Көңілге сенім ұялатты

Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған жұқпалы дерттің Қазақстанда да тіркелуі көңілге күмән ұялатқаны анық. Соған орай, мемлекет тарапынан тиянақты шаралар іске асырылар тұста, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдаған үндеуі үлкен қолдау болды.

Өз үндеуінде Тұңғыш Президент осы індетпен күресуде «бір жағадан – бас, бір жеңнен — қол» шығарудың маңыздылығына айрықша наазар аударды.

Күн санап «өрісі» кеңейіп, шетелдердегі құрбандар саны артып келе жатқанда қауымдаса қарекет жасау жайын сөз етті Елбасы.

Қазақ – қашанда сөзге, оның астарындағы ойға мән берген ел. Расымен, ел қамын ойлаған Нұрсұлтан Әбішұлының бірлікке шақырған сөзі халықтың қамын ойлап, қамқорлық танытудың ересен үлгісін сездірді. Сол арқылы ниеті түзу қалың қауымның көкейіндегісін дөп басты. «…Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс… Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі», – дегені көңілге сенім ұялатты.

«Бірлік барда – тірлік бар». Тілегіміз – халықтың кұмән-күдікке бой алдырмай, уақыттың өзі туындатқан талап үдесінен шығып, бірлесе әрекет етуі. Сол арқылы еш алаңсыз кешер мамыражай тірлікке жылдамырақ жетеріміз анық.

 

Айдос ҒАЛЫМОВ,

қазақ күресінен әлем чемпионы.