Жаңалықтар

Күй-керуен» күмбірлемек күн астында

Туғалы таршылық көрмеген Ахмет байдың қызы Аққыз күйші кезінде күйді жасырынып тартыпты. Домбырасын қап­қа тығып, тезек теріп келем деген сылтаумен тау асып барып, күй тартып қайтады екен. Ақын-күйші, бай-мырза біткенді атып, абақтыға жапқан Кеңес үкіметі кезінде. Қазір тәубе! Азаттықтың арқасында күйіңді тарт, ұлттық мәдениетіңді, елдік санаңды көтер – өз еркіңде. Кеше ғана Қарағанды қаласы, Сұрыптау бекетіндегі Теміржолшылар мәдениет сарайында ашылған «Күй-керуен» шертпе күй орталығы – соның бір мысалы.

Осыған дейін қазақ шертпе күй өнерінің Отаны – Қарағандыда шертпе күй орталығы болмады дегенге кім сеніпті?! ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ашылған шертпе күй орталығы бұдан былай киелі өнерді кеңінен насихаттап, мәртебесін көтеру жолында жұмыс істейді. Орталықтың тізгінін ұстаушы – күйші Қайролла Сәдуақасов ағамыз. Кешегі Қыздарбек, Сембек, Әбди күйшілерден қалған киелі өнерді кейінгіге жеткізуші даңғайыр күйші Дәулетбек Сәдуақасовтың баласы. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Біләл Ысқақов: «Дәукең жеткізген күйлерден ғасырлар бойы қалыптасқан қағыстық өрнектерді, перне басып дыбыс алудың ежелгі канондық қағидаларын анық байқауға болады», – деп баға берген атақты Дәулетбек күйші ғой. Мұнда Қайролла аға өзінен басқа Болат Тәкішев, Қалкен Қасымов сияқты күйшілермен қатар бірқатар руханият жанашырлары барын айтады.

Орталықты ашудағы мақсатымыз – насихаты кемшін қазақ шертпе күйінің табиғатын сақтай отырып, халыққа насихаттау. Шәкірттер тәрбиелеу. Қазірдің өзінде мұнда 4-5 шәкірт жазылып отыр. Мәселен, менің қолымдағы мына домбыра осыдан бір ғасыр бұрын шабылған. Арқадағы атақты Бегімсал Орынбеков, Әбікен Хасеновтердің қолы тиген домбыра. Қазір мұны кез келген дәулескер күйші ала салып тарта алмауы бек мүмкін. Бір пернесінің өзінен қаншама үн, қаншама дыбыс шығады?! Мұны маған сол Бегімсал күйшінің күйеубаласы табыстап кеткен. Ал, осыны айтудағы себебім – көптеген күйлерді хатқа түсіргенде, кейбір қағыстар мен иірімдер нотаға сыймай, кесіліп қала береді. Мана табиғатын сақтау керек дегенім содан, – дейді орталықтың жетекшісі, дәулескер күйші Қайролла Дәулетбекұлы.

Шертпе күй орталығының «Күй-керуен» аталуының да өзіндік себебі бар. 2005 жылы Иманғали Тасмағанбаетов Алматы облысының әкімі болып тұрғанда, «Мәңгілік сарын» жобасы бойынша облыс-облысты аралап «Күй-керуен» фестивалі шыққаны белгілі. Алайда, ол белгілі себептермен біраз тоқырап барып, Дәулетбек Сәдуақасовтың арқасында Шет ауданына келіп біржола дамылдаған. Әке мұрасын ұстаған Қайрекеңнің мұраты осы киелі өнер, қасиетті дәстүрді ең болмаса, өз Отанында гүлдендіру. Қазақ шертпе күйлерінің шертісіне қылау түсірмей жариялау. Кейінірек «Күй-керуен» фестивалі жалғасын тауып, сапарға шығып жатса – нұр үстіне нұр.

Жасыратыны жоқ, күй өнеріне қатысты арнайы шаралар болмаса, қазір бұл тылсымы күшті, тілсіз құдірет сахнадан алыстап бара жатыр. Осыны ескерген қазақ өнерінің жанашырлары мен бір топ азаматтар «Күй-керуен» шертпе күй орталығының ашылу салтанатына келіпті. Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Әбдуов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Қадыр Төлеуқадырұлы, Теміржолшылар мәдениет сарайының директоры Серік Бейсенбайұлы, тарихшы, жазушы Мұхаметқали Баймұқанов, күйші Зәрубай Сүйіндіков қатысып, өз ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button