Қарқаралы

Көкпаршылардың жеңісі – аудан мерейі

Ежелден аттың құлағында ойнайтын қазақ баласына ат ойындарының еш жаттығы жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері жанданып, жаңғырып келе жатқан ат ойындары бүгінде зор маңызға ие болуда. Анығында, жер-жерлерде өтетін айтулы жарыстар ұлттық ойындарымызсыз өтпейді. Жақында ХХХ-шы жазғы облыстық «Сарыарқа-2016» спартакиадасына Қарқаралы қа­ласының көкпаршылары қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Халқымыздың ұлттық спорт өнерін дамытып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Қайыржан Дүйсеков бастаған Жаңанегіз ауылының жүректі де білекті көкпаршылары Шет, Жаңаарқа, Нұра, Абай, Бұқар жырау аудандары көкпаршыларынан оқ бойы озық шықты.

Аудан көкпаршыларының мәртебесін көтеріп, облыстық спартакиадаға қатысуына аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрлан Байтуллин мырза мүмкіндік жасады. Ал, осы бір ат спортының қыр-сырын меңгеріп, ауыл азаматтарын ұйымдастырып жүрген ұлттық ат спорты ойындары бойынша спорт шебері Қайыржан Дүйсековпен Қарқаралы командасының құра­мында ұлттық ат спорты ойындарынан спорт шебері Ғалымжан Макенов, спорт шеберлігіне үміт­кер Қанат Рахымбек, Мырзан Түсіпбеков, Селай Жиянхан, сондай-ақ, Әділбек Шаймерденов, Бауыржан Бейбітхан, Дәуіржан Шаймерденов, Болат Омарбаев, Дорвод Жандарбек, Сәдуақас Есентай, Берік Кемпірбаев бар. «Облысымыздың алты ауданының көкпаршыларымен шайқасқа түскен біздің азаматтарымыздың ерен еңбектерінің арқасында келген жеңіс – бұл. Себебі, біз осы ойынға мамыр айынан бастап дайындық жүргізіп келдік. Жаңанегіз, М.Мамыраев, Көктас ауылының ат құлағында ойнайтын көкпаршы жігіттері әр аптаның сенбісінде жиналып, дайындық жүргізумен болдық. Сол дайындық ойындарына 30 серке сойылған екен. Бәрі өзіміздің көкпаршыларымыздың ұйымшылдықтарының арқасында өтті десем орынды болар» дейді команда жетекшісі, спорт шебері Қ.Дүйсеков.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button