Жаңалықтар

“Күлтөбенің басында күнде жиын” ұзын-сонар жиындар енді айылын жиса игі

Президент тапсырма бермесе, тырп етпейтін биліктегілер Елбасы сынағаннан соң аш ішекше бірер сағатқа созылатын жиындардан тыйылса, кәне? Бір отырыс сексен минутқа созылғанда, сондағы алғашқы сегіз минутында не айтылғанын ұмытып қалатын жағдайлар басымыздан жиі өтіп тұратыны өтірік емес-ті. Бұл – бір жиналысқа қатысқан біздегі кеп. Ал, күніне, түрлі әкімнен бастап, орынбасарлары, одан қалды басқарма, бөлім басшыларының есігін тоздыратын әбден қажыған шенеуніктердің не жаны? Кейде жаныңыз ашиды. «Сонда осы пақырлар қашан жұмыс істейді?» деп ойлап қоятынбыз. Бюрократтықтың белең алып, формализмнің дендеп бара жатқанын тап басқан Мемлекет басшысы Жолдауында бұл үрдісті жоюды талап етті.

Бұдан былай «Құрметті Елбасы, сіздің тапсырмаңыз бойынша сағаттап отыратын отырыс-кеңестерді қысқарттық» деп есеп берген шенеунікті көрсеңіз, таң қалмаңыз… Өйткені, ол Мемлекет басшысы тапсырмасын орындап отыр. Президент айтпаса, ондай отырыстардың көптігі туралы әсте ойланбас еді. Себебі, оны ойлауға жиналыстан уақыттары жоқ-тын.

Мемлекет басшысы соңғы уақытта ұзақ отырыс, кеңестердің Үкіметтен бастап, мемлекеттік органдарда еселеп өскенін сынға алды. Тіпті, жылына қанша жиналыс өткізетіндіктерінің санын дәлдеп айтып та берді. Елбасы 364-365 күннің 100 тәулігін шенеуніктер жиналыспен өткізеді деді. «Соңғы кездері ұзақ отырыстардың, Үкімет пен мемлекеттік органдардағы жиындардың саны көбейіп кетті. Бір жылда 100 тәулік отырыста отырады екен. Сіздер жұмыс істеуге мүмкіндік бермейсіздер! Мен Жарлыққа қол қойдым. Үкімет отырысы тек сейсенбі өтеді. Басқа күндері онда бармаңыздар! Таңертең отырыс, түстен кейін кездесулер. Дүйсенбі мен қабылдаймын. Сәрсенбі, бейсенбі Парламентте есептер. Бір келісімге келейік. Не министрлер, не әкімдер, не олардың орынбасарлары Ақордада жүреді”, – деген еді Президент

«Үкімет әкімдердің және олардың орынбасарларының қатысуымен күніне 7 кеңес өткізетін кездері де болады. Олар қай кезде жұмыс істейді? Мұны доғарып, бұл мәселені ретке келтіру керек. Өздеріне нақты міндеттемелер алуға және солар үшін жария түрде есеп беруге тиіс министрлер мен әкімдерге шешім қабылдау еркіндігін ұсыну қажет.

Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының әзірленген көрсеткіштер картасы бұған негіз болуға тиіс» деді Жолдауда Елбасы. Бұл күні мемлекеттік қызметтегілер хат жазу, хат алысудың шебері. Барлығын қағаз көтереді. Қағаз да бар, істе нәтиже жоқ үрдіс – сол қағазбастылықтың жемісі. Соның салдарынан қатардағы жетекші мамандары мен бас мамандары, бөлім басшылары түн жарымына дейін хат-хабар жазып, бала-шағасын, үйін, демалысын ұмытып, сабылып сонда жүреді. Бұл да Елбасы назарынан тыс қалмағанын білеміз.

«Айтпаса, сөздің атасы өледі». Сондықтан, осы арада өзіміз куә болған жайттарды айта кеткен абзал-ды. Кейде жұмыс бабымен басқармалардан қандай да бір мәлімет, ақпарат алу үшін хабарлассаңыз, басшыларының әкімдікте екенін айтып, мамандар «ләм-мим» ақпар беруге қауқарсыздық танытады да отырады. Ол басшы әкімдіктен қашан келетіні де оларға беймәлім. Елбасы сынының шырылдаған шындық екенін, басқа-басқа, өзіміз өте-мөте жақсы білеміз. Осы арада, қағазбастылық пен бюрократияның иісі аңқып тұрғаны анық. Әйтпесе, бюрократия емей немене, тілші қауымы мемлекеттік құпиядан басқа ақпарат алуға құқы бар деген заңда жазылғанның іске аспай, жолда қалуы. «Тек бірінші басшы рұқсатымен ғана береміз мәлімет» дейтін байғұс мамандарға өкпе жоқ. Өйткені, олар басшылықтан асып ақпар бермейді. Ішкі жазылмаған тәртіп солай. Алайда, басшылары әкімдік секілді құзырлы орындарға кетсе, «барсакелмеске» кеткенмен тең боп тұр ғой. Мәселе – сонда.

Елбасының «Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет» деп қадап айтуының мәні де осында, біздіңше. Енді бұдан былай жиналыс кеміп, нәтиже молайса, құба-құп. Биліктегілердің Президент пәрменін орындамауға басы екеу емес шығар, сірә.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button