Көлік «жырына» нүкте қойылды

Армениядан әкелінген көліктерді уақытша тіркеуге қайта мүмкіндік бар. Үкімет басшысы Асқар МАМИН 20 мамырдан бастап осы мәселе нақтыланған Қаулыға қол қойды. Онда Ішкі істер министрлігі биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тек рөлі сол жақтағы көліктерді тіркеу бойынша шаралар қабылдауы қажет делінген. Айтпақшы, бұл ел шекарасынан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін өткен көліктерге ғана тікелей қатысты болып тұр. Сонымен, көлік иелеріне (Армениядан әкелінген) тағы бір мүмкіндік бұйыртып тұр Үкімет. Осыдан қалыс қалмаса игі. Әйтпесе, Заң – қатал. Сондай-ақ, ІІМ ұсынып отырған жаңа ереже бойынша тек жеке куәлігіңізбен ғана көлік тізгіндей аласыз. Демек, жүргізуші куәлігі, көліктің техникалық құжаты секілді дүниелерді өзіңізбен алып жүрудің қажеті шамалы. Осы және көлік тақырыбына қатысты көпкөрім жаңалықтарды назарларыңызға ұсынсақ…

АЛҒАШҚЫ ТІРКЕУГЕ – 11 946 ТЕҢГЕ

Осы уақытқа дейін шетелдік көліктерді тіркеуге қатысты жаңалықтарды үзбей газет бетінде жариялап келеміз. Оның ішінде оларды тіркеу тәртібі жайлы ақпараттарды қоса бергенбіз. Сол негізде тіркеу жұмыстарына қажет құжаттарды қайта ұсынсақ.

– Жеке куәлік, мемлекеттік тіркеу үшін төлем жасалғанын растайтын түбіртек және Армения Республикасының уәкілетті органы берген көлік құралын тіркеу куәлігі (техникалық төлқұжат) мен мемлекеттік нөмірлер, кемі 17 таңбадан тұратын сәйкестендіру нөмірі (егер автокөлік рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылса) болған жағдайда, көлік құралының конструкциясына енгізілген өзгерістердің «018/2011 КО ТР 17» қосымшасындағы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәліктер қажет болады. Уақытша есепке қою 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейінгі аралықта жалғасады, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлібек Мейрамов.

Иә, көлік иелері үш төлем жасауға тура келеді. Яғни, тіркеу алымы үшін – 695 теңге, техникалық төлқұжат үшін баж салығы – 3 473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж салығы – 7 778 теңге. Осылайша, бар-жоғы 11 946 теңгеңізді шығындайсыз.

Уақытша тіркелген армениялық машиналарға В литерасы бар, 18-аймаққа тиесілі сары нөмірлер беріледі. Тиісті өзгерістер ҚР ІІМ-нің «Мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерінің пішіндері мен үлгілерін бекіту туралы» №1040 бұйрыққа енгізілетінін айта кету керек.

Айтпақшы, құжатта нақты қанша жылға дейін уақытша тіркеуге болатыны көрсетілмепті. Сондықтан, 18-аймаққа тиесілі сары нөмірдегі көлікті әбден тозғанша (көлік иесі оны бастапқы тіркеу не ел аумағынан шығару жөнінде шешім қабылдағанша) жүргізуге болады дейді мамандар.

Ал, автокөлікті тұрақты тіркеуді ұйғарсаңыз, утилизациялық алым мен кедендік айырманы төлеуге тура келеді.

ЖЕКЕ КУӘЛІГІҢІЗ БОЛСА ЖЕТКІЛІКТІ

Иә, елдегі жүргізушілер өзімен бірге тек жеке куәлігін алып жүрсе – болғаны, басқа құжаттар талап етілмейді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжіліс отырысында сөз етті. Яғни, көлік жүргізушісіне барлық құжатты өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ деген норманы енгізуді жоспарлап отыр. Жеке куәлік болса, сонымен МАИ қызметкерінің қолындағы планшет арқылы атына тіркелген көлік барын, сақтандыру полисі қашан аяқталатынын, техникалық бақылаудан қашан өткенін, айыппұлы бар-жоғын толықтай тексере алады. Демек, қат-қабат құжаттарыңызбен, абыр-сабыр боп әмиян ақтарып жатудың қажеті жоқ деген сөз.

– Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінде 6 мың планшет бар. Автокөлікке қатысты мәліметтер базасы интеграцияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тиісті норманы енгізіп, жүргізушіге міндетті түрде құқығын растайтын құжаттарды алып жүру ережесін алып тастағалы жатырмыз. Бұл өзгеріс тек Қазақстан аймағында ғана жарамды. Басқа мемлекеттің аумағына кірген кезде барлық жеке құжат болуы керек. Сонымен қатар, біз планшеттердің бәрін қазір көшедегі видеокамералармен интеграциялап жатырмыз, – дейді министр Ерлан Тұрғымбаев.

САЙМАНДЫ ТЕК ТЕХҚҰЖАТЫҢЫЗБЕН САУДАЛАЙСЫЗ

Енді автокөлік бөлшектері мен саймандары тек қана арнайы дүкендерде сатылуы заңмен бекітіледі. Бұл жайлы да Ішкі істер министрі мәлімдеді. Көлік бөлшектері сияқты бұрын қолданыста болған тұтыну тауарларын қабылдау мен сату саласында бақылау күшейтіледі.

Бас полицейдің сөзінше, ішкі сауда ережелеріне автобазарға барып бөлшек сатпас бұрын, көлік иесін саудагерге машинаның техникалық төлқұжаты мен өзінің жеке куәлігін көрсетуге міндеттейтін және ҚР ӘҚБКнің 204-бабына (Пайдаланылған азықтүліктік емес тауарларды қабылдау және сату туралы заңнаманы бұзу) сатушы мен сатып алушының әкімшілік жауапкершілігін нақтылайтын өзгерістер енгізілетінін атап өтті.

Жаңа норманың қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Дегенмен, бөлшек қабылдайтындарды тауар өткізгендердің құжатындағы мәліметті арнайы журналға тіркеуді талап ететін секілді.

Осылайша көлік саласындағы саудасаттықты қалыпқа келтірмекші. Тек, Заң шеңберінде. Сол арқылы көлік ұрлығының санын азайту көзделген.

КӨЛІКТЕ ШЫЛЫМ ШЕКПЕҢІЗ!

Иә, көлікте шылым шегу шектеледі. Депутаттардың қозғаған мәселесі – бұл. Мәжілістің оң шешімінен кейін құжат Сенат қарауына жіберілді. Тәртіп бойынша жоғарғы палата оны мақұлдаса, Президентке жолданады. Бұған дейін «Жол қозғалысы туралы» Заңды қарастыру барысында олар темекі жүргізушінің ойын бөледі деген желеумен олардың рөлде отырып шылым шегуіне тыйым салмақ болған. Бірақ, ол кезде бұл әңгіме құжат мәтініне енбепті.

Сонымен, Заң шеңберінде көлік ішінде кәмелетке толмаған бала отырса шылым шеккендерге 10-20 АЕК (27 780нен 55 560 теңгеге дейін) айыппұл салуды көздейтін норма қосу қарастырылған.

Қасымхан ҒАЛЫМ