңбектеріне арқау болғаны белгілі. Түптеп келгенде, мысты өңір – Қазақстан өндірісінің қарашаңырағы, тұтас ел экономикасын өркендетудің бірегей тетігі. Елбасы қадап айтқандай, «Жезқазған – жедел өркендеп, дамудың даңғыл жолына түскен келешегі кемел өңір. Сондықтан, әрбір қазақстандық Жезқазғанның тарихына аса зор құрметпен қарайды». Конференцияны кіріспе сөзбен ашып, жүргізу тізгінін ұстаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев осы жайтқа ерекше екпін берді.

Мағыналы жиында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау лебізін білдіріп, қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Баяндамашылар жиылған қауымды ғылыми тұрғыда тұжырымдалған толғақты пікірлерімен тәнті етті. Күн тәртібіндегі мәселені талқылауға Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағындық Жауымбаев, осы университеттің «Археология, этнология және Отан тарихы» кафедрасының доценті, «Этномәдени және тарихи антропологиялық зерттеулер орталығының» аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Мәулен Жакин, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зада Дүкенбаева бірнеше студентімен қатысты. Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің директоры Кенжал Балкенов, М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева, Жезқазған музыка колледжінің оқытушысы, тарих шы-археолог Ләззат Сембинова, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің қызметкері Айдар Ысқақов және Жезқазған университеті мен қаладағы колледждердің оқытушылары өңір тарихына қатысты орнықты ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде Гүлнаш Сүтемгенқызы ілкімді іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, Жезқазған қаласы тарихи-археологиялық музейіне белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтің есімін беру жөніндегі ұсынысын білдірді.

Конференция жұмысына сондай-ақ, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев, өлкетанушы, Ұлытау ауданы және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, металлург-ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Сүтемген Бүкіровтің інісі Төлеген Бүкіров, майталман металлургтер мен қаланың Құрметті азаматтары қатысты.

Байыпты басқосу барысында Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің қызметкерлері дайындаған «Кенді өлкенің қызыл алтыны» тақырыбындағы алғашқы мыс кен орындарының ашылуының 170 жылдығына арналған электронды көрме көрсетілді. Жұртшылық назарына Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайы ұйымдастырған С.Бүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме жәдігерлері ұсынылды.

Аталмыш конференцияға келіп түскен баяндамалар өңірдегі кен игеру ісінің 170 жылдығына арналған «Мысты өлкенің шежіресі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары» атты жинаққа енгізіліп, жарық көрді.

Жиын түйінінде, қалалық мемлекеттік архивтің басшысы Дәметкен Орынбасарова конференцияға қатысушы қонақтарға шынайы ризашылығын білдіріп, баяндамашыларға Алғыс хаттар, дипломдар және сертификаттар табыс етті.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы