Жаңалықтар

Көмір – өмір

    Иә, Қарағанды қара алтынымен – көмірімен даңқты. Өндірісті өлке – Қазақстанның индустриялық орталығы. Үшінші көмір ошағы, тіпті, бір кездері тұтастай Кеңес одағының өзі Қарағанды көмірінің жылуына бөленгенін жұрт жақсы білсе керек.

    Енді келіп, «Қарағандыда көмір жоқ» десек, «Балқашта балық жоқ» дегендей естілетін тәрізді. Бұл – байбалам ба, қауесет пе, жоқ әлде шындық па? Қазіргі ахуал қандай? Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қарағанды қаласының билігіне сауал жолдаған едік…

Ескіні көксеуден аулақпыз, әрине. Дегенмен, әуелі тарихқа аз-кем көз жүгірттік. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында, яғни, 1833 жылы Аппақ Байжанов Қарағандыбасы жайлауынан «жанартас» тапты. 1856 жылы өлкенің өндірісін игеру қолға алынды. Кеңестік «көсемнің» нұсқауы бойынша 1920 жылы Қарағандыға ірі ғалым А.Гапеев бастаған бір топ геолог жіберілді. Олар көмір кен орнын егжей-тегжей зерттеп, қара алтынның геологиялық қоры 4 миллиард тоннадан кем емес деп межеледі. Қарағанды көмірін кокстеу жөнінде тұңғыш тәжірибе жасап, дүниежүзілік маңызы бар көмір бассейнін игеру қажет деген тұжырымға келді. Бір сөзбен айтқанда, «отын-суы мол жер – Одаққа олжа» десті.

Содан, 1978 жылдың қаңтар айында Қарағанды шахталарының забойларынан алғашқы миллиард тонналық көмір алынды. Ол кезеңдегі көрініс былай суреттелген: «Саладағы аса ірі Октябрь Революциясы орденді «Қарағанды көмір» өндірістік бірлестігі құрамында 26 шахта, 3 көмір разрезі және ондаған басқа да бөлімшелер бар, бұларда 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жылына 50 млн. тоннадан астам көмір өндіріледі» (Қарағанды. Қарағанды облысы энциклопедиясы, Алматы, 1990 жыл).

Ал, 1940 жылы Қарағанды көмір бассейні құрамында 22 шахта және 1 көмір разрезі болған. Бұл бассейн СССР-дағы үшінші көмір бассейні саналды. Мысалы, даңқты жерлесіміз Т.Күзембаевтың бригадасы 1935 жылғы қыркүйектің үшінші «онкүндігінде» бір ауысымдағы жоспарды асыра орындап, 105 вагонетканың орнына 200 вагонетка көмір берді.

Бертін келе, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қарағанды көмір бассейні қорғаныс өнеркәсібін отынмен үздіксіз қамтыды. 1942 жылдың күзінде көмір өндіру көлемі ұлғайтылып, 1943 жылы аталған өндіріс көлемі мемлекеттік жоспардан 100 мың тоннаға артық орындалды. 1944 жылы көмір өндіру тағы 1,5 есеге өсті. 1945 жылы Қарағанды бассейнінен 11,3 миллион тонна көмір алынды.

Қарағандының мақтанышы – кеншілердің еңбегі лайықты бағаланып, өндіріс шеберлері Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің «Қызыл Туын» алты мәрте жеңіп алды. Кеңес одағының ордендерін және медальдарын кеудеге тақты. Әйтеуір, ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында келімсектерге кеткен есе қайтарылып, еңсе тіктелді.

Міне, «Оянған өлке» (Ғабит Мүсірепов) тарихы – қазыналы Қарағандының көмірін игеру осылай басталған еді…

Тәуелсіздік алған жылдар Қарағандының көмір өндірісі үшін де тоқырау жылдары болды. «23-24 августа 2002 г. с рабочим визитом нашу область посетил Президент РК Н.А.Назарбаев. Он встретился с шахтерами и поздравил их с праздником – Днем шахтера. В своем выступлений Н.А.Назарбаев сказал: «Момент, когда я стал первым руководителем Казахстана, совпал со временем остановки шахт. Шахтеры Караганды сидели на площади, когда я к ним приехал. Тогда, в 1989 г., они сказали: «Ты должен сделать так, чтобы мы работали». В ту пору я еще не знал, что делать. Все было развалено – реализаций угля нет, шахтеры сидят без работы, без денег, без заработной платы» (С.Досмағамбетов, «Центральный Казахстан: события и люди, реформы и развитие», 2003 жыл).

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты, елдің ауызбірлігі арайлы таңдағы асқақ арманымызға қол жеткізді. Қазақстан, Қарағанды өңірі дамудың даңғыл жолына түсті. Өндіріс ошақтары, оның ішінде, Қарағанды көмір бассейні де етек-жеңін жиып, елдің ырысын еселеу жолына түсті.

Мәселен, сол кездегі «Испат Кармет» ААҚ Көмір департаментінің шахталарындағы көмір өндірісі жыл санап қайта жанданды. Өндіріс ошағы 1996 жылы – 17,7 миллион тонна көмір өндірсе, 2001 жылы бұл көрсеткіш 21,5 миллион тоннаға жетті.

Өткен жылы Қарағанды аймағында 26 миллион тонна көмір өндіріліпті. Биыл бұл көрсеткішті 37 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделген.

Сонымен, биылғы қара күзде Қарағандыда қара алтын тапшылығы сезілді деген әңгіменің өрбігені бар. Аталған мәселеге аймақ басшылығы бірден көңіл бөліп, тиісті мекемелердің жұмысына қарқын қосуды тапсырды. Нәтиже жоқ емес.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қарағанды қаласындағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер 1 қазаннан бастап жылумен қамтыла бастады.

Кеше ғана қолымызға тиген дерекке сүйенсек, Қарағандыда көмір сататын үш мекеме жұмыс істеп тұр.

«Нан-макарон комбинаты» аймағы мен Майқұдық станциясында орналасқан «Жалынды Отан» ЖШС қоймаларында «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасын – 10000 теңгеден, «Сарыадыр» көмірінің бір тоннасын – 6000 теңгеден, «Кузнецкий» көмірінің бір тоннасын – 7300 теңдеген саудалап жатыр. Сұраныс болса, мұнда қазан айынан бастап тәулігіне 30 вагон көмір жеткізіледі. Орта есеппен, 200 жүк көлігіне (тіркемелерін есептемегенде) көмір тиеледі.

Вокзал аймағындағы «Армандар орындалады» ЖШС де «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасын 10000 теңгеден тұтынушыларға ұсынуда. Бұл жерде биылғы қазан айынан бастап тәулігіне 70 жүк көлігіне дейін көмір тиелуде. Сұранысқа орай, кәсіпорын бір күнде шамамен 10 вагон көмір жеткізуге қауқарлы.

«Распид» ЖШС «К-12», «К-10» маркілі көмірінің бір тоннасын 10000 теңгеден сатуда. Мұнда тәулігіне «К-12» маркілі көмірінің 100 тоннасы тұтынушыларға жол тартады. Сондай-ақ, ұсақ көмірдің 10 мың тонна қоры бар.

Жалпы, көмір өндіруші кәсіпорындардағы қара алтын тоннасының орташа құны – 5900 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда, көмірдің бір тоннасы 500 теңгеге қымбаттаған. Бұған алыпсатарлардың қосатын құны тағы бар. «Сөйтіп, орта есеппен, Қарағанды тұрғындары көмірдің бір тоннасын 10078 теңгеге сатып алып отыр» дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің ресми дерегі.

 

Р.S. Билік басындағылар көмірдің тапшылығы туралы өткен айда орын алған деректің бір ұшын алыпсатарлардың іс-әрекетімен байланыстырады. Олар жаз айларында көмір өндіретін кәсіпорындардың «табалдырығын тоздыруға» асықпайтын көрінеді. Ерте алынған көмірдің сапасы төмендеп кетеді, сұраныс азаяды дегенді айтып. Сөйтіп, қара суық түскенде ғана көмір өндіретін кәсіпорындарды жағалайды. Нәтижесінде, ұзын сонар кезек түзіліп, өндіріс ошақтарының көмірді көліктерге тиеп үлгермей жататыны бар. Ел қайтсін, «екі көзі – төрт» болып күтуге мәжбүр.

Жоғарыдағы деректер көмірдің қарағандылықтарға қолжетімді екендігін көрсетеді. Бастысы, қалың ел қыстан қысылмай шықса болғаны емес пе?!

Көмір – өмір ғой!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button